Қазақстанның ашық кітапханасы
26
тұрған өнер болса, әрбір артисте әшейіндегі қалпынан, әдеттегі шегінен шығып кетіп, өзге
шын бір адамға ұқсайтын өзіне хас әдет-мінезі бар, қайта туғандай алуаны бөлек адам
болу керек. Бұл жолда артист әдеттегі өз қалпына ұқсамау керек. Танымастық болып
құбыла білу керек. Құбылыс бетте, денеде ғана емес. Жүректен, тереңнен шыққан
толқындай болып келсе, нағыз бойды жеңген шындығы және айғызымен айқынданып
шығу керек. Артист те ақын. Артист жыны келген бақсы есепті. Ақынша жүрек күйінен
құбылып, бақсыша пішіні суып, шұғыл құбылыстарға тез ойнақтап ауысып шығып отыру
шарт.
Осы күйлерді әрбір артист өзіне ғана қас болған ерекшелікпен шығару керек. Сонда ол
ешкімге ұқсамайды да, оған ешкім ұқсай алмайтын болады. Бұл өзгешелік оның туыстан
ала келген өзгешелігі сияқты — өнерінің өзгешелігі.
Осы шартқа үйлесуге шамасы жеткен артист болса, ол шын өнер иесі де, түр тапқан,
қалыптанған артист болмақшы.
Егер артистің жекелік пішіні болмай, біріне-бірі ұқсап, я болмаса бәрі қиылып бір
үйретушінің ғана қалпынан соғылып, сол қалыппен таңбасын жоғалта алмай тұрса, ол
өспегені, иә болмаса артистің өнерсіздігі.
Біздің труппаның бүгінгі қалпына келгенде, осы екі жайдың қайсысы басымырақ?
Әрине, әдейі труппа деп сөйлегенде, бүгінгі сахнаға шығып жүргендердің бәрі бірдей
бастан-аяқ таланты ашылған, қалыптанған артист деп айтуға болмайды. Араларында
сахнаның оқшау қызметкерлері, қосалқы болып жүрген кірмелері де бар. Әңгіме бұлар
жайында емес. Түбегейлі қазақ сахнасының қызметкерлері болуға дайындығы бар азғана
топ бар. Сөз солар жайында болу керек. Бұлардың саны 7—8. Жаңағы айтылған екі саты
басқышқа осыларды әкеп салыстырып байқасақ, төменгісінің шегінен бірен-сараны
болмаса, көпшілігі өткен сияқты. Бірақ алдыңғыға толып жетіп болғаны да жоқ. Жаңа
қалыптанып, өз орнын жаңада ғана дұрыстап тәрбиелей бастаған, мөлшеріне қарай
көпшілігі бүгін болмаса ертең көңілдегідей шын мағыналы өнер иесінің үлгісін береді
деген үміт зор.
Ең әуелі артистердің әрбір ойнап жүрген пьесаларынан өздеріне төл ат сияқты қып алған
меншікті типтері туғызып алған маңдай ойыншылар бар. Жалпы жайлары осындай
болғандықтан, жеке артистің өз атына мініп, өркештеніп шығатын ойындарын түгел
көрмей жеке-жеке сындарын толық айтуға болмайды.
Мен «Арқалықты», «Айшаны» ғана ойнағандарын барып көрдім. Бұл екі пьесаның ішінде,
әсіресе, «Арқалық» қазақ ойыншыларының күшін өзінше, өз қалпына қарай екшеп,
бірнеше ойыншыны барынша ажарландырып көрсететін болыпты.
Осы ретте өзге көп ойыншы тобынан жеке-дара болып шығатын Қара шешен роліндегі
Серке, Арқалық ролінде Абылқай, Әжіхан роліндегі Қалыбек. Онан соң ұсақ рольдермен
шығатын, бірақ алғанының тағы қайсысын болса да біріне-бірін ұқсатпай, көңілдегідей
құбылып ойнайтын Елубай. Бұл «Арқалық» ішіндегі көп рольдерінің барлығынан
диуананы әсіресе келістіріп ойнайды.
Осы айтылғандардың қайсысы болса да сыртқы ғана қозғалыс, бет құбылысымен ғана
ойнамайды. Бәрін де шын толқынған жүрекпен ойнайтыны даусыз сияқты.
Өз ролінде әрқайсысы да сахнада сезім өмірін бастарынан толық кешіріп, көрушіге де
солай түсіндіреді. Көрушіні еріксіз мойындатып, бағындырып алып, қошеметпен
күлдіруге де, бас шұлғытуға да жарайды.