Қазақстанның ашық кітапханасы
269
Осы айтқандар сияқты, Алатауды, Алтайды мекен еткен қазақтардың арғы-бергі ірі ақын,
шешендерінің ауызша тараған сан шығармалары, айтыстары Абайға жетпей қойған жоқ.
Көп сөздерін Абай аса жақсы білген Түбек ақынның өзі-ақ, Абаймен көршілес, іргелес
Сыбаннан шығып, Алатауға келіп, Сүйінбай, Жамбылдармен жарыс, айтыстарға түсіп
жүргені мәлім емес пе?
Міне, осы мысалдардың бәріне қарағанда, Шығыс Қазақстанның жергілікті халқы сөйлеп
жүрген салттық сөздерден көп нәр, қор алудың үстіне, Абай жаңағыдай өз халқының сан
тараптан келіп жатқан ауызша әдебиеттік қазынасынан да күмәнсіз, даусыз, мол азық, нәр
алғаны анық.
Әрине, бар қазақ даласының бірінен-бірі алыс, шалғай жатқан облыстарының бәріндегі
сөздік ерекшеліктер, жергілікті тіл басқашалықтары, ол замандағы қазақ әдебиетін ауызша
да, жазба да тудырған ақындардың бәріне бірдей түгел қорымен мәлім болған жоқ. Қазақ
халқының социалист ұлт дәрежесі қалпына келген заманында ғана халықтың барлық мол
тіл қоры, өздерінің әр алуан сөздік ерекшеліктерімен, байлықтарымен Октябрьден кейін
ғана тұтасып, тоғысты. Бұл жайындағы пікірді біздің советтік социалистік әдебиетіміздегі
әдебиеттік тіл жайын айтқанда кеңірек сөз қыламыз. Әзірше, Абай қалдырған әдебиеттік
тіл жөнінен қорыта келе айтарымыз, ол әдебиет тілін бастаушы ғана емес, өзінен бұрынғы
әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында әсіре, байыта, сұрыптай түскен классик деп
білеміз. Және сол жолда өз дәуірінің мүмкіншілігіне қарай, шамасынша қазақ әдебиет
тілін жасауда, белгілі дәрежеде Қазақстанның көп өлкесінің тіл қазыналығын кеңінен
пайдаланып, халықтық әдебиет тілін биік белге шығара түскен ақын дейміз.
Әрине, Абай сөздігінен біздің заманымызда ескіріп қалып қойған сөздер де бар, бірталай
сөздердің мағынасы өзгеріп, жаңғырып пайдаланатын болғаны да даусыз.
Енді қазақтың әдеби тілінің негізін салушы Абай, Ыбырай деуші жолдастар пікірінің тағы
бір терістік жағын айта кетелік.
Бұл ақындар тұсындағы қазақтың тілі, жазу-сызу өнері жаңа ғана кірген тіл қалпында еді.
Мүлде жазуы жоқ ел емес болса да, қазақ тілі ол кезде жазба өнері жас
(младописьменный) халық еді. Бұл елдің мәдениет тарихының ырысына қарай Ыбырай,
Абайлар шықты. Олар халық тілін әдебиеттік жаңа сапаға өсіре түсушілер болды. Бірақ
бүгінгі біздің Одақтағы бауырлас ұлттардың бір топтарын алсақ, олар арасында мүлде
жазу-сызу болмастан - ақ революцияға жеткендері бар. Бірақ соларда өткен көп ғасырлар
тарихтарының бойында ауызша әдебиет бай болып келіп еді. Олай болса, солардың Абай,
Ыбырай сияқты жазушы ақындары болмағандықтан әдебиет тілі мүлде болмады деуге
бола ма?
Анығында, оларда да өзгеше бай шебер, орамды халықтық тіл қоры болғандығы даусыз
ғой. Рас, қазақтағы сияқты ол тілдерде бақташылық, аңшылық немесе балықшылық
сияқты кәсіптерге байланысты және салттық сөзге бай, мол қорлар болумен қатар, ғылым,
техника, философия, социология сияқты сөздіктеріндей ұғымдар, атаулар болмаған. Бірақ
қазір революциядан бері қарай, сол елдер өнерлене бастағанда, аз заман ішінде, әдебиеттік
тілдерге жаңағы соңғы аталған атау сөздіктерді қосумен қатар, бұрынғы тіл қорына
сүйеніп, толысып туып отырған жоқ па!
Революциядан бұрын өз жазуы болмаған қырғыз, бурят, якут, хакас елдерінде көркем
әдебиет қандай шарықтап өсті! Орыстың ұлы классиктері: Пушкин, Толстой, Горький
шығармалары сол елдердің тілдеріне мейлінше қонымды, көркем күйде аударылып
отырған жоқ па! Әсіресе, сол елдердің тілдеріне адамзаттық ең жоғары сапалы, мазмұны