Page 268 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
268
Осы сұрақтардың бәрі де тіл ғалымдарының, әдебиетшілердің ойланып, ойласа кеңесіп
жауап беретін, түйінді мәселелері. Осымен қатар, қазақтың революциядан бұрынғы
әдебиет тілін өзінше белгілеп жүрген кейбір жолдастардың тағы бір пікіріне күмән жасап,
дау айтуға тура келеді.
Ол жолдастар "қазақтың әдебиет тілі солтүстік-шығыс Қазақстанда, Алтынсарин мен
Абайдың жазушылық, шығармалық мұраларымен жалғас қалыптанды" - дейді. Бұл ретте,
Абайдың сөздігі мен әдебиеттік тіл жасаған ізденулерін, табыстарын алсақ, ол тек Шығыс
Қазақстан тілімен жазды деу, біздіңше, жеткіліксіз, дәлелсіз. Рас, Абайдың салттағы
сөйлеу тілін өзі өмір кешкен қазақ өлкесінің сөздік үлгісінен алғаны даусыз. Бірақ классик
жазушы Абай өзінің сөз қорын сол өзі жүрген ортадан ғана, ауызша сөйлеп жүрген
салттық сөздерден ғана құрады десек, бұл пікір дұрыс болмас еді. Абай бүкіл қазақ
халқының арғы-бергі заманда ауыз әдебиет үлгісінде тудырған шығармаларын: мақал-
мәтелдерінің, ертегі-аңыздарының, үлкенді-кішілі дастандарының қазынасын да білді.
Жазба күйде жетпесе де, ауызша айтылып жыраққа тарап жатқан шешендік сөздердің,
айтыс-тартыстардың және өзінен бұрынғы, өзімен тұстас әлденеше жеке ақындардың да
шығармаларын көптен-көп естіп, ұғынып, жадында тұтып, қолданып өсті.
Осы ретте, Көкбайдың айтуынан есте қалған бір жайды айта кетейік. Бір шақта Көкбай
Абайдан: "Осы қазақ халқының сіз білгендегі ең ірі ақыны кім?" - деп сұрапты. Сонда
Абай: "Қазақта Марабайдан артық ақынды мен білген емен", - деп, соның дәлеліне өзі
білген "Тарғын" жырынан мысал келтіріпті:
Кілегей қара бұлтпын,
Келе де жаумай ашылман.
Мен - атадан кескекті туған аюмын,
Кескілеспей басылман!
Алдыңа кеп тұрмын деп,
Дұшпаным, саған бас ұрман, -
деген жолдарды айтады да, "өзім білген қазақта дәл осындай сөз аузынан шыққан жанды
көргем жоқ" дейді.
Марабай - осы күнгі Батыс Қазақстанның Шыңғырлау ауданынан шыққан ақын. Сондай-
ақ Абай "Қыз Жібек", "Айман - Шолпан", "Алпамыс" жырларын білмеді деуге, ол
жырлардағы Сыр мен Қыр, Орал мен Алтай қазақтарына тән ерекшеліктерді сезбеді деуге
болмайды. Бұның үстіне, Абайдың өзі аттарын атап, шеней сынап өтетін: Бұқар,
Шортанбай, Дулаттарды алсақ, олар да кең Қазақстанның қай-қай жерлерінде болмаған!
Бұхар - Арқадан шығып, Абылаймен бірге Түркістанға шейін кезген, ұзақ өмір кешкен
ақын. Сондықтан да бір толғауында:
Қарағай — судан қашып,
Шөлге шыққан бір дарақ.
Шортан - шөлге шыдамсыз,
Балықтағы бір қарақ, -
дейді. Осындағы "дарақ" деген сөз Арқадағы қазақ айтатын сөз емес. Оңтүстік, Сыр
қазағы айтатын өзбек, иран тілінен ауысқан "дарахт" (ағаш деген сөз). Ендеше, Бұхардың
да тілі, сөздігі қазақтың көп жерінің көп қорынан құралған болу керек.
Абайдың тағы бір атаған ақыны - Шортанбайды алсақ, оның да Қыр мен Сырдың арасын
ұдайы сыдыра кезіп жүрген ақын екені өмірбаянынан да, діншілдік - мистикалық салт -
санасынан да мәлім.