Қазақстанның ашық кітапханасы
267
схоластика медреселер тәрбиесінен шыққан халфе, хазірет, молдалар жаргоны болатын.
Олар Абай тұсында, дін - исламның ықпалына тартып және "түркі" деген тілді
пантуркистік саясатының құралы етуге әрекет жасады. Бәрінің жиын саясаттық бағыты
біреу болатын, ол - Россиядан, орыс халқы мәдениетінен, қазақ сияқты елдерді аулақ,
жырақ етіп ұстаудың шарасы еді. Түп мақсаттары империалистік Англия қолданған
отаршылдық бағытқа жәрдемдескен, қанаушы таптың халыққа жат, залалды
идеологиясының бағыты еді.
Панисламист, пантуркистердің тіл жөніндегі және саясаттық талабы кейін шыққан
буржуазиялық ұлтшылдар бағытымен астарлас, астас болатын. Араб, иран тілінен кірген
жаргондық сөздер мен сөйлемдер Абайдың алдында, оның тұсында да, мол жайылып келе
жатқан-ды. Ең алғаш шәкірт - ақын шағында, Абайдың өзі де идея жағынан бағынбаса да,
өлеңдік сыртқы түр, тіл жағынан сол жаргондық сөздерге әуестеніп, еліктеп жазып
жүретін болған. Бірақ, бері келе Абай бұл аламыш тілдің керексіз шұбарлығынан
арылады.
Хат жаздым "Әзірет Әлі айдаһарсыз",
Бізде жоқ"алтын иек, сары ала қыз", -
деген сияқты өлеңдерінде Абай шығыстық, діншілдік мазмұннан жиреніп қана қоймайды,
өзі тұстас кітапшыл ақындардың араб, парсы сөздерінен құрап, әр алуан асылдарды сол
тілдермен атап, өлең тілін шұбарлағанын да, "сары ала" бояумен баттастырғанын да
шенеп, сынап отыр.
Абай өзіндік көркем шығармаларын жазғанда, халқының өз тілімен жазды. Бар қасиетті,
қадірлі нәрді, ажар кестені, толық сипатты өз халқының тілінен табады. Бұл Абайдың
өзгешелік, ірілік, классиктік сипаты еді.
Бірақ, енді осымен қатар, біздің тіл зерттеуші ғалымдарымыздың көбіне ортақ бір пікірге
дау айтамыз. Ол -"қазақтың әдебиет тілі Абайдан басталады" деген қорытындылары.
Сталин жолдас: "Ал тіл, керісінше, талай заманның жемісі болып табылады, тіл сол
замандар бойына қалыптасады, байиды, дамиды, сұрыпталады" - дейді.
Ал әдебиет тілін алсақ, халықтың әдебиетке түсіп қалыптанған тілі. Әдебиеттенген тіл де
халықтың тілі. Бұлай болғанда, әдеби тіл бір дәуірдің бір-ақ жазушысымен бірге туып
қана қоймайды. Сталин жолдас Пушкин тілінің ерекше қазыналық қасиетін айтумен қатар,
Ломоносов, Радищево, Жуковский, Карамзин, Крылов тұсында немесе орыстың арғы алыс
ғасырлардан келе жатқан ауыз әдебиеттік, асыл мұраларында орыстың әдебиеттік тілінің
белгілері, өсу үлгілері, қалыптануы, сұрыпталуы болмады деп айтпайды. Орыстың
әдебиет тілі тек Пушкиннен басталады деп те айтқан жоқ.
Осы жайды ойласақ, Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол
эпостарындағы, ұзынды - қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең
үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Оларда, немесе XVIII ғасырда көпке жайылған
жырлар тудырған Бұхарда, XIX ғасыр басында асыл, әсем бай тілмен халықтық асқақ,
ескек жырлар тудырған Махамбетте қазақтың әдебиеттік тілінің үлгі, өрнектері жоқ деуге
бола ма? Әсіресе, Октябрь революциясынан бұрын, қазақтың барлық өлкелеріндегі тіл
байлықтары тұтасып қосылып, біріккен ортақ мол қазына болмай тұрған кезінде, ақындық
еңбек еткен Абайдың шығармалары әдебиет тілінің түгел негізін құра қойды деуге сыя
ма?