Қазақстанның ашық кітапханасы
266
Осындайлық жан-жақты іздену, еңбектену нәтижесінде заманындағы барлық орыс
қауымы қолданған тіл қорын қағаз жүзіне, көркем еңбек шеңберіне сіңіре білді.
Сондықтан да Сталин жолдас Пушкинді Россияның тіл мәдениет тарихынан екшеп алып
отыр. Және бір Пушкин, орыс тілі үшін ғана емес, біздің ойымызша, осы алуандас өзге
елдер тарихындағы классиктерді орнымен бағалаудың өлшеу мөлшері есебінде Пушкинді
әдейі талғап алған тәрізді. Пушкиннің сондайлық өрен озғын өзгешеліктерін еске ала
отырып, соған қарайлас келетін өзгешелік қасиеттері бар, бір топ туысқан елдер
классиктерін де салыстыруымызға болады. Бұл қатарда біз Шевченко, Церетели,
Чавчавадзе, Налбандян, Абовян, Ахундов, Хетагуров, Абай, Банзаров, Тоқай сияқты
жазушыларды еске аламыз.
Осы аталған туысқан елдер классиктеріне жалпы алғанда, шартты түрде, Сталин
жолдастың Пушкинге арнап айтқан пікірлерін қолдануға болады. Мысалы, қазақта
Абайды алсақ, оның тіл жүйесі, грамматикасы, негізгі сөздік қоры біздің бүгінгі
қауымымыз сөйлеп жүрген тілдің өзі болады. Осындай жайды жоғарыда аталған, барлық
классик жазушылардың өз елдерінің бүгінгі тілдерімен нық байланысты деп айтуға
болады. Шартты түрде болса да, оларды Пушкинге ұқсас қасиеттерге ие болған
классиктер дейміз. Бәрі де өз елінің әдеби тілін халық тілі негізіне сүйене отырып,
күшейткен, көркейткен, ұлы еңбек еткен жазушылар. Олардың бәрінің де соңынан
халықтарының әдебиет тілі - әдебиеттенген халық тілі болды. Бұлардың барлығы да өз
елдерінің тіл қорын жақсы білген, зор талантты классиктер болғандықтан, халық
тілдерінің классиктерін шығармаларына молынан енгізген жазушылар.
Бірақ, сонымен қатар, айтатын бір ескерту: осылардың көпшілігі өз халықтарының
тілдеріне кемел болса да, мол шығармалар жазып, Пушкиндей көп мұралар қалдырған
емес. Және көбі өз халықтарының мәдениеті Пушкин тұсындағы орыс халқының
мәдениетіне жетпеген кезде шыққан жазушылар. Пушкинмен салыстырғанда, бұлардың
бірталай ұқсастығын айтсақ та, "теңдес орында емес еді" деп, бұл жайды баса ескертеміз.
Сталин жолдастың Пушкиннің тіл мұрасы жөнінде айтқандарын, шартты түрде, Абайдың
тіл мұрасына да қолдануға болады дедік. Шартты түрде дегеніміз, Абай шығармаларында
қазақ тілінің байлығы бар қалпында, Пушкин шығармаларына орыс тілінің байлығы
кіргендей болған жоқ. Абай шығармаларының көлемі аз және әдебиеттің бір жанрында,
көбінше поэзия саласында жазғандығынан және де көлемі шағын шығармалар шеңберінде
Абай өзі білген қазақ тілінің де барлық қорын түгел пайдалана алған жоқ. Рас, оның
шығармаларының тілінде халықтық қордың ең асыл, көрікті, мән-мазмұнды қасиеттері
шамасынша қамтылғаны анық. Егер, Абай поэзиясымен қоса, қалың роман тәрізді,
повесть сияқты, не драматургия сияқты үлгілерде көп жазған болса, өз халқының сол
замандағы салттық сөздерінен, тілдерінен де көп сөздіктер кіргізген болар еді. Халықтың
салттық сөздерін молынан пайдалануда драматургия жанрының да орны ерекше. Шекспир
сөздігіндегі төл сөздің саны 18 мыңға жетуі - саны көп, сапасы зор неше алуан драмалық
шығармаларды туғызғандықтан.
Осы жайларды ескерумен қатар, Абайдың қазақ әдебиет тілін жасаудағы екі ірі
ерекшелігін атап өту қажет. Ең әуелі, Абай қазақтың халықтық, салттық және өзінен
бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген шебер сөздік қорынан мол пайдаланып, халықтың
әдебиеттік тілін қалай жасаудың жолын көрсетті. Екінші, қазақ қоғамының ортасында,
Абай заманында жаргон есебінде кіре бастаған бөтен елдер сөздері бар еді. Ол мәдениетте
кейін қалған реакциялық, діншілдік бағыттағы пантуркистік, панисләмистік түрінде
қазақтың жазба тіліне араласа бастаған араб, иран сөздері болатын. Бұлар кітапшылаған,
молда сүрей ақындар қолданған, жазба әдебиетке кіре бастаған, үстем тап қолданған
жаргон сөздігі болатын. Меккеден, Бұхардан, Стамбулдан, Қазаннан шыққан ишан, имам,