Қазақстанның ашық кітапханасы
262
грамматикалық өзгеше құрылыстарына қарап айырмайды, тек сол өлкелердегі сөздіктер
айырмыстарын ғана айтады. Бұл, біздіңше, диалектік айырмыс емес, сөздік қордың
айырмысы әдебиеттік тілі тұтасып, бірыңғай боп қалыптасқан орыс тілінде де бар.
Айтайық, Сібірдің орыстары мен Кубанның, Донның, немесе теңіз жағасындағы солтүстік
облыстардағы орыс халқының жергілікті сөз өзгешеліктері көп кездеседі. Одессаның
тұрғындары қолданып жүрген орыс тілінде де әдебиеттік тілге кірмей жүрген көп жеке
сөздіктер бар еді. Бірақ соған қарап, орыс әдебиет тілін тексеретін ғалымдар Сібір
диалекті, Кубань, Дон диалекті, Архангельскі, Онега диалекті, немесе Одесса диалекті
деген топтарды жасамайды, жіктемейді.
Қазақта да бір облыс пен бір облыс арасындағы сөздік айырмыстарды - диалект деп, оның
ішінен, кей жолдастардың айтуынша, оңтүстік пен шығыс қазақтарының тілін "қазақтың
әдебиет тілінің негізі" деп, өзге батыс, Алатау, Сыр өлкелеріндегі қалың қазақ елдері
қолданатын сөздерді "диалект" деп атау және сол сөздерді "әдебиет тіліне қолдану дұрыс
емес" дейтін пікірдің барлығын біз ұшқары, орынсыз байлау деп білеміз.
Әлі біздің әдебиеттік тіліміз қазақ тілінің бүгінгі барлық қорын жазба бетіне түсіріп
болмаған заманда, жазушы да, әсіресе қазақ тіліне өздері шорқақ тіл мамандары да біліп
болмаған, баурап алмаған тіл қасиеттері, сөздік байлықтары Қазақстанның барлық
облыстары мен аудандарында мол боп жатқан шақта, жаңағыдай байлау жасау әсіресе
орынсыз.
Алатау, Сыр, Жайық, Атырау өлкелерінде бір ауыл емес, немесе аудан ғана емес, бұл
күнге дейін кем дегенде бір облыс, немесе бірнеше облыс қазағы қолданып келген сөздер
болады екен. Ендеше, көпшілік халқымыз тұтынып келген, әдебиетке түспей жүрген
ондай тың сөздерден жатырқап, бой тарту, бір жағынан, халық тіліне жасаған зорлық,
екінші жағынан, бар қазақ тілін білмей, баурап алмай тұрып, бұлайша паңдық ету -
қыңырлық пен астамдық. Кекірік ататын кез емес. Қазақ әдебиет тілі енді ғана бүкіл
халықтық әдебиет тілі боп келе жатқан дәуірде "анау лайықты сөз, қабыл алынады, мынау
диалект, бұны қолдану орынсыз" деушілер тіл баюына жәрдем етпей, шалағайлық етеді.
Халық көпшілігі бір өлкеде сөйлеп жүрген сөзді алғызбай, "анау сөз балғын, мынау сөз
қалғын" деп омырау жасау, өздері зерттеп, еңбек етіп жүрген тілінің қадірін түсінбеу -
мезгілсіз солақайлық.
Орыс халқының әдебиет тілі қалыптану жолындағы іздену мен табыстарды ойласақ,
бұрынғы ғасырларда және совет дәуірінде сондай жергілікті сөздердің халықтық, қадірлі
үлгілерінің барлығы барынша әдебиет тіліне араласып болған деуге болады. Кейде, бар
байлығын меңгеріп болған көркем әдебиет тіліне тың сөз қосамын деп, Россияның
әлдеқандай азғантай бір түпкірінде, кішкентай болымсыз топ қолданатын ғана, халыққа
түсініксіз және қонымсыз сөздерді қолдануды A.M.Горький сынаған еді.
Біздің тілдің өсуімен халықтың барлық қасиетті қорын қамтуы әлі де ол дәрежеге жетуден
жырақ жатыр. Біз қазақ мекендеген өлкенің бәрінің сөздігі қосыла табыссын дегенде,
әлдеқандай азғантай ғана топ қолданатын, Горький сынағандай өте оқшау, өрескел сөзді
айтып отырғанымыз жоқ. Кемінде бір аудан, немесе облыс қолданып отырған сөздіктерді
айтамыз. Мұндай сөздер әдебиет тіліне кіріп, барлық қазақстандық әдебиет тіліміздің
мүлік - мұрасы болу керек дейміз. Осындай жайларды айта келе, тіл жүйесін тексеріп
жүрген мамандарымыздың көпшілігі қазақтың әдебиеттік тіліне кіретін байлығы мен
мүмкіншілігін түгел білмейтініне қарынымыз ашады.
Біздегі тіл ғылымындағы, әдебиет тіліне байланысты, олқылықтың тағы бір алуаны -
пунктуация мәселесінде. Әсіресе құрмалас сөйлемдерді қолдануда, оны жасауда
пунктуацияның орны өзгеше. Сондықтан да Пушкин мұрасын зерттеуші мамандар