Қазақстанның ашық кітапханасы
258
Әдебиет тілін айтқанда, қазақтың совет жазушыларының, ақындарының тілі жөніндегі
мәселе ең үлкен орын алатын нағыз бас мәселенің өзі екенінде шәк жоқ. Бүгінгі қазақ
совет жазушыларының әзірлік сатыларын, тәрбиелерін алсақ, жазушылық еңбегіне мұның
барлығы да мектеп арқылы келген. Бұлардың арасындағы сәл айырмыс болса, кейбірі
барлық оқу білім тәрбиесін тек орыс (бастауыш, орта, жоғарғы дәрежелі) мектептерінен
алды. Кейбіреулері қазақтық советтік мектептері арқылы әдебиетке келді. Сөйтіп, бүгінгі
бар буын жазушылар үлгіні ұлы орыс әдебиетінен алып келген болады. Бірі орыс тілін
көбірек, бірі кемірек білсе де, тым құрығанда, оқып отырғанда орыс кітабын молынан
ұғынбайтын қазақ жазушысы бұл күнде жоқ деуге болады.
Тіпті бұл жазушылардың көпшілігін екі тілді жазушы деп атауға келеді. Олардың өз туған
тілінен басқа, екінші ана тілдері және бар. Ол –орыс тілі. Көркем шығармалық еңбекті
қазақ тілінде жазғанмен, олар дүние жүзі әдебиетін орыс тілінде оқып таниды. Сол себепті
әрбір қазақ совет жазушысының ойында, сезім тілінде, сөйлеу, теңеу, сөз асылын
сұрыптау дәстүр, машығында сол орыс кітабынан келген әсерлердің әр алуан түрде, аса
мол болатынын ескермеуге болмайды.
Совет жазушыларының ендігі бір қазақ әдебиет тілін жасаудағы іздену жаңалықтары -
сөйлем құраумен, синтаксиспен байланысты. Ол - әсіресе проза, драматургия жағында
молырақ ұшырасатын өзгешеліктер. Біздің жазушылар орыс көркем әдебиетінен құрмалас
сөйлем құрудың үлгісін де алады және алуға тиіс. Орыс халқының көркем әдебиет
тарихында Н.В.Гоголь кіргізген құрмалас сөйлемдердің мәдениеттік, тарихтық орны
өзгеше болған. Философияда, социологияда, саясатта В.И.Ленин мен И.В.Сталиннің
еңбектерінде әйгілі қысқа сөйлемдермен қатар кездесетін сол құрмалас сөйлемдердің
құрылысы әдебиет тілінің қандайлық өнерін, өрісін танытады!
Ой кенеулі, терең толғаулы болу үстіне, шеберленіп ұстарған, өнерленген тілдің ұғымды,
мөлдір айқындығы, орамдылығы және үлкен келісімімен сүйсіндіріп отырады. Көркем
әдебиетте құрмалас сөйлем мәдениетін орынды, келісті етіп кіргізу, қазақ әдебиет тілінің
ендігі өсу сатысындағы өнімді ізденудің бір түрі болуында дау жоқ.
Ал бізде әдебиет шығармаларының тілін сөз ету ғылымдық дәрежеге жетпей келеді.
Әдебиет тарихшылары да бұл мәселеге жете бойлап, нақтылы ғылымдық тексерулер
жасап жүрген жоқ. Тіл мамандарының көбі де қазақ әдебиет тілінің совет жазушылар
еңбегіндегі осы жаңа үлгіде сөйлем құрау ізденулерін, жаңалықтарын, табыстар мен
олқылықтарын іздестіру проблемасы етіп қамти алмай келеді. Бұл жолда алғашқы зерттеу,
талдау жұмысын бастап келе жатқан тек профессор Сауранбаев. Ол өзінің соңғы
зерттеуінде Сәбиттің, Ғабиттің, Мұхтардың синтаксистерін талдауды айрықша тақырып
етіп ала бастағанын аңғартты. Бұл - істің басы ғана. Бірақ, жалпы тілшілердің сөйлем
жайын зерттеген көп еңбектеріне қарасақ, совет әдебиетінде дамып келе жатқан әдебиет
тілінің сөйлемдік өзгешеліктерін аса саяз, формальды түрде ғана қамтиды.
Қай шығарманың қандайлық жаңалық өзгешеліктерінде табыстық, сонылық белгі бар?
Қай жазушының қандай шығармаларында жетіспеген олқылық, шалағайлықтар бар? Бұл
туралы тіл ғалымдарымыз ғылым тұрғысынан қарап, түйінді, қорытынды пікірлерді әлі
күнге дейін айта алмай жүр. Көпшілік сындар мен тілшілер тексеруінде "жақсы тіл" деп,
қысқа сөйлеммен ғана қалыптанған тексттерді жедел мақтағыштық жиі кездеседі. Әрине,
қысқа сөйлемнен құралған мөлдір, түсінікті, жеңіл құрылыстар кейбір жазушылардың
қасиеті екені рас. Бірақ бар жақсылық осында ғана десек, ол орынсыз. Әдебиет тілі неше
алуан үлгіде, өрнекте дамып көркейеді. Сонда, орыс әдебиетінің ұлы мәдениетінен келетін
құрмалас сөйлем құрылыстарын ойдағыдай баурап, қазақ әдебиет тілінің ендігі үлгісінің
бірі етіп сіңіре білу де табыстың олқысы болмасқа керек.