Page 257 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
257
сөздік үлгісінен алғаны даусыз. Егер Абайдай классик жазушы өзінің сөз қорын сол өзі
жүрген ортадан ғана, ауызша сөйлеп жүрген салттық сөздерден ғана құрады десек, бұл
пікір дұрыс болар еді. Бірақ, Абай сол қорды пайдаланумен қатар, бүкіл қазақ халқының
арғы-бергі заманда ауызша әдебиет үлгісінде тудырған шығармаларының: мақал-
мәтелдерінің, ертегі, аңыздарының үлкенді-кішілі қазынасын да білді. Жазба күйде
жетпесе де, ауызша айтылып, жыраққа тарап жатқан шешендік сөздердің, айтыс-
тартыстардың және өзінен бұрынғы, өзімен тұстас әлденеше жеке ақындардың да
шығармаларын көптен-көп есітіп, ұғынып, жадына тұтып қолданғандығы жөнінде толып
жатқан даусыз дәлелдер бар. Сондықтан ол әдебиет тілін бастаушы ғана емес, өзінен
бұрынғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында өсіре, байыта, сұрыптай түскен
және өз шама-шарқынша қазақ әдебиет тілін жасауда белгілі дәрежеде Қазақстанның көп
өлкесінің тіл қазыналығын кеңінен пайдаланып, халықтың әдебиет тілін биік белге
шығара түскен классик ақын дейміз.
Әрине, бұл тұста да Сталин жолдастың Пушкин турасында айтқан пікірі бойынша, Абай
сөздігінен біздің заманымызда ескіріп, қалып қойған сөздер де бар, бірталай сөздердің
мағынасы өзгеріп, жаңғырып пайдаланатын болғаны да бар дейміз. Ал қазақтың әдебиет
тілінің негізін салушы Абай, Ыбырай деуші жолдастар пікірінің тағы бір терістік жағын
айта кету шарт.
Бұл ақындар тұсындағы қазақтың тілі, жазу-сызу өнері жаңа ғана кірген тіл қалпында еді.
Мүлде жазуы жоқ ел болмаса да, қазақ тілі, ол кезде жазба өнері жас (младописьменный)
халық елі. Бірақ бүгінгі біздің Одақтағы бауырлас ұлттардың бір топтарын алсақ, олар
арасында мүлде жазу - сызу болмастан - ақ революцияға жеткендері бар. Ал соларда өткен
көп ғасырлар тарихтарының бойында ауызша әдебиет бай болып келіп еді. Енді олардың
Абай, Ыбырай сияқты жазушы, ақындары болмағандықтан әдебиет тілі мүлде болмады
деуге бола ма? Әрине, болмайды. Революциядан бұрын өз жазуы болмаған Қырғыз, бурят,
якут, хакас елдерінде көркем әдебиет қандай шарықтап өсті! Ал бұл Абай, Ыбырайы
болмаған қазаққа ұқсас елдерде де әдебиет тілінің үлгісі мен іргесі анық болғандығын
аңғартпай ма?
Енді осы айтылғандарға жалғас, қазақ әдебиет тілінің Абайдан кейін өсіп, өнген
кезеңдерін, жолдарын, бүгінгі жеткен шамасын алып сөз қозғағанда, қазақ әдебиет тілінің
шынайы қалыптасқан, халық әдебиет тілі болған дәуірі қайсы десек, ол, әрине,
социалистік революцияның дәуірі, біздің анық халықтық совет әдебиетіміздің туып, өсіп,
дамып келе жатқан дәуірі. Бұл дәурен әдебиеттің толып жатқан өзгеше мазмұн, идеялық
молдық, кеңдігін былай қойғанда, Абай заманынан мүлде басқаша сапасы, біздің
жаңғырып жасаған халқымыздың социалистік мол мәдениетінде қалың қоры жатыр.
Абай заманында ғылым, техника, философия, социология, саясат - баршасынан қазақ
тілінің сөздігі тіпті құр алақан еді. Абайдың сөздігіне орыс тілінен ауысқан, санаулы
атаулар болса да, ол өте шамалы, соншалық мардымсыз болатын. Қазақ тілінің соңғы 30
жыл ішінде қаншалық дамығанын сырттай ғана мөлшерлеу үшін, тек ғылымдық
атаулардың өзінен ғана құрылып жатқан сөздіктердің ұшан-теңіз сандарын ғана еске алуға
болады.
Осы ретте тіл ғылымдарына орнымен қойылатын үлкен бір талап, сол жеке ғылымдық
атаулардың сөздіктерін бастырып шығару шарт еді. Рас, бұл жолда Қазақстан Ғылым
академиясының әзірлеуімен, профессор Н.Сауранбаевтың басқаруымен терминдік
сөздіктер енді-енді әзірленіп шыға бастады.