Қазақстанның ашық кітапханасы
256
Сталин жолдастың Пушкинге берген бағалары, оның мұрасынан шығарып қорытқан
тарихтық критерийлері, белгілі дәрежеде, өзге елдер классиктерінен де әр мөлшер,
шамада табылатын ерекшеліктер болады. Бұл қатарда біз Шевченко, Церетели,
Чавчавадзе, Налбандян, Абовян, Ахундов, Хетагуров, Абай, Банзаров, Тоқай сияқты
жазушыларды еске аламыз. Мысалы, қазақта Абайды алсақ, оның тіл структурасы,
грамматикалық құрылысы, негізгі сөздік қоры - біздің бүгінгі қауымымыз сөйлеп жүрген
тілдің өзі болады. Осындай жайды жоғарыда аталған барлық классик жазушылардың өзді-
өзі елдерінің бүгінгі тілдерімен нық байланыстылық түрінде берік айтуға болады. Шартты
түрде болса да, оларды Пушкинге ұқсас қасиеттерге ие болған классиктер дейміз.
Енді осы айтылған жүйелік, басшылық ойларды бүгінгі қазақ әдебиет тіліне қолдану
жөнінде айтайық деген пікіріміз бар. Алдымен, әдебиет тілін революциядан бұрынғы
дәуірде күшейте өсірген, классик ақынымыз Абайдың жайына азын-аулақ тоқтап өтейік.
Бұл жерде Абай шығармаларында қазақ тілінің байлығы бар қалпында, Пушкин
шығармаларына орыс тілінің байлығы кіргендей шамада болмағандығын ескерумен қатар,
Абайдың қазақ әдебиет тілін жасаудағы екі алуан ірі ерекшелігін атап өту қажет. Бірінші,
Абай қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген мол,
шебер сөздік қорынан түгел пайдаланып, халықтың әдебиеттік тілін қалай жасаудың
жолын көрсетті. Екінші, қазақ қоғамының ортасында Абай заманында таптық диалект,
жаргон есебінде кіре бастаған бөтен елдердің де сөздері бар еді. Соның әсерімен ең алғаш
шәкірт ақын шағында Абайдың өзі де оған идея жағынан бағынбаса да, өлеңдік сыртқы
түр, тіл жағынан сол жаргондық сөздерге әуестеніп, еліктеп жазып жүргені болған. Бірақ,
бері келе Абай бұл аламыш тілдің керексіз шұбарлығынан арылды. Ол өзінің барлық
өзіндік көркем терең шығармаларын жазғанда, халқының тілімен жазады. Бар қасиетті,
қадірлі нәрлі, ажар кестені, толық сипатты өз халқының тілінен тапты.
Бірақ, енді осымен қатар, біздің тілші ғалымдарымыздың көбіне ортақ бір пікірге дау
айтамыз. Ол - "қазақтың әдебиет тілі Абайдан басталды" деген қорытындылар турасында.
Ең әуелі осы жөнінде Сталин жолдастың тіл жасалуы, өсуі жөнінде айтқан пікірін еске
алайық. "Тіл болса, керісінше, сан дәуірдің нәтижесі, сол кезеңдерде ол қалыптанады,
байиды, өседі, сұрыпталады" - дейді.
Ал әдебиет тілі деген тілді алсақ, ол - халықтың әдебиетке түсіп қалыптанған тілі.
Әдебиеттенген тіл де халықтың тілі. Бұлай болғанда, әдебиеттік тіл бір дәуірдің бір ғана
жазушысымен бірге туып қана қоймайды. Осы жайды ойласақ, Абайдың алдындағы қазақ
халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық,
тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма?
Оларда, немесе XVIII ғасырда көпке жайылған жырлар тудырған Бұхарда, XIX ғасыр
басында асыл, әсем бай тілмен халықтық асқақ, ескек жырлар тудырған Махамбетте
қазақтың әдебиет тілінің үлгі, өрнектері жоқ деуге бола ма? Әсіресе, Октябрь
революциясынан бұрын, қазақтың барлық өлкелеріндегі тіл байлықтары тұтасып,
қосылып, біріккен мол қазына болмай тұрған кезінде, ақындық еңбек еткен Абайдың
шығармалары әдебиет тілінің түгел негізін құра қойды деуге сыя ма?
Осы сұрақтардың бәрі де тіл ғалымдарының, әдебиетшілердің ойланып, ойласа кеңесіп
жауап беретін жауапты, түйінді мәселелері. Осымен қатар, қазақтың революциядан
бұрынғы әдебиет тілін өзінше белгілеп жүрген кейбір жолдастардың тағы бір пікіріне
күмән жасап, дау айтуға тура келеді. Ол жолдастар "қазақтың әдебиет тілі солтүстік-
шығыс Қазақстанда, Алтынсарин мен Абайдың жазушылық, шығармалық мұраларымен
жалғас қалыптанды" - дейді. Бұл ретте, Абайдың сөздігі мен әдебиеттік тіл жасаған
ізденулерін, табыстарын алсақ, ол тек шығыс Қазақстан тілімен жазды деу, біздіңше,
жеткіліксіз, дәлелсіз. Рас, Абайдың салттағы сөйлеу тілін өзі өмір кешкен қазақ өлкесінің