Қазақстанның ашық кітапханасы
255
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТ ТІЛІНІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖАЙЫНДА
Марксизм-ленинизм өзінің басқа ғылымдардан ерекше артықшылығын өмірмен нық
байланыстылығы арқылы танытқан. Адам баласының тарихын биік асқарға бастаушы ең
қасиетті ғылым екендігін ол ғасырдан аса дәурен ішінде, өмір жүзінде нақтылы
нәтижелермен көрсетіп келеді. Бұл ғылымның осы қасиетін біз В.И.Ленин мен И.В.
Сталин еңбектерінен сан рет тану, білумен келеміз.
Заманды бастағандай, тарихтарды, халықтарды жаңғырта өсірген даналық ойлары біздің
ұлы көсемдеріміздің әр дәуірде жазған ғылымдық еңбектерінің өзінен туатын. Сол
қатардағы дәуірлік зор тың еңбектің бірі - Сталин жолдастың "Тіл біліміндегі марксизм
жөнінде" деген шығармасы. Мұндағы базис пен қондырма жөніндегі пікірі, тапсыз
социалистік коғамдағы даму заңының өзгешелігі жайындағы пікірі, тіл мен базис
арасындағы жалғастықты шешкен ойлары, тіл мен ой арасындағы жайды білдірген пікірі,
социализм дүние жүзіне жеңіспен тараған кезге шейін ұлттық тілдердің өсу жолын айтуы
және социализм дүние жүзінде жеңіп орнаған дәуірде тілдердің қалай қалыптасуы жөнін
баяндаған пікірі сияқты жайларды қорыта келсек, марксизм-ленинизм ғылымының жаңа
биік сатыға қарай дами түскенін танимыз.
Мұның осыншалық қазыналық қасиеті болғандықтан, қазіргі күнде тілшілер, философтар,
тарихшылар, әдебиетшілер және неше сала табиғат ғылымдары қайраткерлері де Сталин
жолдастың еңбегін зерлеп оқып, терең ұғынып қолдану жолында еңбек етіп келеді. Бұл
мәселенің бірінші кезеңі - сол еңбекті ұғынып, түсіну сатысы болса, енді сондағы
пікірлерді өзді-өзі ғылым саласында, творчестволық түрде қолданып пайдаланып, соның
жемісін ғылымдық іздену жолына жұмсауға тырысуы басталды. Міне, осы мақсатпен
қазақ әдебиет тіліне жанастыра бұл жөнінде сөз қылғанда, әзіргі айтатын пікірлеріміз
ойлану, ойласу ретіндегі алғашқы адымның бірі болып саналады.
Қазақ әдебиет тілінің жайына келгенде, Сталин жолдастың сол еңбегіндегі нақтылы
әдебиет тіліне арналған жақтарын ең алдымен еске аламыз. Бұл ретте алдын ала жалпы
айтатын бір қорытындымыз, сол ұлы еңбектің ұзын бойын алғанда, әдебиет тіліне,
сонымен қатар қазақ әдебиет тіліне де жанаспайтын жақтары жоқ деуге болады.
Сталин жолдастың бұл еңбекте әдебиет пен әдебиеттің тіліне көзеп, нақтылап айтылған
сөздері Пушкин тілі жөнінде, РАПП пен пролеткульт жайын Марр жүйесімен жалғастыра
сынап кеткен жерлерінде айқын көрінеді. Сонымен қатар халық тілі дегеннің көп
ғасырлар бойында құралатынын айтқаны, тілдердегі тоғысулар мәселесін ашқаны, базис
пен тілдің күнделік байланысын шешкені, әрбір тілдің өсу, өну тарихын сол тілде
сөйлеген қоғамның тарихтық өсу, дамуымен байланыстырып тексеру керек дегені - бәрі
де әдебиет тіліне, соның ішінде қазақ әдебиеті тіліне де, оның өсу, қалыптану жолдарына
да мол сәуле төккендей. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ әдебиет тілінің бұрынғы өсу
дәуірлері, онан соң, әсіресе социалистік дәуірде өсуі, өзінің барлық дерек, жағдайларымен
Сталин жолдастың еңбектерінің зор мағыналы тезистеріне кезекті мысалдардың біріндей
боп отырады.
Ендігі қазақ әдебиет тілінің өткен ғасырдағы бір елеулі кезеңіне ой тоқтатудан бұрын,
Сталин жолдастың Пушкин туралы айтқан қорытынды пікірін, оған берген тарихтық
бағасын еске түсіре кетейік. Сталин жолдас орыс халқының барлық классик әдебиеті мен
жазушыларының ішінен Пушкинді ерекше бөліп атауының өзгеше мәні бар. A.M.Горький:
"Пушкин халық тілін қалай қорытып пайдалануды бізге көрсетіп кетті", - дейді.
Анығында, Пушкиннен кейінгі дәуірдегі орыстың әдебиет тілі - әдебиеттенген халық тілі.
Сондықтан да ол оны Россияның тіл мәдениеті тарихынан екшеп алып отыр.