Page 254 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
254
сала бар-ды. Ол кейде ұзақ өлеңмен, кейде бір-бір ауыз өлеңмен айтылған сын, әзіл, сықақ
экспромат, эпиграмма сияқты, Пушкин, Лермонтовтай классиктерде әсіресе көп болған
үлгілері. Соны ойлап және Абай мұрасының көп жайлары, үлгілері, әсіресе жас шағының
шығармалары көп жоғалып, бізге жетпей қалғанын ойлап, қолға түскеннің бәрін Абай
ақындығына бір сипатпенен сыйымды дерлік болса, оқушыға білдіріп қалуға
тырысқанбыз. Сонда бірлі-жарым, жалғыз ауыз, өте аз санды өлеңдерді кей жинаққа
кіргізбеуге де болады. Бірақ жолдас Нұрышовқа енді біздің де айтатын кінәміз бар.
Ол жолдас "Абай шығармасының жастық дәуірін неге аз көрсеттің" деп кінәласа, "Неге
сол дәуірге көп қадалып, көп белгілер жинап, жарыққа шығарып беріп отырмайсыңдар"
десе, міне, үлкен орынды талап та, күдік те осы болар еді. Оның орнына ұғынбастан,
ойламастан ғылымға мүлде жанасы жоқ сәуегейлікпен сөйлейді. Абайдың жастығы
ақындық жастық емес, оның ақындығы тек 1882 жылдан - 37 жасынан ғана басталды.
Абайға жастық дәуірдің ақындығы қонбайды, оны аз өлеңдерден болса да құрастыру айып
деп санайды.
Ұлы ақынның ақындығы қанша ұлы болса да, бір күнде бір-ақ бұрқ етіп басталмайды.
Оның 1882 жылға дейінгі ақындығының ұзақ ізденушілік алды бар. Осылай екені даусыз.
Сол ретте ол кейде ауызша өлең шығарып, кейде кітапшылаған тілмен жазба өлең
шығарып іздене жүріп, бір шақтарда "Абыралыға", "Сап-сап, көңілім", "Тайға міндік"
тәрізді талай тамаша өлеңдерін туғыза жүрген. Сондағы біздің олқылығымыз не?
Біз Абайдың осы дәуірінің және одан кейінгі дәуірлерінің де көп өлеңдерін қолымызға
түгел түсіре алмаған сияқтымыз. Әсіресе жас дәуірінің еңбектері Абайдың өз ақындығына
толық сене алмай, өлең шығарса да, көп құнттамай, сақтамай жүрген кезінде туғандықтан,
ұмытылып, жоғалып қалған. Осы өлеңдерін сол Нұрышов күмәнданған ауызша
айтушыдан, халық арасынан әлі де көп жинай түсуіміз қажет. Сол істі біз аз істеп жүрміз.
Және бір кемшілік - кейбір 1909 жыл баспасына кірген өлеңдердің жылдарын да анықтап
ойласа түсуіміз керек.
Көпшілік болып осыған тың еңбек, дерек қосқанымыз жөн. Еңбексіз, дерексіз құрғақ
күдікшілдер Абай мұрасына көмек етпейді. Біздің бәрімізге зор талап қоюшы партия,
совет жұртшылығының алдында, ондай адамдар өз басына да арзан олжа, еңбексіз оңай
абырой қоса қояды деп сенбейміз.
Абай жөнінде істеген азды-көпті еңбек болса, оны сынағанда көмек бере сынағанды түгел
құптаймыз. Абайды тануға сан саланың білімпаздары атсалысып, біздің зерттеушілік
ойымызды түзу бағыттауға көп жағынан жәрдемші боп келді. Соның нәтижесінде, белгілі
кемшіліктері болса да, бірнеше әдебиетшінің қомақты еңбек тудырғандары бар. Қолжазба
күйде жүрсе де, мысалы, Сәбит Мұқанов Абай туралы үлкен монография жазды.
Қ.Жұмалиев жолдас өз тәжірибелерін қорыта келіп, докторлық диссертация жазды.
Абайды тану ғылымының осы нәтижесі менің де творчестволық, ғылымдық өсуіме аз
көмек берген жоқ.
Бұл күнде өзім түсінген Абайды тану ғылымының бір нәтижесі "Абай" романы деп
білемін. Екінші нәтижесі - биылғы жылы мен жазып бітірген, әзірше қолжазба күйде
жүрген ғылымдық зерттеу - Абай жөніндегі монография. Бұл еңбектерімнің де олқылығы
жоқ демеймін. Бірақ тапқан табысымыз болса, ол жөнінде Ленин партиясына
қарыздармыз. Жұртшылығымыздың көмегі арқылы біздің Абай жөнінде алғашқы істеген
еңбегіміз бен соңғы келген нәтижелеріміздің арасында бірталай орыс жатқаны
халқымызға қанық-ты. Абайды тану мәселесін өзінің қыңыр - қияс, бұлдыр - бұраң есебіне
қарай "бұрып пайдаланамын" дегендерге жұртшылығымыздың жол бермейтініне көзіміз
кәміл жетеді.