Page 253 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
253
алсақ, мынау өлеңдер идеялық жағынан әлдеқайда азат ойдың, еркін сезімнің жайын
танытады.
Онан соң, Абайдың орыс мәдениетіне бой ұрғанын, сонысы оның классик болуына айқын
себепші болғанын айтумен қатар, кей шығармасында жоғарыда біз талдап айырған дұрыс
шығыстың әсері барын бергі кезде шығарған шығармаларынан да сан рет көреміз. Сонда
Абайдың "Масғұд" поэмасы, "Ескендір" поэмасы анық шығыспен байланысты екеніне кім
күмән келтіреді. "Масғұд" поэмасының басы:
Я, алла, құрметіңе достың Махмұт,
Тілге жар бер, білінсін тура мақсұт.
Һарұн - Рашит халифа заманында,
Бағдадта бір жігіт бар аты Масғұд, -
деп басталады.
Ал, біздің соңғы зерттеуіміз бойынша, "Ескендір" поэмасына Низамидің үлкен дастаны
"Ескендір - намадан" мазмұнын алған. Соны өсіріп, өзгертіп жазған шығарма болады. Бұл
алуандас творчестволық байланыс үшін "шығысқа жақындады" деп айыптайтын болсақ,
сыншы жолдас, Абайдың алғашқы 1933 жылы кірген, жас шағының жоғарыдағы
өлеңдеріне ғана шабуыл жасау керек емес, бүкіл Абай шығармасының басынан - аяғына
дейін күдіктенсе болады. Сонда бұл сыншы өзінің ішін, шынын, бәлки, толық, түгел аша
түседі. Ол үшін де жинаушыларға айып таға түсіп, өзіне сол дәлелсіз жалақорлық,
айыпкершілік, қара борандату арқылы күмәнді "олжа" таба түсетін болар.
Сөйтіп, біз Абайдың алғашқы дәуіріне қисынды деп алған үш өлеңді де түгелімен Абайға
орынды, қисынды деп танимыз. Рас, бұлардың зор кемшілігі бар, ол Аламыш тілінде.
Бірақ ол - жас Абайдың іздену жолындағы, белгілі ақындық приемдармен ойлап,
ізденуіндегі алғашқы шалағайлығы. Анық еліктеу деп осыны айтады. Өйткені еліктеу,
тегінде, ақындықтың үлкен қасиеті емес. Еліктеу - ақындық қуаттың әлсіз кезінде болады.
Одан ары еліктеу емес, үйрену деген, оқу деген басқа сапа келеді. Мынада Абай жоғарғы
жақын шығыс классиктеріне сырттай ғана жанасады. Еліктеу белгісі сол сырттай
жанасуда. Олардың да кейбірінде көп кездесетін, ғазелдерінде жиі ұшырап отыратын
кейбір сопылық сарындарға Абай ол үш өлеңде мүлде баспаған. Ендеше, тіл жөніндегі
аламыштың - заманына берген баж.
Кейін тілдегі осы шұбарлықты жеңгені - Абайдың да, біздің де мақтанымыз. Жаргонды
қолдануы, әрине, табыс емес еді. Бірақ соның бала шақта болып келіп, ақыры соны
Абайдың жеңіп, басқа сапаға ауысқаны, халықтық қорға өзінің ақындық тілін терең
тамырмен байланыстырғаны - Абайды зерттеудің қызықты мәселесінің бірі. Кейін
кемеліне жеткен жолдарын аңғартып, творчестволық эволюциясын зерттеу үшін қызықты.
Нұрышов жолдас Абай мұрасын жинаушыларды айыптағанда, әр жайларға емеурін жасап,
кейбіреулерге жұртшылықты дүрліктіріп, өшіктіре, жала жаба кіріскен еді. Ал, міне, Абай
жастығының өлеңдерін тегіс шолып өткенімізде, Нұрышевтің айыптамақ болған
жинаушы, зерттеушілері анық дәлел, дерекпен есептесетін оқушының көзінде айыпты
болмай, дұрыс еңбек еткен боп шығып отыр.
Нұрышевтің "Жас Абай өлеңдері" деген топта "неге басылады" дейтін, бір-бір ауыздан
айтылған екі-ақ өлеңді ғана айтуға болады. Соның бірі -"Шәріпке". Рас, бүгін және басқа
да 1933 жылдары қосылған сол алуандас бір-бір ауыз аз өлеңді баспаса да болар еді. Бұл
жөнінде, бәлки, Нұрышов жолдастың күдігі айтуға келетін, ойлануға тұратын жайлар
шығар. Бірақ Абайдан қалған мұраның ішінде бұрынғы баспалар мүлде елемей кеткен бір