Page 250 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
250
Сөйтіп, сол кездегі хат таныған адамдардың тірі қалған көпшілігі 1933 жылдарға шейін
өздері білгендерін берумен келді. Немесе солардың балалары әкелерінен жаттаған
өлендерін жинаушыларға біртіндеп қосып бере берумен келді. Ондай өлеңдер Абайдан
қалған анық өз мұрасы есебінде ел-елдің ішінен әлі де табылуы мүмкін. Біздің бұрынғы
жинауымыздың сан олқылығын сондай қосушылар әлі толтыра беруі және мүмкін.
Ал 1933 жылдың баспасын мен әзірлеген кезде сүйенгенім - жалпы кәрия емес, Абайдың
бар өлеңін жатқа білген, бұрын өздері үшін көшіріп жаттап алып жүрген жақын
шәкірттері болатын. Рас, олардың көбі Абайдан жасы көп кіші адамдар еді. Және олардың
өз ішінде де әр алуан жандар бар-ды. Солардың сенімдерінің ішіндегі жасы үлкені -
Көкбай болғандықтан, ол Абай өлеңдерін сол баспаға әзірлеген шәкірт ақын жинаушының
ең үлкені болады. Қысқа өлең, аударма өлең, ұзақ өлең деп қосылған Мүрсейітте жоқ 1086
жол өлеңнің көбін жинап берген сол, Абаймен өле-өлгенше бірге жасасқан Көкбай
болатын. Көкбайдың үлкен еңбегі де осында еді.
Жолдас Нұрышов "Абайдың жас дәуірі неге жасалған" деп кінәламақ болады. Жоғарыда
айтқандай, өз аузымен "Абай алғашқы кезде ақындықты ойлаған жоқ" дейді. Бұнда дәлел
емес, долбар ғана бар. Дау емес, далбай ғана бар дейміз.
Жолдас Сталин айтқандай анық: "пеш үстінде жатып ап, бал ашу" ғана, сәуегейлік айту
ғана бар. Болмаса, бұл пікірде не зерттеушілік, не ғылымдық, не Абай мұрасына пайдалы
боп қосыларлық, оны байытарлық, не олжа, не табыс бар екен?
Ең әуелі, Абай 37 жасынан ғана ақын болды, "қан сонардан" ғана бастады дегенге кім
сенуіне болады. Сондайлық піскен, көркем толық өлеңнен ақындықты бір-ақ бастау, бір -
ақ күнде кеп ақындық дарыды деген кереметке иланған балшының сөзі емес пе!?
Өмірбаянына бұл жөнде тыңнан қосылған көп деректерді, куәліктерді, барлық түзу оқушы
иланатын шындықтарды былай қоялық. Ал Абайдың өздігіне, жастығына және біртіндеп
өсіп келе жатқан ақындық, жекешелік талантына қонымды, үйлесімді, тек Абай ғана сол
заманда айтарлық өлеңдер болса, неге беземіз?
Сондай өлең Абайдың Нұрышов жолдас күдіктенген 27 жыл бойында көп болмаса да,
мүлде жоқ па екен? "Абыралыға", "Сап-сап, көңілім", "Тайға міндік", "Жарқ етпес" деген
өлеңдерді осы мақаланы оқумен қатар, мен көп жолдастардан, өздерінің есіне түсіру үшін,
Абай жинағынан дәл осы арада қолма-қол оқуларын өтінер едім. Және өздерін куәлікке
шақырып, біздің осы дауымызға төреші болуларын сұрар едім. Дәл жаңағы өлеңдер
Абайдың 1882 жылдан бұрын, жас шағында айтылғандығына күдіктенуге бола ма екен?
Және, әсіресе, сол өлеңдердің көлеміне, көркемдігіне, анық қазақ поэзиясындағы сол
тұстағы сонылық, жаңалығына қарағанда, "болашақ үлкен ақын Абай жазуға лайық
өлеңдер емес" деп кім айта алар екен?
Осы өлеңдерде реалист, сатирик болатын, сыншы, ойшы болатын, дінге де, дүниеге де,
жас өміріне де жаңаша қарай бастаған Абай көрініп тұрғанына күмәндануға бола ма?
Жаңағы айтқан жайларды ұғынып көру, зерттеу ғылымдық ізденудің нағыз қадірлі міндеті
болмас па еді? Күдіктенсе осылардан, не басқа өлеңдерден, "мынау шумақтар, анау
жолдар пәлендей себеппен Абайға қонбайды" десе, ол - ғылым атынан сөйлейтін кісінің
ауыз тола айтатын өнімді, жемісті ойы болар еді. Жолдас Нұрышов осылай бастаса,
мәселені осылай қойса, Абайды тануға анық көмектесер еді. Ал ол болса, бар жастық
өлеңдерін түгелімен сынап, танып аңғарып та болмай, мүлде жоққа шығармақ. "Сап-сап,
көңілім", "Тайға міндік", "Жарқ етпес" өлеңдерінде жылдары жоқ, "жылдары белгісіз
деген, қайдан білейін" десе, біз ойлана түс, үңіліп қарап, зерттей түс дер едік.
Өмірбаяндық деректерге ықылас бөле түс дер едік. Олардың жылы белгісіз болғанда, 1865