Қазақстанның ашық кітапханасы
249
аудармалар да бар. Оның үстіне, даусыз, дәркүмәнсіз анық Абайдікі дерлік сан әсем
өлеңдер бар. Бұлардың жол саны - жиыны 1086 жол. Сол өлеңнің бірі - "Әзім" поэмасы.
Лермонтовтан аударған "Вадим" поэмасының өзі де Мүрсейіттің кей жазбасында бар,
кейінде жоқ болатын.
Сүйтіп, 1933, 1939, 1945 жылдар баспасын жинау - тізу арқылы Мүрсейітте басылмағанды
қосқанда, қара сөздерден басқа, 1708 жол өлең қосыппыз. Сонымен, Абайдың толық
жинағын, өзінен қалған архив болмаған күйде, өз қолымен отырып көшірткен нұсқа да
болмаған күйде біртіндеп, жылдар бойы жиып жүріп, анық толық жинақ дәрежесіне
жеткізуге тырысқан еңбектер болыпты. Нәтижеде бүгінгі Абай жинағы 5399 жол емес,
7133 жол болыпты. Қара сөздер өзіне басқа.
Бұл еңбектің барлығын күдікшіл ж. Нұрышов есептемейді, елемейді. Оның сенімсіз ойына
илансақ, Абайдың жас шағындағы өлеңі ғана емес, Мүрсейітте болмағандықтан, 1909 жыл
баспасында болмағандықтан және "кәрия аузынан алғандықтан", барлық жаңағы 1086
жолға түгел күдіктену керек. "Кәрия" дегенді де жоғарыдағы "шығыс" дегендей екінші
құбыжық, құқай етіп танытқысы келеді.
Рас, кәрияның кәриясы бар екені даусыз. Кертартпа сананың, үстем таптың халыққа қас,
қарсы үгітін сақтаған кәрия бар. Сонымен бірге, жазуы болмаған елдің, әсіресе арғы-бергі
тарихынан қалған қазыналарын ауызша сақтаған, жадына тұтып, жолдас Калинин
айтқандай, "халықтың алтынындай" қойнына тығып, ауыр өткел замандардың бәрінен
алып өтіп, мәдениетті заманға, біздің заманға жеткізіп отырған талай асыл сақтаушылар
және бар. "Кәрияның есімде қалып еді дегеніне сене бермеу керек" деген ойды біздей, XIX
ғасыр ортасына шейін жазушы, ақыны шықпаған және одан кейін де жазып айтқан
ақындардың қолжазбасы, архиві, документі қалмаған елдердің өткен қазынасын өлшеуге
"ғылымдық нұсқа" деп алсақ, онда Абай ғана емес, барлық XVIII-XIX ғасыр
әдебиетімізден не қалар еді? Онда Бұхардың мұрасы, Махамбеттің мұрасы, тағы сол
қатарлы бар ақындарымыздың мұралары шалағай ойдың жауапсыз жеңілдігі, келеңсіз
күдігі астында бордай тозбас па еді?
Бұның түбінен халықтың көп ғасырлық халықтық тарихына, ой қазынасына, өткен
замандардағы заман елесін өз әлінше әр алуан қалыптаған еңбектерге, сол еңбектерді мұра
ғып қалдырған қайраткерлерге сенбеушілік туып отырған жоқ па? Оның түбі кешегі совет
әдебиетіндегі әр алуан буржуазиялық бағытта болған кейбір орыс әдебиетін
зерттеушілердің зиянды сенімсіздігіне, нигилистік көзқарасына тұп тура барып соқпай
ма? Өз алдына болған еңбектердің мінін айтумен қатар, табыстары барын елемеуге бола
ма? Елемейін десе де, біздің советтік ғылымдағы партиялық бағыт сенің ырқыңа көне ме?
Дәл осы тұста жолдас Сталиннің Марр мен оның шәкірттері туралы "Маррдан бұрын
ешбір тіл тану ғылымы болмаған" дегенін Нұрышов жолдасқа мықтап ұстау керек.
Нұрышов жолдас азға күдіктенемін деп көпті күйретіп отырғанын аңғара ма екен?
Тағы да өзге емес, жұртшылығымыз үшін бірнеше тарихтық дәл деректер, мәліметтер
айтайық. Мүрсейіттің өзі, жас жағынан алғанда, Абайдан 10-15 жас кіші адам болған.
Өмірі Абайдың өз қасында өткен емес, Абай ағайындарының бірнеше ауылдарында
кезектеп бала оқытып жүрген. Ал Абай жинағы тек 1896 жылы ғана қағазға топталып
жиналатын болған. Ол істі істеген Мүрсейіт емес, Мағауия, Ақылбай, Кәкітай, Көкбайлар.
Бұлар алғашқы істі Абайдың өзінің тапсыруымен сол 1896 жылы бастайды. Сонда 1896
жылға дейінгі Абай өлеңдері қайда кеткен? Ондағы Абайдың қарындашпен жеке қағазға
жазған өлендері Абай маңындағы жас ақын, өнерпаз хат таныған ақын -
шәкірттердің,жастардың қолды - қолына тарап кетіп отырған. Кейін 1896 жылы
көшірілгенде, сол тарап кеткен өлендері жиналған, бірақ бәрі түгел жиналып үлгірмеген.