Page 247 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
247
Жолдас Нұрышевтің мақаласының негізгі ойлары не?
Ол - Абайдың мұрасынан алғашқы кезең дегенді жоқ ету керек дейді. Абай
шығармаларын 1882 жылғы өлеңдерден, мысалы: "қан сонарда" өлеңінен бастап қана тану
керек дейді. Бұлай болғанда, Абайды 37 жасынан ғана, бір-ақ күнде ақындықты,
пайғамбарлық дарығандай, ағыл-тегіл бір-ақ бастады деуіміз керек.
Жолдас Нұрышов өз аузымен: "Абай алғашқы кезде ақындықты ойлаған жоқ" дейді.
Екінші - "Абайдың жас шағында жазғаны" дегенді күдікке алғанда, үш түрлі дәлел
айтады. Әуел бұлар 1909 жылда басылған жинақта жоқ. Екінші - "Мүрсейіттің
қолжазбасында жоқ және "Абайдың архивінен табылған өлеңдер емес"- дейді. Мұның
үстіне, ол Әлендердің бәрін "кәриялардан алынған" деп, "кәрия" дегенді дәркүмән дерек
етіп бағалайды. Абай шәкірттерінен, Абайды жасынан жақсы жаттаған көпшілік халық
өкілдерінен алынған, анық Абайға тиісті, Абайдан басқа ақын айтып көрмеген 1933 жылда
қосылған шығармалардың бәрін де даулы дегісі келеді. "Кәрия" дегеннің өзін шеттігіне
іліндіріп, оны түгелімен зиянды бағыттағы айтушы етіп те көрсеткісі келеді. Сөйтіп,
Абайдан қалған архивтің, қолжазбаның жоқ екендігіне көңіл бөлместен, кейін жиналып
қосылған, көпшілік аузынан жазылып қосылған Абай шығармаларының бәрін күдікті етіп
қояды.
"Сондықтан бұлардың бәрін де біреудің есімде қалып еді дегеніне сүйеніп, жинаққа
кіргізілгендігінде сөз жоқ" - дейді.
Мақаланың бұдан соңғы ең үлкен түйінді пікірі - шығыс жайында. Шығыс әсерінің
Абайдың жас кезінде еліктеу түрінде болғанын айту, ж. Нұрышевтің ойынша, қылмыстың
үлкені боп көрінеді. Шығыс дегенді жіктеместен, талдамастан, түгелімен оқушыға
құбыжық етіп, үркіте көрсетеді. "Алғашқы кезде еліктеді дегеннің өзі де бекер. Абайға
жапқан жала" дейді. Шығыста шығыс бар, советтік елдер шығысы бар екені, оның
Низами, Науаи, Фирдоуси, Хафиз сияқты классиктері бүгінгі күнде біздің барлық советтік
туысқан елдеріміздің ең ескі, қадірлі қарт классиктері саналып отырғанын ескермейді.
Мақалада болымсыз бұлдыр, бірлі-жарым сөз болмаса, бұрынғы шығыстың өзін жіктеп
қарау да ж. Нұрышовта мүлде жоқ. Әр мәдениетте екі мәдениет барын айтқан Ленин ойын
бұл жолдас бұ тұста елемеген, ұмытқан.
Абай оқыған медреседе, панисләмистік, пантуркистік кертартпалық санаға толы кітапшыл
молда сүрей ақындар ортасында Науаи, Физули, Фирдоусилер мүлде естілмейтін.
Олардың орнына сопылық, мистикалық қараңғы схоластикалық сана - сарынды танытқан
Қожа Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани, Сопы Алаяр тобы ғана жүретін.
Бұл топтарды айыра түсіндіру орнына, ж. Нұрышов түгел шығыс дегенді бір-ақ топтан
алады да, Абайдың 1933 жылдан бері қарай қосылған шығармаларына түгел күдік айтады.
Бірақ шығыс жөнінде айтқан сөзіне қарасақ, ғылым атынан сөйлеп отырған ж. Нұрышов
қарға адым жердей, кішкене ғана мақаласының бойында өзіне-өзі қайшы келіп, екі түрлі
сөз сөйледі. Өз сөзіне өзі оралып жығылады. Жаңа келтірген сөзінде "еліктеді дегеннің өзі
бекер, Абайға жапқан жала" деп алып, мақаласының екінші бөлімінде өз аузынан сол
"жаланы" өзі қоса құптап отырғанын аңдамайды. "Абайдағы шығыс әсері дерлік бейнелер
еріксіз жұққан азды-кемді қайшылық қана" - деп алады да, содан ары және де "Абайдағы
шығыс әсері дерлік азды-кемді қайшылықты бұлармен дәлелдемеу керек және сондай
жағдайда жүргенде, Абайда ондай болмашы белгілердің қалғандығына таңданбау керек.
Жұртшылықтың көңілін оған аударып, кері сілтемеу керек" дейді. Осы өз сөзіне
Қарағанда, ол жайды зерттемеу керек дегені болмаса, Абайды шығыспен өзі де
байланыстырып отырған жоқ па? Қайшылық деп айтса да, алғашқы "жала жапты" деп
айыптағандарының тобына өзі де барып, еніп кетіп отырған жоқ па? Мүлде шығыс жоқ