Қазақстанның ашық кітапханасы
246
Бұл жөнде жолдас Сталиннің: "Ешбір ғылымның пікірлер тартысынсыз, еркін сынсыз өсе
алмайтыны, дами алмайтыны көпке мәлім" деген тіл жөніндегі данышпан басшылық
ойларын қапысыз қағида етеміз.
Пікір таластыруға, күдіктенуге, сөйтіп жүріп анық объективтік негізде келісуге де болады,
көніспеуге де болады. Сонда, әсіресе таласқа салған шығарманың өзі беретін нақтылы, дәл
дерегіне қарайық. Сөзіміз документке, шын ғылымдық зерттеуге негізделсін. Тіпті
болмаса, документ болмаған, амалсыздық жағдайда, тым құрыса көңілге анық қонымды
дәлел, өнімді ойға сүйенсін. Құрғақ күдік ғылымды өсірмейді. Ол дәнсіз гүлдей өмірі жоқ,
өзінен әрі қарай өрбітер нәсілі жоқ, тұл сөз болады.
Екі сала мәселе бар: біреуі - Абайдың өзінің мұрасы (даулы, таласты мәселелермен қоса)
жайында; екіншісі - сол Абай мұрасы туралы істелген еңбектер жайында. Абайдың өз
мұрасы тұтас алғанда, бұрынғы мен бүгінгі пікір айтушылардың бәрінің тегіс келісетін
басы ашық бір мәселесі бар. Ол: Абайдың қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі,
тарихындағы үлкен орнын қадірлеп, бағалауда. Өз мұрасы турасында, Абай жайында
жолдас Сталиннің Пушкин туралы айтқан ғылымдық қорытынды пікірлерін қолданамыз.
Абай да, Пушкин сияқты, өз еңбектерінде танытқан қазақ тілінің структурасы,
грамматикалық құрылысы және негізгі сөздік қор (фонд) жөнінде бізге қазақтың бүгінгі
сөйлеп жүрген әдебиеттік тілінің қалпынан көп айырмасы жоқ із қалдырады. Яғни жеке
сөздігінен бұл күнде айтылмай қалып қойған, ескірген мысалдар болса да, Абай халықтың
тілін өз тұсындағы үстем тап санашылдары қолданған, діншіл кертартпа топтар жаргонға
айналдырып бара жатқан тілден тазартуға тырысады.
Горькийдің Пушкин турасында айтқандай, қазақтың халық тілі әдебиет тілін қалай жасау
керек екендігін, халықтық қорды қалай пайдалану дұрыс болатынын көрсетті. Пушкиннен
соңғы орыстың тілі - әдебиеттенген халықтың тілі болғандай, Абайдан соңғы қазақтың
тілі де - әдебиеттенген халықтың тілі бола бастады. Бірақ бұған қарап біз Абайды толы
мағынасында Пушкинмен тең, сонымен бастас орында тұр деп айта алмаймыз. Пушкин
әдебиеттің бар жанрында жазды. Абай аз жазды және азғана "қара сөзін" айтпасақ,
негізінде әдебиеттік бір ғана жанрда жазды. Оның үстіне, Абай тұсындағы қазақ қауымы
Пушкин тұсындағы орыс қауымының мәдениетінен төмен күйде еді. Қазақ ортасына
жазу-сызу өнері де жаңа ғана кіріп келе жатқан шақ болатын. Сондықтан Абайдың біздің
мәдениет тарихымызға көп еңбек сіңіргенін тани отыра, оны Пушкинмен шендес, теңдес
деп ешкім таласпайды.
Енді Абайдан қалған мұраның даулы - даусыз, күдікті - күдіксіз жайларына оралайық.
Жақында, "Лениншіл жас газеттің 7-санында филология ғылымының кандидаты жолдас
С.Нұрышевтің "Абай ақындығының алғашқы кезеңі туралы" деген мақаласы басылды.
Бұл мақаланың Абайды тану мәселесіне атсалысқан кейбір дұрыс талабы жоқ емес. Абай
мұралары туралы ойлану керек, кей жайлардан күдіктеніп іздене түсу керек, сол
зерттеулер нәтижесінде бүгінгі Абай мұрасы деп жүргеннің кейбіреулері оныкі болмай
шығуға мүмкін. Өзі күдікті болмаса да, туған кезеңдері, жылдары жайында күдіктенетін
қисын бар деген пікір негізінде, Абайды танушылардың ойланатын мәселелері. Әсіресе
жаңағы соңғы жайы мүлде орынды.
Бірақ, осымен қатар, сол мақаланың жазылуына себеп болған нақтылы түйінді, өзінше
деректі деген мазмұнына келсек, ж. Нұрышевтің мақаласы Абайды тану ғылымына табыс
болып қосылатын еңбек емес, көбінше дәлелсіз, дәрменсіз және көп қателіктерге толы,
шалағай шабуыл көрінеді. Жоғарыда айтқандай, құрғақ күдік, жеміссіз тұл сөз боп
шыққан.