Қазақстанның ашық кітапханасы
242
Қырғызда жазба әдебиет кенжелеп туса да, халық поэзиясы бүкіл Одақ әдебиеті көлемінде
өзгеше орында тұрған ен қазына болатын. Поэзия өнері - ұзақ ғасыр жасаған талантты,
сергек саналы, ерекше өнерлі қырғыз халқының аспан құшқан Алатауын таңдап
орнағандай болатын. Халықтық ұлы дастан, асыл жырлар молдығын айтсақ, ол сол
қырғыз халқының өзі мекен еткен алып тауы - Алатаудай; ақындық теңізі айдын шалқар
Ыстықкөлдей болатын. Бұл күнде сол халықтық қазынадан өрбіп - өскен өз жырларын
халықтың шынымен, сырымен суарған Тоқтағұл сияқты жұрт жыршысынан үлгі алып кеп,
совет заманында үлкен өнер, табысқа жеткен, атақ, даңққа ие болған - Алымқұл Үсенбаев
сияқты халық ақыны да қазақ оқушысына тағы да тың жырларымен танылатын болады.
Осы аталған алдыңғы топ, аға ақындардан басқа, Алықұл Османов сияқты қырғыз
поэзиясына, өзінің шақ өмірінің бойында, көп елеулі, талантты жемістер беріп кеткен,
орта буын ақындар да бар еді. Содан бері қарай қырғыз советтік социалис поэзиясын осы
күнде тың сапаға, үлкен өнерлі, мәдениетті поэзия дәрежесіне жеткізіп келе жатқан, жас
ақындар шығармалары да бұл жинақтан елеулі орын алады.
Сол қатарда, әйел ақын Сәтін Әбдікәрімованың, Сүйінбай Ералиевтің, Қуаныш Ақаевтың,
Ергембай Ұзақбаевтың, Абдырасұл Тоқтамышевтың, Барпы Алықұловтың, Кеңешбек
Асаналиевтің өлендері де, біздің оқушы сүйсініп оқитын жырлар есебінде, қазақшаға
аударылып отыр. Бұдан былай біздің қалың оқушы жұртшылығымыз олардың атын да,
еңбектерін де жақсы білетін болады.
Бүгінгі күнде көп салаға, әдебиеттік көркем жанрлардың барлығына да ие болған
қырғыздың советтік социалистік әдебиеті тек бұл жинаққа кірген жазушылармен
түгелденбейді. Көркем прозада, бүкіл Одақ жұртшылығы мен қазақ оқушысына да аттары
даңқты болған, еңбектері қызықты, қадірлі боп тараған "Ажар", "Бақыт" сияқты шебер,
көркем повестердің иесі Қасымалы Байалиновтай жазушы бар. Сталиндік сыйлық алған
"Біздің заманның адамдары" атты күрделі, талантты романның, тағы да сондай бірнеше ірі
еңбектердің авторы болған Түгелбай Сыдықбековтың аты да қазақтың оқушы
жұртшылығына мейлінше қанықты да қадірлі.
Бұлардан басқа ертеден қырғыз прозасына мол еңбек етіп келе жатқан Қасымалы
Жанташев сияқты ірі жазушылар да бар.
Қырғыз әдебиетіне Ұлы Октябрь социалистік революциясынан соң қосылған жанр -
драматургияда көп еңбек еткен,
Отан соғысында қаза болған Ж.Тұрысбеков сияқты зор талантты драматург болған-ды.
Драматургияға көптен атсалысқан Молдағазы Тоқабаев, Қасымалы Жанташев, Қ.Мәліков,
Ж.Бөкенбаев, Т.Шамшиев, Қ.Ешмәмбетов, Шүкірбеков сияқты жазушылардың да қырғыз
әдебиет тарихында орындары бөлек. Қырғыз драматургиясына Аалының қосқан үлесі де
аз емес.
Бауырлас, ерекше достас, көп табыс - талаптарымен бастас келе жатқан советтік қырғыз
халқының XXV жылдық мерекесіне арналып шыққан бұл жинақ, тек Қырғыз
ақындарының поэзиялық қана жинағы дедік. Бұдан бөлек, Қырғызстанның XXV жылдық
мерекесі қарсаңына Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы Түгелбай
Сыдықбековтың "Біздің заманның адамдары" деген атақты романын да қазақ тіліне
аударып, бастырып шығарды.
Осы жинақтың ішіне кірген үлкенді-кішілі өлеңдер Тоқтағұлдан бастап, бүгінгі жас
жазушыларға шейін өсіп, дамып келе жатқан Қырғызстандағы советтік социалистік
халықтық поэзияның үдеп, өскен жолын көрсетеді. Бұл жырлар өздерінің үлкен идея,