Page 241 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
241
Сондайлық тәрбие, үлгі - өсиет үстінде Абайдың өлеңдерін өз аузынан ұғып жаттаған
Бәкизат, Уәсила, Әсия, Рахила сияқты оқымысты, тәлімді қыздар өсіп, ұзатылар алдында
жасау сандықтарының түбіне ең асыл бұйым етіп, Абайдың өлең жинағын әкететін
болған.
Балалықтың мінезін, сырын білмей, қаталдық еткен ата-ананы Абай үнемі мінеп отырған:
"Балаға ақылын бұрын бермей, ашуын бұрын берген атадан бала үлгі ала алмайды. О да
ашуланады" дейді.
Келін, күйеу туралы да Абай көзқарасы жұрттан басқа, кеңдік, еркін, тендік қалпында
ұстауға тырысады. Өз қолында соңғы жылдарда болып, Абайды өзі күткен Кәмәлия
(Кәмәш) деген келініне алғаш түскен күннен бастап бетін ашып жүруді шарт етеді. Бар
жайдан ұялмай, ашық сөйлесіп отыруды тілейді. Сол келініне Абай өзі өлерден бұрын,
ауырмай тұрып: "Мен биыл өледі екем" деп, ішкі өзі түйген ауыр сырын ең алдымен
айтады.
Осындай жас атаулының бәріне көнтерлі, кең, дос-жарға, көпке мәжілісі ортақ ұстаз
болғандықтан, Абай маңынан елдің талапкер, өнерлі, саналы жасының бәрі арылмаған.
Үнемі айналасын, аулын, үйін қоршап, Абай тәрбиесін кең алып, мейлінше қызықтап
жүрген.
Сол себепті шет елдің бір үлкен адамдары Абайға келгенде, жаңағы жастар тағы Абай
қасынан шықпай отырғанда, қонақтың бірі:
- Жастар, сендерге бақ берген. Ол бақ күнде ортаңда, қолыңда - бәріңе неше алуан
ұстаздық, үлгі, өнер үйретіп отырған Абай! Жылында Абайды бір-ақ көретін бізді
айтсайшы! - дейді.
Шынында, Абай малшы, көршіден бастап, солардың баласынан, жасынан бастап,
айналасындағы барлық естияр жанның, үлкенді-кішілі қауымның, жұрттың бәріне
бойында барын түгел, үнемі үлеске салып отырған. Сол арқылы өзі тіршілік еткен
ортасына тағы да мол сәуле төгіп, нәр беріп отырған Абай да ақын Абайдың өнегелі сыр-
сипатын танытушы еді.
СӨЗ БАСЫ
Қазақ оқушысына тарту етіп отырған бұл кітап қадірлес, бауырлас, достас халқымыз -
қырғыз ақындарының өлеңдерінен құралған жинақ. Мұнда ата, әке, бала буындарындай
бақытты қырғыз халқының социализм дәуіріндегі шат-шадыман тірлігін, көркін жырлаған
бірнеше буын ақындардың сөздері бар. Мұнда Ленин, Сталин бастаған жаңа тарих
дәуіріне халықтық жырмен сырын әкеп қосқан қырғыздың дана ақыны Тоқтағұл сөздері
бар. Қырғыз халқының жазба әдебиетін жас шағынан бастап кеп, социализм дәуірінде
өрлеп өскен революциялық поэзияға өзінің үнін, үлесін әкеп қосқан Тоғалақ Молда
сияқты аға ақын да бар. Қырғыздың советтік поэзиясын революция басынан бері қарай
бастаушының бірі - зор талантты, бүкіл Одақ оқушысына аты мәлім Аралы Тоқамбаев
жырлары да бұл жинақтан елеулі орын алады. Малымен ілес, қырғыз советтік поэзиясын
көркейте дамытқан, үлкен өріске өрлетуші болған, аса талантты ақын Жомарт
Бөкенбаевтың жырлары да бұл жинаққа кіріп отыр.
Одақ оқушысы мен қазақ оқушыларына көп еңбектерімен көптен мәлім боп танылған
Қуанышбек Мәліковтей, Темірқұл Үмбеталиевтей және біздің Одақтағы бауырлас дүнген
халқынан шыққан Ясыр Шивазадай үлкен ақындардың жырлары да осы жинақта
аударылып, оқушы жұртшылығымызға жаңа сыйдай ұсынылып отыр.