Қазақстанның ашық кітапханасы
240
Күнту болыс болғанда жортқаным - ай,
Керей мен Матайды торытқаным - ай.
Қазы менен қартаны кертіп шайнап,
Абай болыс болғанда қорыққаным - ай! –
дейтін сөздер бар. Тегінде, Абай жас шағында бір-ақ рет болыс болған. Мынау орайда
болған емес, бұнда Абайдың айтқанын істейтін біреу болыс болғандығын айту керек.
Ұрлық, сотқарлықтың себебі боп, көп уақытқа көп жігіттің басында кедейлік ызғары
жүргенін Абай жақсы біледі. Кедейліктің ауыр бейнеті ұры емес, момын көпшіліктің бәрін
де езіп жүргенін терең түсініп, Абай өлең, өсиетінде сол қазақ кедейінің жайын көп
толғайды. Ырысты еңбек жайын сол кедейге құтқарушы, көмекші есебінде көп үгіттеп,
көп ұсынады. Адал еңбек иесі адамнан артық ол сахарада Абай сүйген адам болмаған. Кеп
өлеңдері мен қара сөз толғауларында кедейдің үнемі жоқтаушысы болған.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып...
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы, -
деген Абай, еңбек иесі кедейге жақын дос, қамқор боп кеп, оның еңбегін қанайтын байды
"қара қиына" шейін сатып беретін құлқыны жаман, арсыз қанаушы етіп жерлейді.
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей, -
деген сияқты толып жатқан өлеңдері халық ішінде Абайдың ең жақыны - еңбек адамы,
еңбек қауымы екенін айқын көрсетеді. Бір күнгі мәжілісте кедей баласын мінеген тоқ
мырзаның сөзін естіп отырып: "Бай баласы көп ішсе, ішіп үйренген дейді. Аз ішсе, негізі
тойған дейді. Кедей баласы көп ішсе, көні кеуіп қалған дейді. Аз ішсе, шілдесінде шық
көрмеген дейді. Осы кедей баласының кінәден құтылары бар ма?!" - деген.
Кедейдің момыны, адалы көмек тілеп келген кезде Абай жәрдем етпей қалған емес.
Баласы мініп жүрген атты алып беру, өзі жеккелі отырған семіз аты құла айғырды бір
шалға бере салу сияқты істері толып жатады.
Осы тәрізді естегілердің соңында Абайдың күндегі тіршілікте балаға, келінге, үй ішіне
істейтін достық, аталық, кішіпейілділік мінез - әдеттерінің кейбірін айтуға болады.
Өзінен туған бала мен айналасын қоршаған ініге Абай істейтін ұстаздық бір алуан.
Олардан ақын, білгір, оқымысты адамдар, ел қайраткерлері сияқты ересек азаматтар
өсіріп, білімді адамдармен достастырып жүреді. Сол тәрбиешілік, ұстаздық мінезді
үлкендер емес, мектеп жасындағы балаларға да көп істеген. Абайдың қолында аулында
өскен шәкірт балалар, жас қыздар, көп келіндер де Абайдың алдын көріп, көп-көп
өсиеттеріне қанып қалған. Әрқайсысының шамасына қарай, өзінше ұстаздық, тәрбиешілік
үлгі, өрнек табады. Жас балаларға өлең, тақпақтар жаттату, қыз немерелеріне ертегілер
айтқызу, ән салғызу, малшы көршілерге де ертек, аңыздар айтқызып отыру, соны өзі елтіп
тыңдау аса көп болған. Абай үйі бөгде қонақ, үлкен кісілер жоқта неше алуан қызық
ермек, халық сауығының үйі болады. Осындай дағдыдан барып, Абайдың досы
Баймағамбеттей ертекшілер ысылып, ұстаз көріп шығып, кейін Абай айтқан әңгімелерді
үлгі етіп көпке таратқан.