Қазақстанның ашық кітапханасы
239
Ал ән-күй өнерпаздарынан жасында Біржанды сақтап, қонақ еткеніндей, бертінде
Мұқаны, Әсетті, Әлмағамбетті сақтап және өзінің барлық балаларын ән-күй өнеріне көп
баулыған. Өз әйелі Әйгерімнің әншілігін өсірмек боп, Біржаннан жаз бойы ән үйретеді.
Кейін Тәкежанның Мақұлбай деген баласы өлгенде Әйгерімге жоқтау өлеңді өзі шығарып
беріп, жаздай жақсы әуенмен жоқтау айтқызады.
Белгілі әнші-күйші емес, жәй орташа айтушыларға да халық жырларын немесе өз
тұсындағы ақындар жазған дастандарды жырлатып отырады. Топай Бейсембай деген
ақынға "Қозы Көрпешті" Жанақ үлгісімен жырла деп тапсырады. Бірақ бар өлеңін бір
қалыпты әуенмен айту жол емес деп, Қарабай, Қодар, Тазша, Сақау қатын, Баян, Қозы -
барлығына кей сөздерін өз әуенімен айтқызатын болады.
Халықтың қайрат - өнер спортын да Абай қатты қызықтаған. Өз тұсында болған ірі
астардың барлығына ол барып отырады. Бәйгесіне ат қосып, күресіне балуан түсіріп,
үнемі зор қызық етіп тамашалайды. Абайдың жолдасы, серігі боп кеткен Құдабай,
Нұрмағамбет сияқты "түйе балуандар" болған. Өз тұсындағы "Бозамбай асы", "Торы
айғыр асы", "Мұрын Бұланның асы" деген сияқты талай асқа нелер жүйрік бәйгелерді
апарып қосып жүреді.
"Кедей құла", "Айдап келдің ақтабаны", "Ақбас ат" деген сияқты ірі бәйге аттарды
біреуден көп төлеп сатып алып, біреуден базыналықпен сұрап алып, сол арада өзінен
сұрап келген сыйлас адамдарына бере салып, ризалап жүрген. Бәйге ат, қыран құс, алғыр
ит сияқты көп қызығы болатын асылдардың бір-ақ кісінің қолында болмай, әр ортаның
қызықтауында жүргенін мақұл көреді. Осындай естегілер қатарында Абайдың аулына
малшы, жалшы, қоңсы - көрші болған әйел-еркектің, жас-кәрінің әңгімелері де аса бір
қымбатты дерек боп отыр.
Еңбек сүйген адамды Абай зор бағалаған. Өз аулына көрші, малшы болған сондай
еңбекшіл адамның талайын Абай байытып шығаруға тырысады. Оспан үйіне малшы боп,
артынан Абайдың қарамағында болған Жетібай, Көтібақ деген екі кедейді кейін ауқатты
ауыл етеді.
Абай аулынан Байсүгір, Дарқан, жаңағы Жетібайлар сияқты талай жандар малданып,
әлденіп көшкен. Кейбір пысық, мықты жігіттер кедейліктен ұрлыққа салынып кеткенде,
ұрлығыңды қой деп серт, уәде алып, "енді саған ерген кедейлік итті мен көрейін" деп,
алдына аз жылда мал салып, тоқ, ауқатты үй етіп жіберген. Тіпті бұрынғы жау Жігітек
ішінен де сондай еткен, жақсы көрген адамдары болған.
Кейін барлық бала-шағасымен Абайдың шын берік досы болып қалған Қорамжан сондай
адам еді. Мұсабек деген Жігітек ұрысының адам болуына да Абай көп көмек еткен.
Қорамжанның баласы Қатпа әуелі малшы болып жүріп, артынан Абайдың туған
баласындай ет - бауыр жақыны, дос інісі боп кетеді.
Осы Қорамжан, Қатпалардың Абай қолына жаңа көшіп кем, кедей боп жүрген кезінде
бұрын кеп байып алған Жетібай Қатпаны боқтап қорлайды. Абай Жетібайдың кедейліктен
шығып ап, енді кешегі өзіндей кедейді ренжіткеніне қатты ашуланып, бір-ақ күннің
ішінде қасынан көшіріп жібереді, бірақ жер беріп, қыстау беріп көшіреді.
Кейін Қорамжан білікті, беделді кісі боп, өзінің Жігіттегі ішіне Абай ырзалығымен қайта
көшкенде, 15 бие байлаған желісі бар, көп мал иесі боп көшеді. Осындай бұрын ұры
болғанның талайын Абай кісі етеді. Әрине, кісі болғысы келгеннің негізі бұзық емесін
танып, соны кісі етеді. Болмаса жалпы ұры дегенге Абай аса қатал, қатты болған.
Сондықтан да бір ұрының өлеңінде: