Қазақстанның ашық кітапханасы
24
Труппаның өзіне келсек, екі жылдық тәрбие арқылы тапқан табысы, бүгінгі қазақ елін ің
жас өнеріне сіңіріп отырған еңбегі, көруші халыққа беріп отырған қуанышты жақсы әсері
өте көп. Бұның бәрін кейін толығырақ айтпақпыз.
Жалпы труппаның асылдығы хан қазынасындай болса да, өзге жағдайлардың тізесі оны
шөктіріп, шірітіп жіберуге болады. Қысқасы, труппаның өсуі жалпы сахна өнеріне керек
болған көп шарттардың түгел өсіп, түгел толық болуымен нық жалғасады.
Сондықтан мұндай шарттарды санамай, еске алмай, сынамай қоюға болмайды.
Екі жылдық тәжірибесінің соңында қазақ труппасы өзін кімге де болса елетіп ескертуге
жарап қалған сияқты. Труппаның бүгінгі табысына қарап, біз: «Шүйінші! Қазақтың сахна
өнері туыпты», — деген қуанышты айтуға болады. Бүгінгі труппа көп кемшілігімен қатар
осы сөзді айтуға жарайды.
Бірақ труппаны сөз қылудан бұрын сахна өнерін қос қанаттап тартып, жылжытып
өрлетуге себеп болатын өзге шарттары не күйде? Ең әуелі соны шолып өту керек.
Бұл жайда, ең алдымен, әңгіме сол труппа ойнап жүрген театр турасында болады.
Артистер ойнайтын сахна, көрушілер отыратын зал туралы.
Сахна әрі пьесаны көріктірек қылып қойғызатын декорация, киім, бұйым сияқты
шартымен зал ойын көруге келген халыққа тыныш, кең, жайлы отыратын көңілді
жағдайларда емес.
Қазақтың қазіргі сахнасында ойналып жүрген пьесаларына қарағанда, театрға сол
пьесаларға керек бұйымдарды табу, дайындап алу қымбат та, қиын да сияқты емес. Бірақ
бұл көңілге солай екен. Іс жүзінде байқасақ, бүгінгі театрға сол болымсыз жағдайлардың
өзін де түгендей алмай отырмыз.
Бүгінгі біздің театрдың тарихи дәуірі де, пьесаларының арналған темалары да көбінесе
нағыз қазақ тұрмысын көтермей, бояуын қалыңдатпай, әшекейлемей, бүгінгі тұрған
қалпында айнаға түсіргендей реалистік жолында. Бұлай болса, әрбір пьесаның сыртқы
көрінісі (декорация, киім, салым) түгелімен өмірдің толық айнасы болуы шарт. Шынына
тарту, өмірдегі ұлы көрініске ұқсату керек. Осы жағынан қарағанда, қазір ойналатын қай
пьесаны көрсең де ең әуелі киім-салым жағынан, сол киімдердің үлгісі жағынан қарағанда,
көзге неше түрлі өрескел кемшілік, кеденшілік көрінеді.
Бір пьесаның бір бөлімінде қара киіп шыққан көк шапан екінші бөлімінде Көкеннің
үстінде, үшінші бөлімде тағы біреуде, ертеңгі ойында тағы жазған көк шапан, сол сусар
бөрік кеш бойында тағы да бірнеше кісінің иығына жабысып шығады. Осы сияқты бір-екі,
екі-үш тымақ та бөлім басы сайын бір құлағын жымырып алып, бастан басқа секіріп,
алшысынан түседі де отырады.
Бұл — бір сәрі жұмыс. Екінші, үлкен бір кемшілік тағы да театрдың кедейлігінен туып
отырған нәрсе: сахнада қазақ елінің әр жерінің әр алуан үлгісі де еске алынбайды.
Қазақтың әр жерінің тымағында, әйелінің бас киімінде орасан айырмалар бар. Бұл
айырмыс Европа көзіне анық байқалмаса да, қазақ жайын білетін қазақ көзінде елеусіз,
ескерусіз болмайды, бола алмайды.
Ақмола жағының тоқалы жаулығын салынып отырғанда, Арқалықтың жеңгесі бір ауылда,
бір үйдің ішіндегі екі әйелдің бірі бола тұрып, Семей, Өскемен, Зайсанның кимешек пен
шаршысын тартады; өмірде бұл еш уақытта болмайтын жұмыс. Қыз бөтен елге ұзатылып
келген соң бас киімін сол елдің өз үлгісіне ауыстырады.