Қазақстанның ашық кітапханасы
23
Енді бүгінгі артист пен бүгінгі театрға келсек, әзір қазақша қалыптанған артист жоқ.
Артист болуды түбегейлі мақсұт қылып соңына түскен де кісі жоқ. Біздің білуімізше
қазақтан артист шығару үшін сол өнерге ыңғайлы кісілерді орыс артистерінің мектебінде
оқыту керек. Онан соңғы бір үлкен шарт — бүгінгі театрдың басына кез келген кісіні
қоймай, бір жағынан артист боларлық ыңғайы бар, екінші жағынан пьеса шығарып жүрген
жазушыны қою керек. Бізде осы міндетті атқаруға жарайтын Жұмат сияқты бірен-саран
кісілер бар. Бұдан соң Қызылорда сияқты жерде жасалатын театрда режиссер есебіне
жақсы артистерін, яки театр артистерін алу керек. Осы сияқты істермен қатар қатты көңіл
бөлетін бір мәселе — бүгінде қазақтың ән-күйін жиып нотаға салып жүрген Затаевич
сияқты күйшілер, онан соң әншілер туралы қазақ театрының жанында бұл адамдар не
қылса да болу керек. Солардың өнері, еңбегін біздің театрдың толық пайдалануы қажет.
Ендігі бір ұсақ мәселе — театрдың іші, сахнасы туралы. Егер қазақтың өзіне арналған
жаңа театры салынатын болса, менің ойымша, сахнасын бүгінгі орыс театрынан гөрі
басқарақ істеу керек.
Біздің ел тұрмысынан алған пьесаларымыздың барлығындағы оқиға жерде отырып
ойналады. Орыс сахнасында жерде отырған артист артта отырған халыққа көрінбейді.
Сондықтан біздің театрда мойыны ұзын кісі болмаса, қысқа мойынды кісі сорлы болады.
Ойынның қызу жерінде түрегеп кету, я болмаса орындыққа шығып алу, тәртіп бұзу —
барлығы да бүгінгі сахнаның кемшілігінен туады.
Тағы бір ескертетін нәрсе — біздің театрдың декорациясы. Жаңа театр қазақ өмірінің
декорациясына бай болу керек. Табиғат суретін алғанда: алыстағы тау, дала, жайылып
жатқан мал, алыста отырған ауыл, желідегі құлын, өрістеп бара жатқан қой сияқтылар
болу керек. Жаздыкүнгі киіз үй, қыстыгүнгі жер үйлердің де көп суреті болу керек. Тоғай
суреті болса, қалың жиын тоғай керек емес, жартасты өзек, тоғай, қайың, тал керек.
Сахнада төбешік, дөң жасаудың айласын табу керек.
Бұл сияқты шарттардың барлығы қазақтың өз театры боларлық салт театрын жасап, қыр
пішінін толық көрсетуге зор себеп болады.
ҚАЗАҚСТАН MEMЛEКET ТЕАТРЫ
Әдетте, театр туралы сөз болғанда ең алдымен сахна өнерінің жаны, көркі саналатын
труппа жайынан сөйленеді. Труппада өзгеден бөлініп өзіне арнап белгілеп алған бағыт,
түр, үлгі, арнаулы мінез бар.
Сахна өнерінің ең зор таянышы, ең бірінші қатардағы қымбатты қажет бұйымы труппа
екені шексіз. Мұны екінің бірі түсінеді. Сондықтан Қазақстан өз жеріндегі сахна өнерінің
іргетасы осы деп, өзге бұйымдары дайын болмаса да, ең алдымен Қазақстан мемлекет
труппасын жасап отыр. Қазірде біздің труппамыздың екі жылдық тәжірибесі бар. Екі
жасқа толғанда, басынан атқарған қилы-қилы заманы, жақсылық табысы бар. Сонымен
бірге арыла алмай келе жатқан кемшілігі, олқысы да бар. Рас, театрдың жалпы
кемшілігінің бәрін бірдей труппаға аударуға болмайды. Ойыншының шамасынан тысқары
шығып кететін жағдайлар болса, оның бәрі үшін жас труппаны кінәлауға болмайды.
Бірақ сөз жалғыз ғана труппа жайында емес, қазақ елінің жалпы сахна өнері жайынан
болса, ол күнде қайдан шықса, онан шықсын, кемістік болған нәрселерді атап өтпей
болмайды.