Қазақстанның ашық кітапханасы
238
дей салып, "ал осының аяғын отырғанша айтып жіберші" дегенде, Бай көкше:
Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,
Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді, -
деп қалжыңдаған.
Өлең, қалжың Абайда аса көп болған. Ұлы сөзде өрелігі жоқ болса, зіл де жоқ. Жалпы
айтыстың еркіндігі бойынша "Сөз тапқанға қолқа жоқ" деп, екшесе берген. Абайдың
Ақылбай деген баласынан туған немере қызының күйеуі келіп жатады. Сол кезде күйеуді
ертіп келген құда шал отырғанда, Абай өлең бастап:
Есіктің алды тастақ та,
Тастақтың алды баспақ та, -
дей бергенде, жаңағы құда шал:
Атасы басқа жау жеңге,
Күйеу қасына тастап та, -
деп ойын - сауық өлеңінің ізіне салып жіберген. Абай кейде әзіл сөзді қара сөздей қолма-
қол айтып салып, қайта есіне алмай қалдырып кете берген. Осындай бір қалжыңды
Ағыбай деген туралы айтады. Біреу кеп: "Ағыбай тағы алдап, сырт беріп кетті" дегенде:
Адам деп есеп қылма Ағыбайды,
Анттан қорқып құдайды танымайды.
Сабын жаққан терідей жылп-жылп етіп,
Шіркін-ай, бір орыннан табылмайды, -
дейді.
Кейде Абай оқыс бір сұраумен ел кісілерін сынайды. Шақантайдың Төлтай, Ошыбай
деген кісілері келгенде, Абай: "Қатты да не қатты, тәтті де не тәтті?" - деп сұрайды. Соған
Ошыбай: "Құрттың ақ малтасына қосып жеген қанттан тәтті бар дейсіз бе?" - деп
бастағанда, Төлтай Ошыбайдың құрдасы екен: "Ой, ит, оттама. Қатты дегені - жоқшылық,
тәтті дегені - жан емес пе!" - депті. Абай күліп: "Жарайсың, Төлтайым. Құдай ақымақты
да, ақылдыны да Шақантайға берген екен!" - дейді.
Қалжыңды билік үстінде де қолданып, мылжың даугерді мысқыл - ажуа етеді екен. Мамай
Қарабас руынан шыққан Тоқа деген кісі өзінің бір туысынан құнанын даулап, Абайға
келеді. Екі жағы бір - бір рет айтқаннан кейін, Абай жауапкерге: "Мына Тоқаның құнанын
бер!" -дейді. Бірақ Тоқа дауқұмар, мұндай тез билікке айызы қанбай: "Абай, сөзімді
екіндіге шейін тыңдашы!" - дейді. Абай қозғалмай, үндемей тыңдап - тыңдап алып, енді
жауапкерге: "Сен енді құнаныңды берме!" - дейді. Сонда Тоқа: "Е, бұның не?" - дегенде:
"Сен құнаныңды бағана алып ең, өзің дауға саттың" - деп, мылжың даукесті жазалайды.
Абайдың ел ішінде өзіне тартып, дос тұтып, серік етіп жүретіндері неше алуан өнерпаздар
болған. Кавказ адамы, айдаудан қашқан бір зергерді ұзақ сақтап, елдің зергерлерін жиып,
әлгі қашқыннан күміске қарала жүргізуді үйреттіреді. Сонда Абай нақысқа қазақтың өз
оюларын салғызып, үлгі таратады.
Өнер иесінің ішінде құсбегі, аңшы, мерген, ат бапшылы болса - бәрі Абайдың сыйлас
адамдары болған. Жасынан Тұрғанбай құсбегі, Бәшей мерген, өз інісі Шәке сияқты
кісілерді ертіп, "салбурынға" (бүркіт аңшылығына қостап бару сапары) көп шығып
жүрген.