Қазақстанның ашық кітапханасы
237
Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған
жоқ. Бірақ бұл күнге шейін ақын шығармаларының әрбір толық басылымының тұсында
сол өмірбаянына кіретін тың дерек, жаңалықтар қосыла түсіп, өсіп келеді. Осы зерттеуде
де ақынның өмірбаяны бұрынғы жазылғандардан бірталай өзгертіліп, тың редакциядан
өтті. Абай өмірі туралы бұдан былай да ел аузынан жиналатын естегілер, жалпы әңгімелер
жамала беруге тиіс. Сонымен қатар ерекше бір көңіл бөліп, кейінгі зерттеушілердің есіне
әсіресе салып өтетін бір жай: ақын жөніндегі орыс тілінде сақталған деректер туралы.
Бұл күнге шейін біз Абайдың достары болған орыс оқымыстыларының Михаэлистердің не
хат, не күнделік, не мақала сияқты еңбектерінде Абайды сөз қылған бөлімдерін жинай
алмадық. Бір табылған аз сөз - Кеннанның "Сібір және айдау жазасы" деген кітабында
Абай жайында айтылған бір дерек. Онан соң, Семей архивінен табылған тергеу ісі бар.
Анығында, Абайдың өмірбаянын оқыған кісінің бәріне мәлім нәрсе, оның патшалық
ұлығымен, ұлықтар кеңселерімен аса көп рет кездесуі туралы болады. Крестьян
начальнигі, ояз начальнигі, жандарал, округ соты, Омбыдағы корпус (генерал-губернатор)
кеңселері барлығының архивтерінде көп жаңалық табуға болатын тәрізді. Орыс
достарының өзара хаттары, естеліктері, күнделік жазбалары да Абай жөнінен қымбат,
қызық жаңалықтар айтса керек.
Осымен бірге тағы бір ескеретін нәрсе, бұл күнге шейін Абайдың өмірбаянын жазғанда
барлық әңгіме, дерек Тобықтының ішінен және әсіресе Абайға анық жақын болған
туыстан, достан алынып келген. Тек осы соңғы жылда ғана Керей, Уақ, Найман елдерінің
азды-көпті әңгімелері енді ғана кіріп отыр. Бұдан былай сол сыбайлас елдердің Абайды өз
көзімен көріп, әңгімелескен адамдарынан қалған ертегі, аңыз емес, нақтылы деректері,
жаңалықтары болса, соларды көп қосу қажет.
Бұның бәрінің үстіне, Абайдың өзі туып-өскен елдің ішінен Абайдың үлкенді-кішілі
істері, сөздері, мінез - машықтары туралы айтылатын қосымша әңгіме, естегілер теріліп
жазылып, тізіле беру керек. Осындай неше саладан сарқылып келерлік жаңалықтар әлі де
бар, мол деп сенгендіктен, біз әлі ақынның өмірбаяны үстей береді, өсе береді дейміз.
Абайдың жайына соңғы жылдарда қосылған өмірбаянының жаңағы соңғы түріне кірген
ірі деректерден басқа бірталай ұсақ, бірақ аса қажет, елеулі әңгімелер бар. Олар Абайды
әр жағынан мінездейтін бағалы деректер. Осы жолғы өмірбаянын соның біразын айтумен
аяқтаймыз.
Бұл әңгімелердің көбі 1935 жылдан бері қарай, әсіресе соңғы жылдарда Абай
ауданындағы немесе жалпы Семей облысындағы колхозшы еркек, әйелдердің аузынан
жазылып алынған. Мұнда Абайдың жас жігіт кезінің әңгімелерінен бастап, өлер шағына
дейінгі жайлары араласа жүреді. Әңгімелер ақын Абай, әзілқой, мысқылшыл Абай жайын
айтады. Өнер мен өнерпазды, аңшылықты, ас пен тойды, ат қосуды сүйетін Абайды
суреттейді. Және аса бір бағалы естегілер кедей көршіге, жалпы еңбек иесі бұқараға берік
дос болған Абайды танытады. Балаға, келін, жасқа тәлім айтып, ұстаздық ағалық етіп
отырған ақынды кейіптейді. Сондай әңгімелердің бір алуаны Абайдың қалжыңды
қадірлегенін көрсетеді. Қалжың, әзілді Абай өлеңімен де, қара сөзбен де айтып, айтысып
отырады екен. Абай Көкшеге жас жігіт кезінде бір рет болыс болады. Сонда бір күні Бай
көкше ақын Абай отырған үйге кіре бергенде, Абай қарсы алдынан өлең бастап:
Тақыр жерге қабындап шөп бітеді,
Кей адамға мал мен бақ көп бітеді, -