Қазақстанның ашық кітапханасы
236
арналған әндер. Мысалы, "Сегіз аяқ", "Сен мені не етесің", "Қор болды жаным" сияқты
алты, жеті, сегіз жолды өлең түрлерін шығарса, соларын жұрт құлағына жұғымды, сіңімді
ету үшін қосарлық әнін де шығарады. Бұл ісі жаңа түрлі өлендерін өте даңқты қып,
көпшілік ән қып әкетеді. Сол тәрізді Пушкиннен аударған Татьяна, Онегин хаттарына да
арнаулы әндер шығарады. Қазақ көпшілігіне әншейінде ұғымсыз, тосаң көрінерлік орыс
жастарының аттарын, өмірін, сезімдерін мынау өлеңдер арқылы аса түсінікті, әсерлі және
даңқты етіп жібереді. 1890 жылдардан бастап Онегин, Татьяна аттары қазақ сахарасында
халықтың өзі тудырған жырлардағы адамдардың атындай белгілі, сүйікті аттардың бірі
болады.
Абайдың композиторлық еңбектерінде де, ақындық еңбегі сияқты, өзіне тиісті үлкен жаңа
өзгешеліктер бар. Бұрынғы ауызша әдебиетке Абай көп еліктемей, жалпы сөз қорын
пайдалана отырып, "Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел" деп, өзінше жаңа түрлі өлеңдер
шығарады. Бұрынғы әнді өзі бұрынғы әдебиеттен сонағұрлым артық бағаласа да, ендігі өз
әнін жақсы-жаман болса да жаңаша үлгімен айтпақ болады. Шырқауы, айғайы аз, көбінесе
құлақ күйіне ұқсаған қоңыр баяу әндер туғызады. Орыс пен Еуропаның камерный әніне,
романстарына ұқсаңқырап келеді. Бұрынғы қазақ әнінің жаңа бір стильмен дами
бастағанын байқатарлық әндер болады. Бұл да өзінше жаңа жол табам деп, нық ізденудің
нәтижесі. Абайдан қалған мәдени мұраның бұ да бір күрделі, үлкен саласы болып
саналады. Жеке әндерінің шығарылған жылдары дәлді мәлім болмаса да, жиыны 1886
жыл мен 1897 жылдар арасында шықты деседі. Өлеңі қою шыққан жылдарда әндері де
жарыса шығып отыратын сияқты.
Енді ақындығының соңғы жылдарына оралып келсек, Абай 1899 жылы өлеңді недәуір
жазады да, осы жылдан соң, алғашқы жаза бастаған 1880 жылдары сияқты, өлең сандары
тағы азая бастайды. Көп жазылған жылы 4-8, әйтпесе 2-3 өлеңмен 1903 жылға келеді де,
содан кейін біржолата өлең жазылмай қалады.
1903 жыл мен 1904 жылдың қысында Абайдың тірі қалған балаларының ішіндегі ең
жақсы көретіні - Мағауия бұрын көптен әлсіретіп жүрген құрт аурудан төсек тартып
жатып қалады. Мағауия әке ұғымынша да және өз ортасының бағалауынша да Абайдың
барлық баласының ең жақсысы, ең ірі деп саналған. Бұл ақындығының үстіне ерекше
мінезді кісі болған. Жасынан денсаулығы нашар болғандықтан, қаладан толық тәрбие ала
алмаса да, әкесінің үнемі өз қасында ұстап, шын жақсылап тәрбиелеп шығардым деген
баласы осы болатын. Елде отырып Еуропа тәрбиесін алған адамдардай ақыл, мінез,
адамшылығы түгелімен мәдениетті кісінің халінде болған. Бұ да әкесі сияқтанып, қырда
отырып, көп оқып, өзінен-өзі қарастырумен көп білім алып қалған адам еді.
Ел жұмысына кіріссе, әкесінің ісін өз мойнына алатын. Жұмсақ мінезді болып, ел
көпшілігіне аса сүйікті болған. Сол Мағауия 1903 жылы қыс бойы төсек тартып ауырып
келіп, 1904 жылы жазғытұрым қайтыс болады.
Абайдың өзі бұл өлімнен бұрын да өмірден қажып, талып, ендігі тіршілігін артық
нәрседей санай бастаған еді. Өз сынынша: ажарсыз, мағынасыз өткен дәурені жалғыздық
дертімен құлазытып, жүдетіп, тоздыруға айналған. Соның барлығының үстіне Мағауия
өлген соң Абай бір алуан ауруға айналады. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады.
Ешкіммен сөйлеспейді де, ешнәрсемен өзін жұбатпайды. Ауруын ешкімге көрсетпейді де.
Мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен, Мағауияның өлімінен кейін қырық күн
отырып, 23 маусымда 1904 жылы алпыс жасында қайтыс болады. Абайдың сүйегі
Жидебайда өз қыстауының жанына қойылады.
***