Қазақстанның ашық кітапханасы
235
Алғашқы жолдағы "Әзірет Әлі айдаһарды" Көкбайға арнаған. Оның діншіл қисса
сарынымен жазған бір өлеңін жақтырмай айтқаны. "Алтын иек, сары ала қызды" Әріп
ақынның "Зияда" деген қиссасына арнаған. Әріп қыз көркін айтқанда:
Ақ тамақ, алтын иек мойындары,
Ұжмақ, жұпар исі қойындары.
Бағдат, Мысыр қызығы ұқсамайды,
Бұлардың сауық қылған ойындары, -
деген.
Сұлу қызды сипаттаймын деп, "иегі алтын, көзі гәуһар" деп, түсіне қарамай, асыл
тастарды санай береді. Соған айтқан.
Абайдың сын сөздері ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ іштерінде
әсіресе Әріп қатты намыс қылып, кектеніп, Абайдың есесін қайырмақ болып, "Біржан -
Сараның" айтысына өз жанынан Абайды жамандау сияқты көп сөздер қосқан деседі. Осы
айтылған мысалдар ақын боламын деген жастардың шығармаларына Абайдың үлкен шарт
қоятынын анық көрсетеді.
Абай сөздері көбірек жайыла бастаған соң, Тобықты іші болсын, басқа көрші елдер
болсын, барлығы да мұның жазбаларының ұдайы оқушысы, тыңдаушысы болады. Бұларға
сөздерді жеткізетін - жалғыз жазу ғана емес, қайта, көбінесе, домбырашы, әнші жігіттер.
Осы жағынан қарағанда, Абай өлеңдерінің тыңдаушысы мен жаттаушылары хат білетін,
арнаулы аз адамдар ғана болмай, жалпақ ел болады. Фольклор мен жазба - баспа
әдебиеттің жапсарында шыққан ақынның шығармалары әрі ауызша, әрі жазба әдебиеттің
күйін бірдей кешеді.
Абай айналасында өлең айтып, ән саламын деген әнші - ақын болса, қыз - келіншек, жас-
кәрі болса барлығының да топта, ойын-тойда айтатын жырларының көбі Абай сөздері,
Абай әндері болған.
Біз бұл уақытқа шейін Абайдың нәрлі еңбегін айтқанда, ылғи ақындығын сөз қып келдік.
Енді, осымен қатар, одан қалған мәдениет мұраларының ішінде үлкен, елеулі орны бар,
композиторлық еңбегін де атау керек. Абай өзі жақсы домбырашы болған. Қазақтың ескі
ән-күйін жете білген, барынша сүйген. Елдің ән-күйін елти сүйіп айтқан:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, -
деген өлеңдері бұған дәлел. Және сол ән баян еткен ескі хәлді ойлап, толғанып кеп:
Есіткендей болады
Құлағым ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тірілтіп өткен құрғырды, -
деген жолдары бұның өз еңбектерінің терең тамырлары сол қазақтың өткен өнер,
мәдениетімен жалғасып жатқанын көрсетеді. Осы сияқты әр кезде, көп өлеңінде Абай ән -
күйге талай-талай сұлу мағыналы жырларын арнайды. Ол - музыкаға ақын болып қосқан
үні. Сонымен қатар Абай музыканың өзіне композитор болып та атсалысады. Абайдан
қалған 16-17 ән бар. Бұлардың көбі - өзі жазған жаңа ұйқас, жаңа түрлі өлеңдеріне