Page 234 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
234
бұлардың Абай сөзін жоқ қып жіберуі өзгеден сонағұрлым оңай болған. Қайта өлеңдеріне
қарағанда, Абайдың қара сөздері көбірек, түгелірек сақталған сияқты.
1890 жылдардан бастап ұстаздық, үгітшілік жолына түскен соң, Абай өлеңді аз жазса да,
"қара сөзбен" айтатын өсиетті көп жазады. "Ғақлия" деген өсиеттері сол 1890 жыл мен
1898 жылдардың арасында жазылған. 1891 жылдан соң өлеңмен айтпақ болған сөздерінің
талайын қара сөз үгітіне айналдырып жіберген. Кей уақыттарда бірталай өлендерін сол
қара сөзде айтқан пікірлерінен шығарып, өлең қылып кеткені де бар.
Қалай да соңғы 10-15 жыл ішінде Абай осы сияқты жаңа жанрды тауып, соған кейде
өлеңнен де көп уақыт бөледі. Бұл кездерде Абай сөзін қадірлі көріп, әрбір шыққан жаңа
өлеңдеріне ынтық болып отырған ел оқушылары "қара сөздер" шыға бастаған соң, мұны
өлеңнен кем көрмейтін болады. Қайта берірек келгенде, ел ішіндегі оқушының барлығы
да Абай сөздерін молдаларға ақша беріп жазғызып, көшіртіп алып жүргенде, ең алдымен
қара сөзді тілейтін. Соған көп ынтығатын. Тегі, "қара сөздер" кім болса соның қолында
кетпей, жазылысымен маңайындағы сауаттылардың қолына түсіп, сонда шашылмай, аман
сақталып қалған сияқты. Бұл ретте Абай сөздерінің шашылмауына, жоғалмауына,
мезгілімен тізіліп, жазылып, елге тарап отыруына көп еңбек еткен адамдар бар. Олар
Кішкене молда, Махмуд, Самарбай, сонан соң әсіресе Мүрсейіт. Баспаға шыққанынша
жыл бойы әлденеше рет Абай жинағын көшіріп отырып, Мүрсейіт бір кітапты бір қойға
сатушы еді.
Өз өлендерін 1896 жылға шейін жиғысы келмегені - Абайдың өлең сөзге өте үлкен
сынмен қарап, үлкен шарттар қойғандығынан болған. Өлең Лермонтов, Пушкин
сөздеріндей болмаса, одан берідегі сөздері өз сөзі болса да, толық қанағат қылмаған.
Барлық қазақ әдебиетінің өзі білген ескілігінен Абай жалғыз Марабай мен Шөжені ғана
"нағыз ақын" дейді екен. Бірақ Абай Махамбет сияқты ірі ақындарды ести алмаған. Абай
өз сөздерін қатаң сынаумен қатар, маңында өлең жазатын жастарға да сондай мінез
істеген. Тегінде, Абайдың өсиеті, үгіттері, білімді, мағыналы кеңестері мұның маңына өз
тұсындағы талапты жастардың талайын жинаған дедік.
Жас шәкірт ақынның бәрі де, қысқа өлең, өсиет өлең айту Абайдың жолы, дағдысы
болғандықтан, өздеріне Абайдан алған үлгіге қосып, тың бір түр іздеген сияқты.
Сондықтан көпшілігі ұзақ, әңгімелі өлең жазады. Абай барда Көкбай шығарған әңгімелі
өлең "Сабалақ" - Абылай жайы. Ақылбай "Дағыстан", "Зұлыс", "Жәррах" деген
поэмаларды, Мағауия "Медғат - Қасым", "Шамиль", "Абылай", "Еңлік - Кебек"
поэмаларын жазады. Және Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай сияқты жастардың Әбдірахман
науқасына, өліміне арнап жазған ұсақ өлеңдері көп. Бұлары мұңды шер өлеңдері, нағыз
сезім лирикасы.
Қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзінде шығып отырарлық жайға жетсе, Абай
айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан
күрделі әдебиет ағымын көрсеткен болар еді.
Абай бұл жастардың өлең жазуын өте жақсы қабылдаған. Бірақ кешірімсіз қатты сын
жасап отырады. Олардың сөздері ұнамаған уақытта міндерін өлеңге қосып та жібереді.
Мәселен, Көкбай, Әріптердің өлендерін еске алып:
Сөз айттым "Әзірет Әлі айдаһарсыз",
Мұнда жоқ"алтын иек, сары ала қыз".
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз, -
дейді.