Page 233 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
233
Бұл тартыс-таластардың тұсында жандарал, ояз кеңселері де, әсіресе жасырын тыңшы
полиция кеңселері де тек отырып қалмайды. Тегінде, патшалыққа қарсы болған
төңкерісшіл топтармен іштей достық, байланыс жасаған Абайға патшалықтың ресми
орындары, кертартпа ұлықтары көптен қадала қарап жүрген-ді.
Жылдан жыл асқан сайын қазақ сахарасына өлең - өсиет үгіті тарап, қалың елге, әсіресе
еңбек еліне қадірі артып бара жатқан Абай, патшалықтың болыс ұлықтарын шенеп
жерлеуші Абай жәйлі кісі, жақсы кісі боп саналмайтын. Сондықтан оның ел ортасындағы
әсерін әлсіретіп, қанатын қырқатын дүлей күш қазақтың өз ішінен табылса, оны жандарал
кеңселері әлдеқашан құптап, қостаушы болуға әзір жүретін. Оразбайларға астыртын дем
беріп отыратын өздерінің де арам саясаты бар-ды. Елден Абайды жамандап түскен арыз
болса, оны ерекше ықыласпен тыңдайтын. Сондай жасырын шағым мына тұста да аз
болмайды. Осындай арыз-шағымның бірін сылтау, себеп етіп, 1903 жылы қырдағы Абай
аулына жандарал бұйрығымен Семейдің тыңшы кісілерінің бастығы полицмейстер өзі
бастап, бір топ жандармдармен кеп, қатты тінту жасайды. Ниеті Абайды бір жазаға
іліктіру еді. Бірақ ақынның халық арасындағы зор атақ, даңқынан, қадірінен жасқанып,
батыл әрекет істей алмай кетеді. Сол жолы Абайды астыртын көрсетіп отырған - тағы да
бүлік, бұзық рубасылары, сатымсақ болыстар. Абайдың барлық өмір бойында халқына
деген қасиетті еңбегіне өш болған қараңғы кертартпа, қанаушы топ.
Абайдың "ел мінезі" деп рубасылар мінезін алып, қатты ызамен, сын сатирамен жырлауы
осы хәлдерден туады. Ақын тіршілігінің ең ауыр қорытындысы, әсіресе сол 1897
жылдарда және өзі тоқтаған жылдарда тіпті айқын боп шығады. Абай енді жылдан жыл
өткен сайын өмірден қажып, шөге береді. Осы жылдарда өлімді де ойлай бастайды. Өзі
кешірген ерекше дертті, өмірдің барлық қайғысын, өкінішін еске ала отырып, қазақ
әдебиетінде мәңгілік ұмытылмайтын "Өлсем, орным қара жерді" жазады.
1896 жылы өзінің бұдан бұрын жазған өлендерін "жинасын" деген. Бізге қаншалық ғажап
көрінсе де, осы 1896 жылға шейін Абайдың өлеңдері бір араға топталып, жиналмаған
болатын. Абай өзі бір жазып тастаған өлеңін қайтадан жоқтап, жинап отырмаған.
Әрқашан, кейде кітап оқып отырғанда, кейде жай бір оймен қозғалып отырғанда қолына
қағаз, қарындаш алып, айтпақ өлеңін жазып тастайды екен. Соны қасында отырып
балалары, інілері я жәй адамдар болса да, қалтасына салып алып, жүріп кетеді. Содан
біреуден - біреу жазып алып жаттайды. Кейбірін әнге қосып, домбырамен айтып жүреді.
Өлең жазу қызметі осы сияқты болғандықтан, қазірде біздің қолымызға Абайдың өз
қолынан жазылған қолжазбасының бірде-бірі жетпей отыр. Барлығы да ел жігіттерінің
қалтасында, қойны - қонышында жүріп, жоғалып кеткен. Осы ретіне қарағанда, "Абайдың
беріде жазған талай өлеңі де ешкімге мәлімсіз болып, шығысымен жоқ болып кетпеді ме
екен?" - деген күдік туады.
Өйткені жасынан біткен әдет бойынша, Абай біреудің оғаш мінезін көргенде, ылғи
қалжың, ажуа, мысқыл өлең айтқыш болатын. Осындай сөздерінде әрқашан өз жанында
жүрген жақындарын, ағайын-туыс қандарын мысқыл етіп, солардың мін - мінезін күлкі
ғып, әйгілеп айтады. Сол кісілердің көбі қолына өлең түсісімен, өз мінін айтқан сөздердің
көзін жоғалтуға тырысқан. Сонан соң, кейбіреулер Абайдың өзінен жалынып-жалпайып
сұрап алып та, көзінше жыртып тастайтын болған. Мысалы, Көкбайға, Қыздарға шығарды
деген өлеңдер осындай күйге анық ұшыраған. Тағы бір алуан өлеңдерінде жақын туысқан,
дос-жар таныстарын қатты мінеп айтқандықтан, інілері мен балалары "ана адамдар
өкпелер" деп, жасырып жоғалтып жіберетіні де бар. Еске алатын бір нәрсе, Абай кісі
мінеп айтып, өлең шығарғыш болғанда, сол құралды ешуақытта нағыз жауына
жұмсамаған. Өлеңімен мысқыл қылатыны ылғи жақыннан шыққан адамдар болады. Ал