Page 232 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
232
Барлық осы әлектің терең тамыры жалғыз партия таласында емес, одан әріде жатыр. Бұл
қастық - ескішіл, қараңғы феодалдардың Абайға тап жауы екендігін, сондай қоғамдық
тартыс жөнінен өштігін көрсетеді. Олар үшін Абайдың өсиеті, әр өлеңі, жаңа жарық
дүниені іздеуі жат жаңалық болып көрінетін. Жуандардың шірік ортасы намысқа дақ
салғанда, өздерінің қаншалық нәрсіз, құнсыз екенін көрсетіп еді. Осы іс үстінде сол
рубасылар ортасының іштей шіри бастағанын Абай, жалғыз Тәңірберді емес, көп жерден
көреді.
Бұл уақыттағы Абай елден азайып, қайраты кеміп, таршылық көрген жоқ-ты. Оразбай
істеген іске он есе артық істеп, жаза мен қарсылық көрсету 1897 жылда да қолынан келуші
еді. Абайды Оразбайдың сабағанын естігенде, Тобықтының өз іші емес, алыс-жақын көп
қазақ күйзеледі де, намысы қозады. Абай үшін ең алдымен Оразбайды жазалаймын десе,
қалың қазақ Абайдың жасағынан табылатыны даусыз еді.
Оразбай жөнінде тағы осындай бір іс 1898 жылдың жазында болған. Тоғалақ руынан
шыққан Ержігіттің Бейсембайы деген жас жігіт Оразбай айтқан бір бұйрықты
орындамайды. Соған ашуы келген Оразбай кәр"қылып, қорламақ боп, көр қаздырып,
Бейсембайды тірідей көмдіреді де, өлімші ғып жазалап, зорға босатады.
Сол ісіне ызасы келген жай шаруаның көп елі бірігіп ап, Бейсембайдың намысын жоқтап,
аттанып барып, Оразбайдың аулын тал түсте шауып, желісін кескілеп, үш мың
жылқысына тиіп алады. Елдің осы ашуында Абай кегі де жоқ емес еді. Абай тілесе, бұл
жолы Оразбай қайтып тұра алмастай соққы көрер еді. Бірақ Абай ел жуандарынша
жаулық қумайды. Сол тұстағы барлық басқа ісі мен мінезі де осы айтқан сөзді дәлелдейді.
1899 жылдың жазында землемер болыс - болыстың арасына меже салып, шек жүргізгенде,
бұрын Мұқыр болысына Абаймен араздасып шығып кеткен және сол жылғы жанжалдың
кіндік енесі болған Жігітек, жер - қоныс ыңғайы бойынша Шыңғысқа қарап қалады. Абай
бұрын Құнанбайлармен араз болған ағайынның бар адамдарын шақырып алып: "Қырық
жыл елдік, қырық жыл жаулық болмайды. Бұрынғы араздық кекті тастайық", - деп,
Жігітек елімен татуласады.
Абай жуандардың ісін ұлыққа да шақпаған. Заң-закон арқылы кек алуды да іздемеген.
Жаңағы жылдарда бұрынғыдан біржолата тыйылмағына өмірден суынып, қажи бастағаны
да себеп болған. "Алды - үміт, арты - өкініш" өмірден енді шын түңілген сияқты.
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.
Қай қызығы татиды қу өмірдің,
Татуды - араз, жақынды жат қыларға?! -
Дейді.
Бірақ Абайдың өз басы осы күйде болғанымен, 1897 жыл әлегінің арты Тобықты ішінде із
- тозсыз өшіп қалды, партия, пәле, алыс-жұлыс тыйылды деп ойлау керек емес. Рубасы,
атқамінер атаулыға ол ауа мен су сияқты тыныс, қорек ететін азығы. Сондықтан Абайдың
өз бала - інілері де Абай жаңағыдай қарады деп тоқтап қалған жоқ. Енді солар кекті боп,
солар қуғыншы болады. Бар күштерін ел кегін алуға салады. Баяғы әдіс - тартыс қайта
қолданылады. Елді көп алғандық шербешнайларға тоғысатын билерді көп алудан білінеді.
Биді молайтып, басып алған жақ кесікті өз қолына алып, түпкі кекті сол кесік
жазаларымен орындайды. Абайдың намысын, ісін қуған жақындары ендігі барды осы
шербешнайларға салады. Екі жақ бірдей би атаулыға мал мен пұлды кезек беріп, қатты
шығындап жатады.