Қазақстанның ашық кітапханасы
231
білдірмей, іштей Оразбайға ақыл да, сыр да қосып қояды. Мұқырға ояз келіп, сайлау
болғалы жатқанда, өз елінен Оразбай да аттанды. Ол жолшыбай Тәңірбердінің аулына
қонып отырып: "Абай бұл топқа бармасын, барса бүлік болады" дейді.
Абай бұның алдында үйде тыныш отырып, ақындық, ұстаздық еңбек етіп жатқанда,
Оразбай, Жиреншелер және Жігітек, Бөкеншіден - Бейсембі, Күнтулер, Жәкеңнен -
Әбендер тыным алмай, пәле қоздырып жүрген. Осы топтың анық бүлік, жанжал басы
екеніне солардың сыр мінезін жақсы білетін Асылбектің дәл сол орайда айтқан бір сөзі
айғақ.
Сүйіндік баласы Асылбек ру жігі бойынша Күнтулермен бірге болса да, кесір іске
бармайтын адал адам болған. Абайға өз басы дос. Үйде жатқан момын жан екен. Соған бір
күні Жиренше кеп амандасқанда:
-
Аманбысың, байғызым, - дейді де: - тастың арасында тек жатып, түбін ойлап
жатырсың ғой, - дейді. Асылбек соған орай:
-
Аманбысың, бәбісегім. Бәбісек көкекше әр қидың түбіне барып, бір "пыс" деп, исі
Олжайды түртіп тұрғызып жүрсің ғой! - деп мысқылдайды. Тағы бір орайда Жиренше
мінезін жақтырмай ажуалап:
- Қосаяқ қой бұл. Күні бойы тек жатып, кеш батқан апақ-сапақта екі аяқтап, шандатып
жортады! - дейді.
Бұл айтқаны Жиреншелердей тынымсыздардың елді пәлеге айдап, сол Мұқыр
сайлауындай тартысқа әзірлеп жүрген сұмдықтарын танытады. Олар, бір жақтан, бейбіт
елді бөріктіріп "жау жетті" деп жүріп, екіншіден, өз араларын да нықтап шүйлей береді.
Сол күндерде Оразбай өз алдына әлденеше тәсіл - айланың, қастық, жаулықтың жолын
атап, белгілеп ап, осының байлауын енді "Жер табанға берейік" дейді екен. "Жер табан"
деп ат қойғаны - сол кездегі Жігітектің қайсар, қыңыр биі Бейсембі. Өздері түртпек салып
жүрсе де, араздық туын Жігітекке ұстатпақ. Соларды найза басы етіп, алдына салып
алмақ. Сол үшін Жігітектің "Жер табан" таймас, қайсар Бейсембісі топтың байлауын өз
аузынан бекітсін дейді. Мұқыр сайлауында болатын оқиғаның бұ да астар жағы, әзірлігі.
Ақыры Абай да, Оразбай да сайлау басына барады. Оразбайға Әбен: "Елді алатынбыз.
Бірақ Абай келді. Енді тағы алып кетеді", - дейді. Оразбай сонда Абайдың аз кісімен
келгенін біледі. Және Әбен жағында ел күшінің көп жиылып тұрғанын көреді. Өзінің
жаулық ниеті іске асатын бір кезеңі осы деп түсінеді. Сонымен, қол қимылын істеп
жіберуді Әбен мен Жігітектерге тапсырады.
Айтқанындай, Абай келген кезде Әбеннің өзі бастаған топ кісі Абайдың үйіне қаптап
келіп, жабылып кетеді. Абайға таяқ тиеді. Әбендер Абаймен қоса Кәкітайды басып
қалады. Бір кез Кәкітай оязға жетеді. Ояздар мылтық атып, арашалап алады.
Бұл оқиға ел ішін астаң-кестең етеді. Елдің Абай үшін күйзелген жігітінің бәрі тегіс атқа
мінеді. Жарым жұрт жол тосып, Оразбайды ұстап алып, өлтірмек те болады. Aшy үстінде
әр түрлі ірі жаулықтың жолдарын айтысады. Бірақ Абай оның ешбірін де қостамайды. Қол
қимылынан елді тоқтатады. Жалғыз-ақ дәл сол күні Оразбайдың Тәңірберді аулына
тілдесуге жіберген жансызы сезіліп қалады.
Абай соны білген жерде: "Менің жауым бауырымда отыр ғой, бүйткен елде қайтіп тұрам,
кетем!" - деп, атына мініп, қасына бір ғана жігітті ала, күнбатысқа беттеп қашады.
Артынан қуа келген Ысқаққа: "Бұл елде тұрмаймын, жоғаламын!",-дейді. Бірақ
қуғыншылар шылбырына оралып, атын жетелеп, қайта әкеледі.