Page 230 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
230
жағында, жартысы оған қарсы ниетте жүреді. Оразбайдың бұл кезде байлығы асып,
қимылы қатал боп, көпті қорқытып, дәуірі Тобықты ішінде басымдап келе жатқан.
Мұқыр сайлауының дәл алдында ел ортасынан тағы бір тың әрекет шығады. Ол - Бәзілдің
қызы Қадишаның дауы.
Бәзіл -Тобықты, Жуантаяқ ішіндегі бай-жуанның бірі. Құнанбай тұстас кісі. Бұның
Байғұлақ деген баласы - Оспан мен Оразбайдың аралығында "тең тартта" жүретін елеулі
атқамінерлердің бірі. Соның қарындасы Қадишаны айттырып отырған жері Оразбайдың
туысы, Есболат екен. Қыз атастырған жігітіне ырза болмай, Абыралыдан келген жолаушы
Қаракесек Олжабай деген жігітке ғашық болады. Екеуі көңіл қосып, қашуға әзірленіп
жүрген түні анду болып, қолға түседі. Байғұлақ пен Оразбайлар қыз бен жігіттің екі
аяғына бір кісен салып, Олжабайды өлтірмек болған. Жаны қысылған жастар көмек тілеп,
Абайға тілхат жібереді.
Абай сол арада бұл жандардың ауыр халіне ара түсіп, тез бұйырып, Олжабай мен
Қадишаны өз аулына алдыртады. Сонда Қадиша Абай үйіне жақындап, есіктен кіре
бергенде, жастық арызын айтады:
Шығады бүркіт алған қыр басына,
Алаштың болдым жолдас мырзасына.
Бір кісен жеке тимей аяғыма,
Олжабай, ортақ болдың бір басына.
Олжеке, тартынасың неге жүрмей,
Бағана қалсаң еді маған ермей.
Бір жұмыс не де болса істеген соң,
Қарада жан қала ма дауға кірмей.
Алдыңа келіп тұрмын, Абай аға,
Бар шығар сізде дағы мендей бала.
Айдайды кісен салып аяғыма,
Ісіне құдіреттің бар ма шара?!
Абай Жуантаяқ пен Есболаттың қарсылығына қарамай, аңдушы жігіттерді айыпты етіп,
Олжабай, Қадишаға азаттық әпереді. Екеуін қосып, Абыралыға аман-есен жөнелтеді.
Мұқыр сайлауының дәл алдында болған осы билік Абайға қыз төркіні Жуантаяқты,
қыздың қайыны Есболатты өкпелі, араз етеді. Оразбай тобына жалған намыс жоқтаған,
қалың шоғыр тың руларды қосады. Ол Оразбайды бұрынғыдан да қыздыра түседі.
Алыстағы Мұқыр сайлауына омыраулап араласып, асыға қимылдап, пәле шақырып
жүреді.
Сонымен, сайлау жақындаған соң Мұқыр болысындағы Абайдың тілектестері: "Сайлауға
өзің келмесең болмайды. Оразбай келіп, сүйген адамын болыстыққа сайлап алып,
басымызға пәле жаудырады", - деп, Абайды еріксіз барғызады.
Екі жақ та осы елдің сайлауын бір ірі түйін деп білген. Шынында, көп алысқан Оразбай
бұл болыстың ішінде дендеп тұрады. Қарсы жағында бұрынғы барлық Қоңыр көкшеден
жалғыз ғана аз ру Көкше қалады. Одан басқа Мырза - Жөкең деген ел және бұрын
Шыңғыстан Құнанбай балаларынан қашып, осында шыққан Жігітек, Бөкенші - барлығы
да Оразбай ниетінде болады. Осы сайлауға шейін Мұқырдың болысы боп келген Әбен де
Оразбайдың досы. Ол қыңыр, надан және өзі ожар, сотқар адам. Бұлардан басқа
Шыңғыстың өз ішінен және тіпті Құнанбай балаларының арасынан да Оразбайға
астыртын тілеулес боп алған адамдар бар-ды. Соның бірі — Абайдың ағасы Тәңірберді,
бұл Оразбаймен құда. Және болыс боп тұрған баласы Әзімбай сыртына шығармай, Абайға