Қазақстанның ашық кітапханасы
229
Щедринді ұсынғаны сияқты, ауызша өсиетте де Аристотельді, Белинскийді қоса айтады.
Ұлттық, діндік тар көлемде әсте қалмайды.
Бірақ атқамінерлер пәлесі Абайдың саналы еңбекпен отыруына ырық бермейді.
Оразбаймен ұстасқан жаулық 1891 жылдан бастап 1897 жылға келеді. Бұл кезде Абайдың
ел жұмысына араласарлық Ақылбай, Мағауия сияқты балалары, Кәкітай сияқты немере
інілері жетсе де, Абайдың соңынан ерген ел, жалпы тартыс болсын, ел ішінің кеңесі,
билігі болсын, үлкен шербешнай сияздар мен болыстық сияздары болсын, барлығынан да
Абайды босатпайды.
Осы тұста айтылған ерекшелігінен басқа, Абайдың би болуын көп-көп елдің тілейтініне
тағы бір себеп, Абайдың билігі өзге рубасылардың парашыл, бұра тартқыш билігінен
басқаша болған. Дәл өз басы өз алдына келген билікке шамасынша әділ болуға тырысқан.
"Басшылық, ұстаздық, ел түзеуші болу" жайында ұдайы айтатын тазалықты Абай осы
тұста толық орындауға тырысқан.
Мұның белгісіне Абайдың сырт елдердің талай-талай үлкен дауларына билік айтуынан
басқа, дәл өз елінің ортасындағы биліктерін де мысал қылуға болады. Тобықты ішінде жер
дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты үлкен сөздер болғанда, Абайға келіп билік айтқызуға
әрқашан жау жағы ынтық болады екен. Өзгені қойып, Құнанбай заманынан бері қарай
ұдайы жаулықпен күн кешірген Жігітек ішінің рубасылары да үлкен даудың тұсында
алдымен сол Абайға баруға өзі ұмтылады. Тіпті дауласқан кісі Абайдың тілеуіндегі адам
болса да, соны істейді. Ырғызбайдың зорлықшылдарын ең алдымен аямай жазалайтын
Абайдың өзі болады.
1897 жылға шейін Абай ел сөзі мен ел жұмысынан шыға алмай қойғанда, көбінесе әділ
билікпен тыныштық орнатып, тым болмаса дау-шарды тоқтатармын деген үмітте болған.
Әйтеуір босатпайтын болған соң, "тым болмаса осымен бірдеңе істеп болмас па екен"
дегендей:
Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя
Дауың мен шарыңды, -
дейді. Бірақ 1897 жылға дейінгі ісі жалғыз бұл емес. Оразбай партиясы бір Шыңғыс, бір
Тобықты мен тоқтамай, тағы мол ауданға, кең майданға шығып кеткен. Абай неғылса да
бұл тартыс тыйылмайды. Оразбай кегі сондай күшті болған. Еріксіз келіп, түрткі салып,
соқтығып, Абайды ерік алдына қоймайды.
Оразбай өз болыстарымен қанағат қылмай, көрші болыстардың барлығының сайлауына
барып, Абайға қарсы жаулардың басын құрап, сайлау сайын партия тартыс шығарады.
Сонымен, жауы баратын болған соң, ықтиярсыз Абай да барады. Бөтен елдегі достары
өзге кісіні қанағат қылмай, өзін керек етеді. Осындайдың әлегімен жүріп, 1897 жылдың
сайлауына келгенде, Абайдың үнемі арманды болып өткізген өмірінің ең мағынасыз
қорытындысы сияқты болып, бір үлкен оқиға туады.
Бұл оқиға Мұқыр болысының сайлауында болған. Мұқырға сайлаушы уез келер кезде,
барлық Семей уезінің шылықтары кездесіп отырады. Бір жағынан, бұрынғы күйге
үйлескісі келмей, заманынан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақын, данышпан
болуға айналған Абайды көреміз. Екінші жағынан, күндегі өмірдің талқысы мен шыр
шеңберінде, түгел партия болып, барлық болыстар қақ жарылып, жартысы Оразбай