Page 22 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
22
Жоғарыда қойылған сұрақтың ендігі ақырғысы: бүгінгі пьеса мен артист, бүгінгі театр
туралы еді. Біздің білуімізше, қазіргі дәуірдің театры екі саламен өсетін сияқты; біреуі —
қырдағы қалың елге ұғымды болатын елдің өз бұйымдарынан құралған ескіліктің
белгілерін тірілткен ел театры, қырдағы театр. Мұндай театрдың ойнайтын нәрселері
жоғарыда саналған ел әңгімелері, көпке белгілі өлеңдерден, ойын-сауықтардан құралатын
елге ұғымды жеңіл пьесалар, жеңіл репертуар болуға тиіс. Осы сияқты негізгі құрылатын
театр болса, ол ең алдымен көшпелі болу керек. Жаздыкүнгі жайлауда, жәрмеңкеде, айт
пен тойда ойналатын театр болады. Мұны жасаушы қала театрының артистері болуға
керек. Солар жаздыкүнгі мезгілге ерте бастан елдің нағыз өз денесінен шыққан жар-жар,
айтыс сияқтылардан әлденеше пьеса құрап алу керек. Әрине, бұларды қала театрында да
ойнауға болады.
Бірақ көбінесе, арналатын халқы қалың елдің өзі болсын. Бүгінгі дәуірдегі театрдың бір
сатысы, бір түрі осы болуға қисынды ғой дейміз. Осыдан бастасақ, театр өнеріне қалың
елдің өзін әкеліп қосуға да мүмкін болмас па екен?!
Бұдан соңғы екінші түрдегі театр — қала театры, аз да болса, оқыған сезімдірек,
сыншырақ халықтың мәдениетті театры. Мәдениетті дегенге бұл театр Шекспир,.
Шиллер, Метерлинкті ойнайды деп есептеу керек емес. Ең алдымен мұның да ірге тіреген
негізі — жаңағы театр сияқты қалың елдің өзі болу керек. Бұл театр да ел денесінен
туады. Елге ұтымды театр болады. Көрсететіні — қазақ, елі, қазақ қауымдарының әдет-
салты, мінез-құлқы болады. Солардың өмірін барлық тілек-мақсұтымен, жақсылық-
жаманшылығымен толық суреттеп көрсететін болады. Қазіргі уақытты алсақ, қала театры
осы қалыпты болып құралып келе жатыр. Бүгінгі шығып отырған пьесалардың барлығы
беттеген бет — осы. Көпшілігі ел тұрмысын, ел салтын көрсетеді. Не болмаса, қазақ
қауымының ішіндегі кемшілікті, әдет-мінезден туатын әр түрлі ауыр хәлдерді көрсетеді.
«Алтын сақина сияқтылар сондай пьесалардың мысалы. Бұдан соңғы бір алуан пьесалар
елдің артқы өмірін суреттейді. Мысалы: хан заманын көрсететін «Арқалық». Бұл
аталғандардың барлығы да қалың елмен байланысы күшті болған, ел тіршілігінің жанды
суреті сияқты нағыз салт пьесалары.
Біздің бүгінгі театр бұлардан басқа жаңа алуанды пьесаларды туғызып келе жатқаны да
бар. Ол пьесалар — оқығандар өмірінен алынған, онан соң пьеса болып құралған ретіне
айтатын дауым көп болса да, алған ортасына қарап бір жікке шығаратын пьесамыз
«Қызыл сұңқарлар». Осы пьесалардың барлығы да ел өмірінен туған бүгінгі қазақ
ортасының айнасы сияқты. Барлығы да салт театрының пішінін құрау үшін керекке
жарайтын бұйымдар.
Бұдан кейінгі сатысында қазақ пьесалары қалың елдің өмірін көлемдей кең суретпен
көрсетумен бірге, мәдениетті қауымның ақыл-сезіміне толығырақ жем беретін жаңа үлгіні
де туғыза бастау керек. Әрине, мұның бәрі жазушының шеберлігіне байланады. Сөйтсе де
сұлу әндей ескілік пен бүгінгі өмірді қосып, соның бәріне жарастықты жаңа үлгіні әдемі
кесте сияқты қылып жамаса, қазақ театры алдынан да, артынан да кең өpic табар еді
деймін.
Сондықтан бұдан бір-екі жыл бұрын «Қызыл Қазақстанның» бетінде қазақ пьесаларына
баға берген сыншы: «Мұғалімнің қатын алып қашқанын көрсеткен пьеса — қазақ өмірі
емес» десе, біз ол сөзін өрескел қате деп білеміз. Мұғалімнің қатын алып қашқаны
болсын, яки бүгінгі төңкеріс оқиғалары болсын — барлығы да сол оқиғаларды көрсетумен
бірге елдің салт-санасын, өмір қалпын көрсететін болса, барлығы да қазақ пьесасы
болады.