Қазақстанның ашық кітапханасы
228
Бұл баласы Абайдай әке өмірінің жалғыз бір үлкен жұбанышы еді. Соның мұратына жете
алмай, ерте өлгені артында қалған әкесін қатты қайғыға салған. Ел ортасында "етек
бастыны көріп" жүргенде, Абайдың аңсап, тілеп, коп күткені сол баласының келешегі
болатын. Көп үшін өнімді еңбек істеп, мағыналы адамшылық ұрығын шашады деген
жалғыз үміті сол еді. Соның ерте өлгендігі Абайдың жүрегінен тағы да ұзақ шер, көп
зарды шығарады. Әбіштің (Әбдірахман) өліміне арнап айтқан өлеңдері Оспанның өліміне
айтылғаннан да зарлы, ауыр қайғылы сөздер болады. Бұл аза ақынның сол кездегі басқа
өлеңдеріне де өкініштің уытын жайғандай болады.
Әрине, бұл уақыттарда Абай терең, даналықпен толғайтын ақынның өзі болған. Сыртқы у
қосып тартып жатқан сыбағасы бар. Өз ішінде, қалыптанып толған сыншы ақылдың бұны
табынан ұзатып әкететін жалғыздығы бар. Оның үстіне, жанына сүйеніш санап,
тіршілігіне жұбаныш қылған сүйікті жандарының өлімі бар. Осының бәрі жиналған соң,
бар сотқармен алысып жүрсе де, Абай өлеңді өз жүрегінің тынысы сияқты қылып алған.
Сондықтан Лермонтовтай ақындардың өлендерін қазақшаға аударса, сол сөздерді құр ғана
сыртқы келісімін сүйгендіктен аудармайды. Барлығын да өз жүрегіне түсінік, өз халіне
жанасатын, өзінің әлеуметтік мұң - арманына тап келетін және өз қиялына үйлесетін,
ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады. Аудармалар ақынның өз жүрегінен
толқып шыққан қайғылы шердің де айнасы, толас - тынысы сияқты болады.
Кезі келгенде айта кету керек, Абайдан қалған аудармалар тегіс бірдей емес. Кейбірін,
мысалы, Крылов мысалдарының көп жерін немесе Лермонтов өлеңдерінің бірқатарын
ақын дәл аударады. Сонымен қатар сол Крылов, Лермонтовтың және әсіресе Пушкиннің
"Евгений Онегинін" әдейі бір кең толғаумен өзінше еркін жырлап жеткізеді. Бұнысы -
аударма ғана емес, Еуропа, Шығыс әдебиет тарихында көп ғасырлар бойында тәжірибеде
болған сарын қосу сияқты бір жол. Алдыңғы ақын сезіміне, әңгімесіне, ой толғауына
сүйсіне отырып, өз ішінен де соған үндес қоғамдық сыр шығарып, қосыла күңіреніп, қатар
шабыттанып кетеді. Бұл түрдегі сезім, ойларды өзгерте жырлауы әдейі істелетін, өзіндік
тумаларға жақын боп шығады. Сондықтан бұл алуандас ақындық еңбегінің кейбіреулерін
құр аударма деп қарамай, Пушкин, Лермонтов, Байрон сарынымен жазылған шығармалар
деп тану керек.
Осындай болып қалыптанған ақындық күйі Абайдың соңғы күндеріне шейін біржолата
нығайып, орнығып алған арнасы еді. Әредікте қыс болсын, жаз болсын, ел сөзінен қолы
босап, аз да болса орнығып отыратын уақыт жетсе, 1889-1890 жылдардай тағы да
тәрбиешілік, ұстаздық етеді. Бұл уақытта жалғыз өз өсиетін айтпай, орыс кітаптары
арқылы таныс болған бұрын - соңғы данышпан, ғалым, ақын, жазушы атаулының бәрінен
мысал келтіріп отырады. Ұдайы ойшылдыққа салына бермей, көркемдік тәрбиені де көп
ойлайды. Сол ретпен, өзі оқыған қызықты, шебер романдарының көбін өз тілі, өз
аудармасы (редакциясымен) әсем әңгіме қып айтып береді.
Абай мектебінен тараған осындайлық жаңа, соны әңгімелердің ішінде өз уақытында жаңа
болған "Мың бір түн", "Шаһнама", "Бақтыжар", "Ләйлі - Мәжнүн", "Көроғлы сұлтан"
сияқтылардан басқа, орыс пен Еуропаның да талай романдары болды. Абайдың
айтқанынан тараған А. Дюманың"Үш мушкетері", "Он жылдан соңғысы", "Король қатын
Маргосы", Лесаждың "Ақсақ французы" ("Хромой бес"), Пушкин, Лермонтов әңгімелері
және Батыс Еуропада орта ғасырда инквизиция сотының заманын суреттейтін "Қызыл
сақал" деген роман, онан соң Америка, Африка жабайылары ортасында күн кешкен
"жәһәнкездер" жайындағы романдар да көп айтылатын болған. Абай тәрбиесінің тағы бір
ерекшелігі - ол өзін "шығыс адамы едім", "мұсылман едім" деп, дін тұсауына
бағындырмаған. Халқына үлгі, тәлім етіп айтқанда, өлеңінде Толстой, Салтыков-