Page 227 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
227
етеді. Еркежанды әйелдікке өзі алам дейді. Тимеген соң, өзінің баласы Әзімбайға ти дейді.
Жесір қатынның тыныштығын бұзып, мезі қылған соң, Еркежан "Абайдың өзі алсын,
тисем соған тием" дейді. Бұл күнде Оспан үйіне, Әубәкір жас болған соң, мал-басқа ие
болуға кіргізіп берген, Кәкітай дейтін Ысқақтың баласы бар еді. Ол 12 жасынан Абай
тәрбиесінде өскен, Абайдың өзінен туған баласындай боп кеткен аса таза және өздігінше
Абайша оқып, көп білім тапқан ерекше қадірлі жас еді. Сол Кәкітай бар, Оспанның басқа
жақын дос-жарлары бар - барлығы Еркежанның басына Тәкежан тыныштық бермейтін
болған соң, Абайға "өзің ал" дейді. Абай алмауға байлайды.
Енді өзі ала алмаған Тәкежан Еркежанға жаңа шарт қояды. Тиыш қоям, тек қолыңнан
Абайдың немересін, Әубәкірді кетір дейді. Ол Оспан мен Еркежанның бесікте бауырына
салған, туғандай баласы еді. Еркежан осы соңғы салмаққа шыдамай, Абайға сәлем айтып:
"Не мені алып, үлкен үйіне тыныштық тапқызсын, немесе ренжімеймін, рұқсат етсін,
Әубәкірді алып төркініме көшемін", - дейді. Осыдан кейін, Оспан өлгеніне 5 жыл
толғанда, 1895 жылы Абай Еркежанды алады. Еркежанмен қоса Оспанның, Құнанбайдың
үйіндегі мол байлықтың бәрін Абай өзі түгел баспайды. Оспанның өзге екі қатынын алған
екі туысқаны Тәкежан, Ысқаққа тең қылып мал мен қыстау, қоныс енші бөліп береді.
Бірақ Еркежанды өзі ала алмай қалып, қызғаныштан арылмаған және Абай алғанының
бәрін көпсінген Тәкежан, осыдан кейін Абайға іштей қыжыл, қарсылық сақтап қалады.
Абайдың абыройын қызғанған Оразбайлармен оның да демі бірігіп кетеді. Жанаса жүріп
Оразбайлармен құда болады. Сол іштегі кірненің бәрі тез-ақ барып белгі береді. 97-
жылдың пәлесінде Абайдың Еркежанды алғанын Тәкежанның кешпегені білінеді.
Еркежанды Абай өле-өлгенше жақсы көрумен кеткен. Мұны алған соң өзге екі әйелінен,
әсіресе соңғы кезде көңілі қалған Әйгерімнен алыстап кетеді. Ділдә ерте қартайып,
балаларының анасы болған қалпында жәй ғана сыйлас досы боп қалады. Ендігі әйелі өзге
екеуі емес, жалғыз Еркежан болғанға ұқсайды. Қыс болса, олардың қыстауы да
Жидебайдан алыс болады. Абай үнемі осы Оспан үйінде, үлкен ауылда орнығып тұрып
қалады.
Абайдың үлкен әйелі - Алшынбай аулының қызы Ділдә. Екіншісі - тоқал алған Әйгерім.
Алғашқы әйелінен: Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия деген балалары, Райхан, Күлбадан
деген қыздары болған. Екінші әйелі - Әйгерімнен туған балалары: Тұрағұл (Тұраш),
Мекәйіл, Ізкәйіл және кіші қызы Кенже.
Абай Еркежанды алмай тұрғанда, көбінесе Ділдәнің аулында болып, кіші әйелінің
балаларын сол ауылда өз қасына алып жүріп, Мағауиямен бірге тәрбиелеген. Әйгерімнің
қыстауы Арал төбеде, ол Еркежан қыстауынан 70 шақырым жерде болады. Өзі Оспан
аулына орнаған соң, балаларының көбін қысы-жазы өзімен бірге ұстаған. Өз қолында
болмаған баласы оқудағы Әбдірахман ғана.
Абай болса, 1895 жылы тағы бір ауыр қаза көреді. Әбдірахман деген сүйікті баласынан
айрылады. Ол Семейде уездік школды бітірген соң, Түменнің "Реальное училищесіне"
барып, соны бітіреді. Петербургке барып, "Михайловская артиллерийская школаға"
түскен. Басында Абай "Технологический институтқа" түс деп жіберген екен. Сабаққа
кешігіп келіп, түсе алмайтын болған соң, жаңағы мектепке түсіп, соны бітіріп шыққан.
Әбдірахман - Абайдың қатты сүйеніш көріп, зор үміт қылған баласының бірі.
Бұл жаңағы мектепті бітіруімен де қанағат қылмай, енді "Әскерлік академияға" түсемін
деп жүргенде, костоед (құрт ауру) болып, 1895 жылдың қысында, қызмет етіп тұрған жері
- Алматы (Верный) қаласында қайтыс болған. Оспанның өлімінен соң Абайды қатты
күйіндірген өлімнің бірі осы болады.