Қазақстанның ашық кітапханасы
226
Нұркенің бойжеткен қызын Абайдың баласы Мағауия аламын деп, әуелде бір қысырақтың
үйірін қарғы бауға жібереді. Артынан Мағауия қызбен көрісе келе ұнатпай, алғысы
келмей, сырт беріп жүреді. Қыздың көңілін тұрақтатқан құдалық та жоқ, азаттық та жоқ,
жіпсіз байлау болады. Соны ауырлаған қыз Айтқызы деген адамға өздігінен сөз салып,
тием дейді. Айтқызы - Ертістің ішкі жағындағы Белағаш деген болыстың адамы. Өзінің
түбі Көкше (Тобықты), Абаймен қатты дос, шешен, алғыр адам болған. Бұның да жасы
Мағауияға құрбы, жасынан озғын шыққан адам. Нұркенің қызына Айтқазы қызығады да,
алып қашады. Осы жөнінде Айтқазының өзі де, Оразбай сияқты ел пәлесін тілеушілер де
"Абай ашуланар, сойқан басталар, Айтқазы, Нұркелермен қиян-кескі жауласатын болар"
деп байлайды.
Бірақ Абай түк намыс та етпейді. Сөз де айтпайды. Аз күн ішінде Айтқазыға "саспа" деп
басу айтып тыныштандырып, Нұркемен де қабақ шайыспай, бұрынғы достық күйінде
қалады. Қыз сүйгеніне тиді, ерік алды. Әйел еркіне зорлық болмасын деп, өзге тұста жол
айтып жүрген Абай өз басына келгенде сол жолынан тайған жоқ. Осыған айызы қанбай,
бармағын шайнап қалған Оразбай өз бетімен пәле бастайды.
Көкен үстінде, "Жалпақ" деген жерде болған бір ояз елдің сиязына Тобықты
шонжарларын ертіп кеп, Нұркеден Абай үшін жесір даулайды. Даулайтыны жаңағы бітіп
тынған Нұрке қызының басы. Сылтауы - Абай көнгенмен, Тобықтының әруағы көнбейді.
Ол намыс етпесе, біз намыс етеміз деп, Тобықты билерін шүйлеп алып, Нұркені сиязға
шақыртады. Абай мен Нұрке бұл сиязда жоқ. Нұрке Абайдың өзі дауламаса, өзге берер
жауабым жоқ деп бармайды. Оразбай билерге салмақ салып, Нұркенің сыртынан ақы мен
айып кескізеді.
Осыдан Тобықты жуандарымен ұстасқан Нұрке жер дауына кіріседі. Тобықтының
Бұғылы, Шыңғыс деген болыстары мен Уақтың Көкен болысының шекарасы бөлінбеген
еді. Нұрке қаладан жер өлшеуші шығарып, Оразбайдың болысы Бұғылының жерінен және
бірнеше Олжай жуандарының жерінен жер кескізіп алады.
Тобықты қуып арыз береді. Соның аяғы Арқат сиязы деген екінші сияз болады. Онда
Нұркеге бар Тобықты жабылмақ еді, бірақ Нұрке оязға дегенін істетіп, Тобықты
жуандарының ұрлық - зорлығын айтып, өздерін ығыртады. Ұлық кәрінен қашқан
Оразбайлар сияз басына жолай алмайды. Тобықты еседен айрылып, ұлық кәрін түйеді,
көрші елдерге істейтін талайдағы зорлық енді Тобықты жауларын опық жегізіп, састыра
бастайды.
Өз дәрмендері кеткен соң, барлығы Абайға жабысады. Елдіктен кетеміз, ара түс дейді.
Абай амалсыз кірісіп, Нұркеге хат жазып, кісі жібереді. Нұрке Абайдың тілін сыйлайды.
91-жылы қайта қозған араздық пен 98-жыл арасындағы бір алуан хал осы еді.
Осы екі арада Абай өмірінде болған үлкен өзгеріс - 96- жылы Оспанның үйіндегі (бұл
Құнанбайдың үлкен үйі) Еркежан деген келінін алады. Оспан өлгенде артында қалың
дәулет пен үш әйелі қалған. Бірақ еш біреуінен бала жоқ. Оспанның үш қатынын
Тәңірберді, Абай, Ысқақ сияқты үш ағасы алып, ауылдары, көп мал мүліктерін де
келіндері отырған орындарға қарай бөлісіп алады. Көп сыбаға үлкен келін мен Абайға
тиісті болады. Бірақ осы оқиғаның үстінде де көп әңгіме болған. Абайдың Еркежанға
үйлену ойында жоқ еді. Еркежан өзі де Ырғызбайдың үлкен үйінде отырған мінезді,
байыпты, тоқтамды адам еді. Ол Оспанның артын күтіп, байға тимей отырып қалам деген.
Абай соны мақұл көрген. Оспан тірісінде өз баласы болмаған соң, Абайдың Ақылбай
деген үлкен баласынан туған немересі Әубәкірді асырап алған еді. Еркежан қолында
қазірде сол бала болады да, үлкен үйдің иесі боп тұратын болады. Осы хәлді Тәкежан
(Абайдың үлкен ағасы) қош көрмейді. Үлкен үй Абай қолында боп қалады деп қызғаныш