Page 225 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
225
Оразбайды жібереді. "Мұрын қызына азаттық әперіңдер" деп арнап тапсырады.
Жиреншелер Абайдың айтқанын орындап, қыз басын босатармын болғанда, Сыбанның
біреуі: "Жол осы ма еді. Кеңгірбай әруағы, қайдасың!" деп ұрандап, әруақ шақырады.
Осыған қайысқан Оразбай Кеңгірбай жолын бұзғысы келмей, Абайға келгенде, ол:
"Кеңгірбайдан ел әділдік көрген жоқ. Әйел үшін ол "Қара қабан" атанған", - деп, өз
айтқанын істетеді. Мұрын қызына еркіндік әпереді. Ал Оразбай мен Жиренше: "Абай
асқан екен, Кеңгірбай жолын бұзумен тұрмай, "қабан" деп тілін тигізді. Енді бұдан біз
кеттік, жауластық", - деп, өзді-өзі серттесіп алады.
Осыдан кейін екеуі жар құлағы жастыққа тимей: "Қалың Найман алдында Абай
Кеңгірбайға тілін тигізді", - деп, өздеріне ұсаған бай-жуанның басын құрай бастайды.
Байғұлақ, Күнту бар, жиыны 16 атқамінер боп, Абайға қарсы шықпаққа серт байласады.
Бұл серттері Жиренше қыстауының үстінде, "Ши" деген жерде, Кеңгірбай бейітінің
қасында жасалады. Кеңгірбайдың әруағын атасып, бейітіне бет берісіп тұрып баталасадьі.
Жауламақ, мұқатпағы - Абай. Оның еткен "жаманшылығы" әлгі.
Міне, Күнту болыс болудың алды осы еді. Содан бері, Оспан болыс болған шақта да
тыйылмай жүрген күндестік, араздықтың түбі үнемі Абайға сарықпай тұрмайды. Тартыс
үстінде Оспан Оразбайды жазаға іліндірмек болады. Оразбай қалаға қашып кетеді. Оспан
ел ішінде билер сиязын өз дегенінше өткізіп алып, қалаға Оразбайды қуа барады да, ояз
кеңсесінің алдынан өз қолымен ұстап алып, "қорлық көрсін" деп, өзі мінген арбасының
артына таңып, елге әкеледі. Бұрын зорлыққа бойсұнбаймын, көнбеймін деп тырысып
жүрген Оразбайға мынау істеген іс "құлақ естіп, көз кермеген" кекті жаза болады. Бірақ
Оспанның осы істеген ісінің арты көп арыз, көп қуғын болып, ең алдымен өзі
болыстығынан түседі. Орнына кандидаты Арапты қоймай, сол кездегі "долынжы би" (бұл
болыс пен кандидат екеуі де орнынан тайса, уақытша болыстық міндетін атқаратын
бірінші би) Шәке деген Оспанның інісін қояды. Осы араздық, жаулық арты Абайға ең зор
дұшпандық, ең салмағы ауыр міндет боп тағы кеп ошарылады. Оспан жаңағы ұлы пәленің
артынан, үлкен тартыс енді молайып келе жатқанда, 1891 жылы қайтыс болады. Мұның
өлімі Абай көрген қатты ауыр қазаның бірі еді. 1892 жылы өлеңдерінің көбінде Абай
Оспанның өлімінен уланып, дерттенген жайын көп жерде сездіреді. Осы өлімнің өзіне
арнап та өлең жазады.
Оспан өлген соң, барлық жаудың азабы мен әлегі түгел келіп Абайдың жеке басына
түседі. Еңбекке толы тыныштық өмірі бұзылады. Барлық ішкі қуат - сезімімен бұрынғыны
барынша жек көріп, жиреніп алған Абай қайтадан сол әуелгі қалыпқа келген соң,
тіршіліктің бұл сыбағасын ас орнына у тартқандай көреді. Бірақ қалай да болса,
кіріспесіне болмайды. Кірісу міндет болып алған. Өсиетін көксеп, мәжілісін іздеген
жастарға медресе есігі уақытша жабылғандай болады. Өлеңдері де бұрынғы сияқты
тыныштықпен отырып жазылмай, ерекше тынышсыздық, алыс-жұлыстың үстінде жазыла
жүреді.
Осы жылдарда Абайдың өлеңімен катар аудармалары көп орын ала бастайды. 1891 жылғы
жаулықтағы да ұзаққа кетеді. Тартыс бір ел емес, әлденеше елдің ішінде, әлденеше
жұмыстардың тұсында болып келіп, 1897 жылға шейін созылады. Бұл әредікте шет елде
болған тартыс — Тобықты мен Уақтың тартысы. Ол пәленің басы да Оразбай болады.
Оспан өліп, ел ішіндегі үлкенді-кішілі істерге өзі бас боп жүрген Оразбай енді Абайды
түрткілеп қоздырып, бір пәлеге тартуға құмартады. Осы орайда Абай мен Уақтың бір
адамы Нұрке деген кісінің екі арасын шиеленістіретін бір кез келеді. Бұрын Абай мен
Нұрке аса тату, дос еді. Нұрке - Көкен болысының қазағы. Жері мен елі Семей қаласына
жақын. Өзі адамшылық абыройы зор, қала мен қырға бірдей беделді адам болатын. Сол