Қазақстанның ашық кітапханасы
222
-
Е, шырағым-ау, өзімнің көк милығым болмаса, тәуір-ақ тіл білетін жерге
жібердіңдер ғой, - дейді.
Бұрынғы дағды серілікпен, малы аздығына қарамай, біреудің әдемі қара көк атына
қызығып, бір қысырақты түгел беріп сатып алады. Атының көркіне қызыққан біреулер
қалжыңдап, барлап:
-
Базеке, мынау атыңды өзің кетерде тасқа байлап кеткенбісің, неткен жақсы, қайдан
алдың? - дегенде:
-
Е, бір қысырақты астына мініп жүрмеген кісі жігіт пе? - дейді.
Осы морттық, омырау, тәуекелшілдік Тәкежан жылқысын алғанда да Базаралыны найза
басы етіп шығарады.
Кейін Күнту түсіп, қалада тығыз тергеу болмаққа айналғанда, Абай оншалық қатты
жамандауға барғызбай, казактың өз билерінің алдында, ара ағайын алдында, келісім
айтқызып, тоқтаспақ болады. Көлденең би боп Тобықты емес, Тоғай бойының Уақ,
Бураның адамдары төрелік айтатын болады. Жігітек жағынан сөз ұстап келген Базаралы,
Ырғызбай жағынан Абай болады. Екеуі жүгініске отырады. Сол жолда да Базаралы
қалжыңдап:
-
Уай, билер, мына Құнанбай баласының ақшасы да, асы да көп екені рас. Бірақ
сендер біле білсеңдер, бұдан да сендерге мен көп беріп отырмын. Әншейінде осы отырған
барлығың Абайды "Құдайдан туды ма екен" деуші едіңдер, соны «кеп алдарыңа бір тізе
бүктірдім. Осыдан көп берген болар ма, - дейді.
Осы Базаралының шапшаң айтқыш, алғырлығын қалжың етіп Абай:
-
Қазақта айтар сөзі аузына әйелдей тез түсетін, Базаралыдай шапшаңды көргем жоқ,
- деген.
1884 жылдан соң, елдің сөзінен безер боп, басын алып қашқан Абай, жаңағы оқиғалар
тұсында амалсыз кіріссе де, енді шамасы жеткенше атқамінерлер ортасынан, олардың
пәлесінен аулақ болуға тырысады. Шынымен ел тыныштығын іздейді. Өз басын әрлі
еңбекке берілмек болады. Орыс кітабын ешуақытта да тастамаған еді. Сонымен бірге 1886
жылдан 1889 жылға жеткенше тағы да көп өлең жазады. Мүмкін болғанынша бұрынғы
арман қылған, мағыналы өмірін бастап көреді. Өз қолындағы кітаптары біткенде әдейі ат
айдатып қалаға кісі жіберіп, Семей кітапханасынан жаңа кітаптар алғызып, оқығанын
қайтарып жіберіп, жаңғыртып отырады.
Осы жылдары Абайдың барлық ақындық қызметінің ішіндегі ең өнімді, ең жемісті кезі
болады. 1889 жылы 25 шамалы өлең жазылады. Бұл сөздердің ішінде бұрынғыша өз
ортасының өзі көрген кемшілік міндерін қатал сыншы, үлкен ұстаз тілімен шенеп, тексеру
бар. Сонымен қатар махаббат жайындағы сөздер, табиғат суреттері, бас қайғысы да
араласады. Пушкиннің "Евгений Онегинін" аудара береді. Және осы жылдан бастап
Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған ел ішінің көзі ашық жастарына Абайдың аулы
үлкен білгіштің медресесі сияқты болады. Абай ұстаз да, мұның алдына келген сөз ұғатын
талапты жастарының бәрі - шәкірт. Абай іні, бала, ағайындарына, дос жастарға мағыналы
тәрбиеші бола бастайды. Енді осы сөз ұғатын жастарды жаңа жолмен, өзі қиял қылған
өнер-білімге, жаңа сапалы адамгершілікке қарай жетектеп, баулығысы келеді. Бұларға өз
өмірінің өкініштерін, ауыртпалықтарын да көп айтады. "Ескі үлгіде қалма! Өзгерген
заманның жаңа түрлі кайраткері болуға әзірлен", - дейді. Сондықтан өлең сөздерінде бір
айтса, ауызша өсиет, мәжілістерімен тағы да баулып, ылғи ғана сол атаған жаңа жолына