Қазақстанның ашық кітапханасы
221
Қарқаралы қазағы, алынған қалың мал бар. Ел бүлініп, пәле ұлғая бастайды. Бірақ Балағаз,
Базаралы одан жасқанбай, екі жастың еркіндік махаббатын өздерінің найзасымен,
ерлігімен қорғап жүреді. Бөкенші жағы тек қапысын тауып, Базаралылар жоқ жерде
қызды ұрлап әкетеді. Оның алдында Жігітек, Бөкенші кезек шабуылдасып, Керімбаланың
орайына Бөкенші бір Жігітектің үйінде тек отырған қатынын зорлықпен алып қашқан.
Жігітек соған орай ғып Бөкенші Шалғынбай дегеннің қатынын алып қашады. Екі жақ
жасасып, ұрысып, найзаға адам шаншылып, қан шығарысып та қалысады. Базаралы
осыған да қарамай, інісін сүйген қызды өлісе жүріп қорғамақ еді,тек ұрлап әкету қолын
байлаған. Керімбаланы Бөкенші зорлықпен қайынына, Қаракесекке жібергенде, Оралбай
қуа барады. Тағы алып кетпек болып іздеп барады. Сонда пәледен қажыған Керімбала
тоқтамақ болып, Оралбайды жақсы шыраймен тоқтатпақ болып, бір мінез істейді. Сойған
қойдың еті піскенде, қазаннан тілді алып, бір шетін өзі тістеп тұрып, ата-енесінің көзінше
Оралбайға:
"Ақсақ кемпір еткен соңғы сәлем осы болсын, күн өтті, дәрмен жоқ, енді кел, Оралбай,
мынау тілді менің аузымнан өзің ал да, ырза бол", - дейді. Оралбай Керімбаланың
айтқанын орындап, тоқырайды. Екеуінің айрылуы осы екен. Міне, осы уақиға тұсында ел
ырқына көнбей, батырлық, батылдыққа бекініп шығатын Базаралы, Балағаз кейін де көп
жөнінде оқшау болады. Найза ұстаған батыр, сері Базаралы әрі сұлу, әрі тілді шешен, ірі
жігіт боп өседі. Ағайыны, маңайы бұны арқа тұтады. Өзі тұрғылас Жігітек жігіттері әр
пәлеге Базаралыны бас қыла бергісі келеді. Құнанбай мен Базаралының бірнеше қағысқан,
қиғаш келіскен де жайы бар-ды.
Оның үстіне, Жігітек жігіттерінің ұрлығы үшін және Құнанбаймен ежелгі араздығы үшін
көп адамы айдалғанда, Құнанбай жағы Базаралыны да іле кеткісі келеді.
Алғашқы айдалған топтың ішінде Базаралы болмағанмен, кейін Балақаздар Найманның
Құдай сүйгір деген жуан аулының жылқысын алып, соның салдарынан тағы біраз кісіні
таптап, соттап айдайды.
Осы орайда Базаралы Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаныммен жақын болып жүріп, сол
сыры жарияға шығып, Ырғызбай жағы намыс қуып Базаралыны да жазаламақ болады.
Өз басы "ұры да емес, ұры емес те емес" десіп жүретін Базаралыны жігіттік өзге қасиет,
қабілеті үшін Абай жақсы көрген. Бірақ Нұрғаныммен болған жаманаты оның жауын
көбейтеді де, бір кезеңде Абай да қатты араз болады.
Базаралы әр сылтаумен келіп, айдалатын болады. Қыстың күнінде елден түйеге мінгізіп
әкетіп барады екен, сонда Абай қоштаса кеп, күй - жәйін сұрағанда: "Жаздыгүні
қолшатырдай немеге мінгізген менен не жай сұрайсың", - дейді екен...
Қасында айдауға бірге кетіп бара жатқан қорқақ бір жолдасы туралы тағы қалжың айтып:
- Әншейінде құбыланамадай көзі ойнақшып тұрушы еді, жаны шықпай келеді десеңші,
әйтеуір! - дейді.
Күнту болыс болғанда, айдаудан қашып, елге келеді. Сонда алдынан талай жастар қуанып
шығып, қалада да, елде де үлкен дос пейілмен қарсы алады.
Әріп, Көкбай сияқты ақындар Базаралының келісіне арнап ірі өлеңдер айтады. Абай да
кеп амандасады. "Орысша білдің бе, Базеке?" деп сұрайды. Сонда азап сапарына кетерде
қалжың айтып кеткен Базаралы әлі де бұлжымаған, өзгермеген әзілқой мінезбен Абайға
іле қалжың айтады.