Page 220 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
220
ақталып шығады. Аздан соң Күнту өтірік шағымдары үшін болыстықтан түсіп, қызметті
басқа кісіге тапсырады.
Бірақ Семейде болып жатқан бұл түрдегі өзгерісті ел білмейді. Абай айдалатын болыпты
деген дақпыртқа нанған қарсы жағы осы кезде Абайдың Тәңірберді деген ағасының бір
қос жылқысын - 800 жылқыны тиіп алады. Алумен тұрмай, топты жылқыны талап әкетіп,
көбін қырып салады. Дәл осы уақытта Күнту болыстықтан түсіп қалады. Пәле басы
атқамінерлердің берекесі кетіп, қатты сасады.
Айдаудан қайтқан Базаралы, тегі, осы кезде көп киліксе керек. Тәңірбердінің мыңға тарта
жылқысын тиіп алған бетте бата қимылдайтын әсіресе Жігітек болады. Шабуылға жігітін
мол жіберген ел де сол. Оразбай, Күнту сияқтылардың өз бастары бұл уақиғадан сырт
қалады. Жігітек жылқыны алған бетінде пышақ үстінен үлесіп әкетіп, бүтін Қарауыл
өзенін өрлей, қулай отырған ел жағалай сояды. Бұл іс ол уақытта да естімеген ірі іс болып
шығады. Күнту мен Оразбайдың өзі де қатты қорқады. Болыстық тағы қолдарынан кетіп
қалған. Ендігі тартысқа басшылық ету былай тұрсын, өздері бас сауғалай бастайды. Күнту
Мұқыр болысына осы орайда шығады да, Оразбай Құнанбай баласымен татулық іздеп,
бұрынғы кетіп қалған болысынан шығып, Шыңғысқа қайта кеп кіреді. Күнту құдасы
болғандықтан, сол ұшырап кетеді деп араға дәнекер болмаққа қайта келеді. Құнанбай
балалары бұны жуасып келген күйінде, қайта алуын алады. Бірақ Оразбайдың өз басына
тимегенмен, Жігітекті оқшаулап шығарып ап, қатты кек қуады.
Алынған жылқыны Жігітек сойып, қырып, жеп қойған еді. Енді соның әр жылқысына екі
бестіден төлеу кестіріп, қолма-қол тіздіріп алады. Тәңірбердінің шығынынан кірісі асып
түседі. Бірақ, соған орай Жігітек тегіс кедей боп, тұралап қалады. Сол жылдар көшуге
жарамай, қыстау, басында ошарылып жатақ боп отырып қалған ауылдары көп болады.
Сонымен, Күнту болыс болғанның арты сол рубасылардың айдап салған көпшілігіне тағы
бір ауыртпалық боп бітеді. Аман қалғанда пәлеге бастық болған рубасылардың ұпайы
түгел боп, көпшілік ерін арқалап қалады.
Сол көп керістің ішінде найза басы боп жүрсе де, дәл өз басына олжа, пайда таппайтын
Жігітектің бірі Базаралы.
Күнту болыс болғанда айдаудан қашып кеп, Тәкежан жылқысын алғызушы өзі болғанмен,
Базаралы тек қиыншылықтың бар салмақ, ауыртпалығын ғана арқалап қалады.
Кезі келген соң айта кету керек, Базаралы Абай мен тұтас Жігітек адамының ішіндегі
өзгеше бір ірі адам еді. Бұның өмір жолы Абай өмірімен көп кездесетін болғандықтан
және Базаралы өз дәуірінде алуаны көптен бөлек, ерекше болғандықтан, біраз қосымша
деректерді айта кету қажет.
Құнанбай тұсынан, Тобықты ішінен сырт елге аттары мәлім болған адамдар бірнешеу
ғана. Ол Құнанбайдың өзі дедік. Сонан соңғы Құнанбай тұстасы Бөжей. Келер буында
сыртқа аты шыққан адам Абай болса, осыдан кейінгі бір білікті, даңқты адам сол Базаралы
болады.
Бұның жасы Абайдан аз үлкенірек болған. Әкесі Қаумен шағын дәулетті, орта қатарлы
кісі болады да, Балағаз, Базаралы, Оралбай деген балалары өрттей отты, алғыр жігіттер
болып өседі.
Абайдың жігіт шағында Базаралының інісі Оралбай басынан кешкен бір жастық уақиғасы
Тобықтыға қатты ылаң салған. Оралбай Бөкенші ішіндегі Сүгір деген байдың Керімбала
деген қызына ғашық болып, алып қашады. Қыздың беріп отырған жері Қаракесек,