Page 219 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
219
үшін Абайды бағалаушы халық саны сол тұстың өзінде де көбейіп қалғанына осы дәлел
еді. Солар жәрмеңкеге келіп, Өскемен билерін де тежеп, Абайға қастық істемек болған
жуан содырдың көбін бір жол да болса, тойтаруға жарайды.
Абай сондағы мансапқор, күншіл, шағым қой арам адамдардың қалың ортасында отырып,
бәрін де көзге шұқып отырғандай қып, бір үлкен терең сөз тастайды. "Биік мансап - биік
жартас. Оның басына екпіндеп қыран да шығады, ерінбей еңбектеп жылан да шығады", -
деген. Парамен, айламен, жағымпаздық, сұрқиялықпен ұлық, болыс болып жүрген надан
жуандарды, ел жуандарын тағы әшкерелейді.
Ел-елді ақылдастыратын, неше алуан ұлы - кіші дауларын шешетін, түйін - түйнектерін
жазатын - сияз. Мұнда қай жолмен, қандай кесіктер айтылу керек. Дау алуанына қарай
заң, ереже тудырып, орамды әділ билік жасау керек. Осы міндетті мойнына алған Абай
бірнеше күн хатқа жазып, ереже тізеді. Онысының көбі қазақтың өзі ескіден білген ел
заңы болумен қатар, кей жерлерде жаңа жол-жоба болады. Біздің қолымызға Қара мола
сиязы мен кейінірек болатын Семей, Жетісу облыстары бас қосқан Кек тұма сиязындай
ұлы дүбір сияздың хатқа түскен ережелері тимеді. Көк тұма сиязында да тебе биге
халықтың ұйғаруымен әділ би деп Абайды сайлаған.
Абаймен бірге Қара молада болған Мүсірәлінің куәлігі бойынша, бұл жолы Абай тізген
ереже бабы жүзден аса еді, - дейді. Сол Мүсірәлінің есінде қалған екі бабы анық. Абайдың
өзі қолданған, өзі қостырған, тың жаңа жолға ұқсайды. Ол күннің жағдайында шамасы
келгенше көпшілік үшін әділет іздеген Абай ұрлық, қылмыс пен әйел мәселесіне арнап екі
жаңа ереже айтады. Бұрынғы жол бойынша ақы иелері алатын малды төлеуге ұрының өз
мүлкі жетпегенде, ағайыны төлейді екен. Абай енді "ағайыны емес, ұрыға ат майын
беруші, сүйеуші бай-жуан төлейтін болсын",-дейді.
Бұдан бұрын ері өлген жесір әйелді алатын әмеңгері жоқ болса, байының ағайыны өзге
біреуге сатып беруге болады екен. Абай: "Бұл әділет емес, ол әйел баста бір сатылған,
жасау - мүлкімен кеп алғашқы қалыңмал орайын төлеткен. Енді екі сатылмақ - зорлық.
Алатын әмеңгері болмаса, еркі өзінде, ол әйел азат", - деген.
Осы екі баптың, әсіресе алғашқысы - ұрар жерін тауып соққан ереже. Ұрыға ат майын
берушінің көбі азғын, құнсыз қорқау байдан, ел ішіндегі арылмас пәле басы, бықсық
шонжардан шығатын. Абай мына ережеде, көп ұры еместі ұры етіп жіберетін сондай індет
түбін тауып ұрып отыр.
Осыны ереже қып бекітеді де, Абай өзі орындатады. Мұндай жайлар да талай жерден
Абай басына өшігетін сотқар, бұзарларды көбейте түседі.
Сонымен қатар қалың елдің шын әділетті іздейтін көп момын, көп бұқарасы Абайдай әділ
таразының билігін іздегіш те болады. Кейінгі Абай өмірінде, талай да талай алыс елдің
нелер қиын сүрі дауларымен мұны іздеп келетіні осыдан. Бұл соңғы жайдың өзі де Абай
даңқын асырып, көп ортаның би - жуанын Абай басына қас ете берген.
Ал Қара мола сиязы Абайдың қатты әсерімен, сол белгілеген бетпен ,өтеді. Бірақ сияз
осылай өтсе де, Күнту болыс тұрған уақытта, Абаймен ұстасқан жуандар тартыстан да,
арыз-шағымнан да тыйылмаған. Сонымен, көрсету - шағым тағы молайып, қарсы жағы
Абайды және де жер аударуға жақындайды. Осы орайда Семей қаласына Ақмола, Семей
облысының "корпусы" (генерал-губернаторы) келеді. Абайға жаулық ойлағандардың
арызы оның алдынан да жаңбырша жауады. Корпус бұл істерді көрген соң, Абайды жер
аудармақшы болады. Абай генерал-губернатормен де жәй арызшы түрінде емес, анадағы
жандаралмен сөйлескендей еркін, кең сөйлеседі. Ақылының, ақтығының себебінен