Қазақстанның ашық кітапханасы
21
шешендікпен аты шыққан Жиренше, Алдар көсе бар. Бұлардың барлық өмірі толып
жатқан комедия.
Ел сауығына ақыл, өсиет сияқты ой-санаға дем беретін үлгіні кіргізу керек болса, ертеде
заман шерін айтып сарнаған Асан қайғы, толғау айтқан Бұқар сияқты жырауларды тірілту
керек. Тақпақ айтқан билерді, естірту, жоқтау өлеңдерін айтқан ақындарды, қобызбен
сарын айтатын бақсыны, сыбызғымен күй шығарған күйшілерді тірілту керек. Осылардың
барлығының жайында толып жатқан сұлу әңгімелер бар. Соларға болымсыз ғана мәдениет
исін сіңдірсе, әрі ел өнері тіріліп, әрі театрдың іргесі құрылады.
Онан соң бүгінгі күнде жаңа туғалы тұрған театр жалғыз ғана әдебиет ескілігін тірілтуді
қанағат қылу керек емес, ескіліктің ән-күйін, қобыз, сыбызғысын да қайта ояту керек.
Қазақтың өткен күндегі бір байлығы әдебиет болса, екіншісі — ән-күй. Біз қазірде
мәдениет табалдырығына қазақтың әнін ғана апарып жүрміз. Нотаға салынса, ән ғана
салынды. Париж бәйгісіне барған да жалғыз ғана ән. Біз ;әлі күйді тірілте алмай, ескере
алмай келеміз. Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс
қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы — күйі.
Күйдің тіліндей бай тіл қазақтың әнінде жоқ. Бұл екеуінің қайсысы терең, қайсысы бағалы
екенін елдің өзі әлдеқашан айырған болатын. Ел әңгімесінде күй тартатын сыбызғышыға
есті қыздың бәрі ғашық болатын себебі — сол. Бұлай болса, бүгінгі театр ескілігіндегі күй
мен әнді бір минут есінен шығармау керек. Бұларды тіршілікте ескі заманның өз
аспабымен тірілту қажет. Жалғыз ғана домбыраны қанағат қылмай, қобыз бен сыбызғыны
қайта тауып алу керек. Елдің кәрі замандағы өнерін алсақ, домбыраны ескінің елі
менсінбеген. Домбыра киіз үйдің ішіндегі бесті-онды кісінің ғана тыңдауына татиды. Егер
қазақ даласындай сары даланың, сары өзеннің күйін түсіру керек болса, ол уақыттағы ұлы
аспап — сыбызғы, қобыз болатын.
Сол себепті қазақтың барлық әнші, барлық өлеңшісі қолына алған домбырасын «екі шекті
домбыра» деп қорашсынып, кемсініп сөйлейді.
Қазақтың ескі салты мен ойын, жиындағы өлең сауықтың барлығы ән мен өлеңді аралас
жүргізетін, сондықтан ел театры қалың елдің өмірімен шын жанасамын десе, ескінің
суретін толық пішінді қылып құрауға міндетті екені даусыз. Өлең мен әнді қатар тірілтіп,
театр жасауға айналсақ, «Қозы Көрпеш — Баян» сияқты ел поэмалары, «Бекет батыр»
сияқты тарихи өлеңдер, барлығы да театрдың ішіне оп-оңай сыйып кетеді.
Міне, қазақ ескілігінің бүгінгі жас театрға тартатын сый-сипаты осы. Егер біздің театр осы
сияқты мол қордың ішінен тесік моншақ сияқты асыл бұйым, асыл ұрықты таңдап, танып
алуға жараса, осы сияқты анайы топырақтың үстіне іргесін орнатып дүкен құрса, ол өнер
әрі елдің өнері болып, әрі келешегін кең өріске беттеткен өнер болады. Егер соларды
пайдалана алмай, ескерусіз тастап аттап кетсек, ол біздің мәдениет жолындағы
балалығымызды, шикілігімізді білдіреді. Қайдан шығып, қайда баратынын білмейтін
жолаушыға «жол болсынды» кім айтады?
Сол сияқты көбелек қуған баладай аспанға қарап қаңғалақтап жүрген театр болса, оның
пішінін ұғу да жат болмайды. Бағыты мен мақсаты жоқ болып, жұрттың бәріне ұғымсыз
жат нәрсе болып қалады.
Бірақ біздің театрдың бүгінгі белгілеріне қарағанда, бағытсыз, мақсатсыз болып адасатын
сияқты емес. Мүмкін болғанынша, ескі күн мен бүгінгі күнін жалғастырып, өмірге
жанасатын театр болуға ыңғайланатын сияқты. Театр, жоғарыда айтқан, ел іргесіне орнап,
бүгінгі кішкене белгілерінің бетімен кетсе, біз де салт театры өмірге жанасатын театр
болады деп есептеу керек.