Page 218 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
218
ойласа, басқа болыста отырып алысып кетсе, құрығымыз үнемі жете бермейді", - деп,
аңдысқан кісіні өз қасынан шығармай қою - көп болыс, жуанның есебі, саясаты.
Оразбайды бөлек болыс қып жібере қою Күнту, Жиреншелерге де түп есеп үшін керек.
Құнанбай балаларына үнемі бар Тобықтының елін билетіп отырмас үшін, өз орталарынан
бірер мықтыны аналардың құрығынан ұзатып жіберіп, соған Тобықты шеңберіндегі
партияның бір қабырғасын сүйетіп, өздері соны арқа тіреу, бел қып отырып алысуға да
дұрыс келеді. Күнтудің болыс болуы жеңген жаққа осындай да нәтиже береді.
Екінші, сол Күнтудің өзі де Құнанбай баласының қол астына қайта қарап қалмас үшін,
өзіне ерген руларын алып, көршілес Мұқыр болысына шығуға жол әзірлеп қояды. Кейін
бұны түсіретін мезгіл болғанда, Күнту өзіне қажет болатын мөр, приговорды сайлап
жүріп, Мұқырға шығып кетеді. Бұл - Күнту болыс болудың ең соңғы уақиғасы. Бірақ
осыған жетпестен бұрын, ол адамдар ең әуелі Құнанбай жағының барлық бұзақылары
үшін Абайды жазалауға кіріседі. Осындай қызу тартыс үстінде "Құнанбай баласынан
болыстық кетті" деген дақпырт ұлық айдатқан Жігітек балаларына да жетеді. Сонымен,
Бөжей заманынан бері қарай Құнанбайға қарсы жаулықты мықтап ұстаған Базаралы
қашып келеді. Күнтудің болыстығына сүйеніп, "қайта ұстатпайды, ұлыққа көрсетпейді"
деп бір сеніп, екінші - орайы келсе, ескі кегін қуып көрмек боп та келеді.
Осы сияқты әр алуан түрде құралып келген уақиғалар алыстың түйінін шиеленістіре
береді. Тартыс қырда да, ойда да қатты қозады. Осындаймен жүргенде" Қара мола деген
жәрмеңкеде, ол күндегі әдет бойынша, ұлықтар бас қосқан "шербешнай" дейтін (төтенше)
сияз болады. Осыған Абай да келеді. Бұл уақытта Тобықты ішіндегі Абайға жау болып
шыққан кісілер өздеріне іштей тілектес болатын атқамінерлерді басқа елден де тауып
алған. Бұрын Абайдың өзге сырт елдегі достары көп болса, сол достарының қарсысында
жүрген жуан, шонжар болыстар тәрізді жаулары да бар еді. Енді Тобықты іші жіктеліп
алғанда, солар шұрқырасып келіп, Абайдың Тобықты ішіндегі жауларымен табысып,
тобын молайтады.
Шербешнай сиязға жиналған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын
кісілердің барлығы Қара молаға келетін Семей жандаралынан Абайды жазалауды күтеді.
Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады. Кейін жандарал келіп, тосып тұрған ел
кісілерін жағалай жүріп, әрқайсысымен танысып келе жатып, Абайға тоқтайды.
Абай өзге ұлықтарға істеген мінезін осы жандаралға да істеген. Жалпы атқамінерлер ше
ұлыққа пара беру, жалыну дегенді Абай ешуақытта білген емес. Қай ұлықпен болса да тең
сөйлеседі. Елдің тілегін жеткізе айтады. Және, әсіресе ешбір ұлық баса алмайтын ұрлық,
шабуыл, құн дауы, жер дауы сияқты дау-шар атаулының барлығын да қалай шешіп, қалай
аяқтау жолдарын Абай басқа адамнан артық біледі. Сол жолда ел - елге тыныштық
тапқызып, мағынасыз құр алыс, бос пәледен құтқарады. Бұл - өзінің де іздейтіні.
Сондықтан ұлық атаулы өз әлсіздігін біліп, Абайдың ақылына, біліміне амалсыздан
құштар болатын. Жаңағы жандарал Абайға құлшынып, жазалаймын деп келіп, артынан
мәдениетті түрде өзімен тең сөйлесетін Абайды көргенде, еріксіз құралынан айрылып
қалады. Абайды танып алған соң амалсыз келіп, шербешнай сиязға оны төбе би қып өзі
ұсынады. Өзге шағымқор, шенқұмар, парашыл атқамінердің ешнәрсені шеше алмайтынын
көреді. Ел арыздары шешілмесе, кеңсеге тағы көп тілектер үйіледі. Сондайлардың
себебімен Абайдың билігіне өзі мұқтаж боп өзге рубасыларға кеп: "Сиязды жақсы
өткізіңдер. Ұрыда ақылары кеткендердің ақысын толық әперіңдер. Сиязды жақсы өткізу
үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңдар", — дейді.
Ел жуандарын осы жеңуі Абайдың партияшылдық тартысынан емес, өзінің көпшілік
тілегіне жақын болған қасиетінен туған. Ерекше халықшыл бағыты үшін, өнер, еңбегі