Page 217 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
217
сайлайды. Сондағы мақсат, мұраттары, әрине, көптің тілегіне маңайласпайды, тек өздері
әкім болу, билеп-төстеу болады. Бірақ олардың ендігі ниеті бұл ғана емес, қолдарына
болыстықты алып ап, ең алдымен Абайды мұқату, соны жазалау, қор ету. Олар
болыстыққа өз басы таласпай, таласпақ түгіл, жұмысы да болмай, үйінде ел үшін еңбек
етіп отырған Абайдың адамшылығын күндейді. Халық сүйетін адал атағын, абыройын
күндейді. Ел мұңына ниеті, жолы қабысқан Абай алыспастан үйде отырып, Оразбайдай
партияқор атқамінерлерді жеңіп отырған сияқты. Осыны олар Абайға кешпейді.
Құнанбайдың елді жиренткен зорлықшыл балаларына тимейді. Өйткені олармен өздері бір
бітімдес. Олармен табысулары да оп-оңай. Қоғамға арналған үлкен ақтық беті бар,
шындық үшін алысатын Абайды"қуып, өздерінің үстемдігін нығайту қажет болады. Бұл -
олардың үстем таптық қанаушылық қалпынан туатын сыр. Абай жуан феодалдар,
атқамінерлерді сынау арқылы өзінің әлеуметтік еңбегімен үстем таптан, өзі шыққан
қанаушылар табынан бөлініп кетеді. Оларға қарсылық күрес ашады, әшкерелеп отырып,
қалың бұқараға, шаруаға таптық жауларын танытып, таңбалап береді. Осы бағыты мен
еңбегі арқылы Абай өз табынан кеткен соң, еңбекші бұқара халыққа дос болып келеді.
Елінің осындай еңбекші көпшілігімен тілек, мұрат қосу Абайды шын бұқарашыл Абай
ететін ұлы жол болады. Осындайлық Абайға өз жақындарынан шыққан атқамінерлер мен
Оразбайлардың қатты жаулығы заңды нәрсе. Ол тарихи таптық қайшылық,
қарсылықтардың айғағы болатын.
Ел ішіндегі іс осыған келіп тірелген соң, кітап тәрбиесі, ой тәрбиесімен жаңа бағыт
ұстанармын деп жүрген ниетінің барлығы уақытша еріксіз бөгеліп, Абай тартыс,
жаулықтың ортасында қалады. Бұл уақытта Абай тоқтайын десе де, тоқтай алмас еді.
Өйткені өз кісілерін болыс қойып, жеңіп алған партияқорлар енді Құнанбай балаларынан
есесін алу керек. Жеңгендіктің жемісін тату керек. Жауласқан адамдардың үстінен арыз
беріп, әсіресе өздерінен сайланған болыс, бидің мөрін, приговорын пайдаланып, жауларын
қылмысты кісі қып көрсету керек. Мұның бәрі тынымсыз алыс, тоқтаусыз партия тартыс
болмай қоймайды. Сонымен, Абайдың ендігі алысы бас қорғаудың алысы болады. Ерік
өзіне тимей, тілесе де, тілемесе де алысу керек болады. Сонымен, бірнеше жылдар
түгелімен алыспен өтеді. Бірақ сол алысқа кіріссе де, осы жылдардың ішінде Абай
бірталай өлең шығарады. 1884-85 жылдар "Жасымда ғылым бар деп ескермедім",
"Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы" деген сияқты бір-екі өлеңді ғана туғызса, 1886 жыл
Абайдың нағыз ақындыққа шынымен бой беріп, кең үңіле бастағанын байқатады. Бұл
жылда 16-17 өлең туады. Абайдың осы күнге дейінгі басылымдарында "Халық туралы"
деп жүрген көп өлең бар. Сол өлеңдерінің ішінде:
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда? -
деген сияқты талай-талай сөздерден Күнту болыс болатын сайлаудың алыстағы сарыны
сезілгендей. Сонымен қатар бұл өлеңдерінің барлығы өзінің шын налыған күйін
аңғартады.
1882 жылдардан бастап, осы 85-86 жылдарда ол Пушкин, Лермонтовтан бірен-саран
өлеңдерді қазақшаға аударып та байқайды. Бірақ жоғарыда айтқан ретпен Күнту болыс
болып алған соң, Абайдың үстінен арыз, шағым ұлық кеңселеріне тағы топырлап түскен
еді.
Өз атаған кісісі болыс болған соң, рубасылары осы жылғы қолына тиген әкімшілікті әбден
пайдаланады. Сол ретпен өзіне ерген 400 үйді алып, Оразбай Шыңғыс болысынан бөлініп
шығып, Бұғылыға қосылады. Бұрын бұл бөлініп шығам дегенде, болыс боп отырған
Құнанбай балалары мөр, приговор бермей, өз ауқымынан шығармайтын. "Түбі жаулық