Page 216 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
216
Жоқ - барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, -
дейді.
Бұл кездегі Абайға ақындық үлкен қадірлі мағынасы бар, әлеуметтік қызмет, қоғамдық
зор еңбек боп танылады. Ол надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқты халық
үстіндегі паразит атқамінерлер мінезімен мықтап тұрып алысуға кіріседі. Абайды кейінгі
тарихқа және сол кездегі еңбек еліне, көпшілікке, саналы жастарға нағыз қадірлі Абай етіп
көрсететін еңбегі өркендейді. Өлең сөзін, поэзияны әлеуметтік тартыстың құралы етеді,
оны сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Зұлымдық, надандықпен кектене
алысады. Ендігі Абай ақын, ақындық мүддесі деген жайларға Белинский, Чернышевский,
Добролюбовтер айтқан эстетикалық тұрғыдан қарайды. Ақын еңбегі - әлеуметтік
тартыстың құралы, қоғамдағы мінді ашатын, соған өкім айтатын ұлы маңызы бар әрекет
деп түсінеді. Сол себепті өз заманындағы, қазақ қауымдарындағы мін атаулыны көзге
шұқып, басқа сабап айтады. 1886-87 жылдардан бастап Абай осындай өлеңдер туғызуға
кіріседі. Бұлайша өрлеуіне іштей себеп болған жайлардың барлығын мәлімдедік. Бірақ
осы жылдарда жаңағы айтылған күймен қатар, Абайдың ақындық еңбегіне сыртқы
өмірдің үлкен бөгеттері тағы араласады.
Құнанбай балаларының дәуірі ұзақ жүргендіктен, барлық Ырғызбай деген рудың ішінде
болысы да, болыс емесі де түгелімен бас мастыққа салынып, орынсыз жуандық, орайсыз
тентектік молаяды. Сонымен, ел арасындағы жалпы наразылық күшейеді. "Ырғызбаймын"
деу орынсыз зорлық, орынсыз тентектік, жуандыққа кепілсіз, шексіз берілген еркіндік
сияқты болады.
Осындай себептер жиылып келіп және рубасылардың тек жүре алмайтын пәле іздегіш
мінездері де себепші боп, Абайдың туыстары мен сол ел жуандарының екі арасынан зор
тың тартыс туады. Абайдың өз басы кінәсіз болса да, тек отырайын десе де, жау жағы да,
туыстар жағы да еркіне қоймайды. Жақындары пәлені бастап алып, салмағын Абайға әкеп
тастайды. Күншіл, кекшіл, арамза атқамінерлер де Абайдың ақтығына, жазықсыздығына
қарамай, көп арыз бен шағымда ылғи пәле басы қып Абайды атайды. Соны сүйрейді. Осы
мінезді бұрын Абайға жақынмын деп жүрген кісілер алдымен бастайды.
Бұрынғы дос болып жүрген Жиренше, Күнту сияқты сенген адамдары кетеді. Осылардың
ішіне Абайдың: "Күн ашықта мойныңда, күн жауында қойныңда" дейтін құнсыз бұзақы
ағайындарынан да қосылушы болады. Кісілік, әкімдік болса, оны таласпен алатын да
солар. Жаманшылық, бұзық мінездерінен ел бүлінгенде пәледен бас сауғалап қашатын да
солар. Өз мінездерімен Абай басына пәле әкеп тастайтын да осылар. Мысалы, Шыңғысқа
сол кезде болыс болып тұрған Ысқақ ойына келгенін істейді. Ел кісілерін жазықсыз
сабағыш болады. Болыстың әйелі Мәніке кез келген қостың семізін сұраусыз, тергеусіз
ұстатып алып, сойғызып жатады. Осындайлар бұларға жақын жүрген Жиренше,
Оразбайларды да түңілтеді.
Құнанбай тұсында елге зорлықты көп етіп байып, жуандап алған сотқар, бұзық Ырғызбай
тобы және әсіресе Құнанбайдың әмір иесі болған бала - інілері жалпы халыққа қорлығын
өткізгенде Абайды есепке алмайды. Оның қарсылығын, ашу, наразылығын елең
қылмайды. Қайта Абайдың өз басына бар жауынан бетер қастық еткен, қызғаныш,
жаманшылық ойлаған талай адамдары болады. Абайға сыртымен дос болған боп жүріп,
Оразбай, Жиреншелер де сол қиянатты оның басына көп істейді.
Мына тұста сол Оразбай, Жиренше, Күнту, Абыралы дегендер астыртын баталасып ап,
болыс боп жүрген Құнанбай баласын орнынан түсіріп, өз орталарынан Күнтуді болыс