Қазақстанның ашық кітапханасы
215
келеді. Елге пәле әкелуші емес, қоғамына пайдалы еңбек етерлік адамдар шығарғысы
келеді. Жас буынды мәдениетке жеткізуді ойлайды. Соларды өзіне қосарға алуға
тырысады.
Сонымен, көбінің өз тілектері бойынша, Абай жақын болып, кейбірімен сыйлас, таныс,
дос болады. Жалғыз Семей уезі емес, Қарқаралы, Өскемен, Аягөз айналасының дұрыс
деген адамдарымен де жақындық таба бастайды. Өзінің атағы бір Тобықты емес, сан
Тобықтыдай елдерге жетеді. Ол әмір жүргізуші жуандардың барлық іс-әрекетіне
бұрынғыдан да өткір, қатал сынмен қарауды күшейтеді. Ел жайына, ел ортасындағы өз
жайына болса да қанағат қылмайтын, заманынан озғын ойларды ойлай бастайды.
Абай енді тентек - тебіздік, ұрлық - қарлық, алыс - жұлыс сияқты теріс мінездердің
барлығы атқамінер тобына түгел жайылған мін екенін айта жүреді. Сол терістіктерді
түзететін қатал тез болғысы келеді. Ұғарлық, ойланарлық санасы бар-ау деген кісілерге
өсиет, ақыл айтып, ұстаздық етеді. Сонымен, енді Абай өз ортасының ақылды, ақылшы
басшысы бола бастайды. Осы соңғы мақсатқа қарай ауысуына кітап жүзінен алған пікір,
тәрбиесі және қосымша себеп болады. Сонымен қатар ауысып, өзгеріп келе жатқан заман
жайындағы өзінің ойлаған ойы, жаңа бағыт түсініктері әсіресе себеп болады.
Өз айтуынша, отыздың ішінен бастап орыс оқымыстыларының көп кітаптарын оқып,
қырыққа таман келген уақытта бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгерді.
"Күншығысым - күнбатыс, күнбатысым - күншығыс болып кетті", - дейді. Әрине, оның
мұндағы күнбатысы - өзі тілін, өнерін үйренген Россия. Абай әрбір жақсы сөзді
оқығанның артынан соның ағымына ақыл-оймен терең бойлайтын әдеттер табады.
Мәселен, Будданың жайын оқып шыққанның артынан: "Будданың сөзі қалай терең еді,
жасымда кез келмеді - ау!" - дегені, не болмаса өмір бойы Лермонтовты сүйіп: "Бұл -
махаббатқа уланған шын ақын, махаббатын улаған - ашу"-деген сияқты сөздері оның әр
алуан кең түсініктерге ие бола бастағанын көрсетеді. Исләмшілдік, схоластикалық
тұсаулардан арылғаны көрінеді. Сол сияқты өзгерген сана, жаңғырған ұғым, бағыт
бойынша Абай өзі мінеген ру, партия тартысынан да арылып шығуға тырысады. Бірақ
ортасы мен айналасы Абайды бұдан түгел босатпайды. Еркін өзіне билетпейді.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ...
Болмаса:
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме,-
дейді. Ақыл айтады, сөгеді. Көппен бірге өз мінін де теріп, өзін де жазалайды. Бірақ ем
болмайды.
Осыдан соң сыртқы өмір бұның ырқына көнбей, қайта өзінің билігіне еріксіз көндіріп, ескі
жолға қайта тарта берген соң, Абайдың арманы мен күнделік тірлігінде көп қайшылықтар
кездесіп отырады. Бір жағынан, бұрынғы күйге үйлескісі келмей, заманынан, ортасынан
озып шығып, сыншы, ұстаз, ақын, данышпан болуға айналған Абайды көреміз. Екінші
жағынан, күндегі өмірдің талқысы мен шырмауынан шыға алмаған, содан азап шегіп,
қиналған Абай көрінеді. Абайдың сыртқы өмірі жеміссіз, мағынасыз болса, оған өз ішінде
толып жатқан қарсылық бар. Өз халқының неше алуан қамы туралы ойына жиылған улы
зар, үлкен мұң, қалың арман бар.
Сонымен, енді Абайдың нағыз өнімді ақындығы дами береді.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,