Қазақстанның ашық кітапханасы
214
Абай енді Семей қаласының құр төрелікке мәз болған ұлықтарынан мүлде басқаша
ортаны тапты. Олар — патшалық үкіметінің Сібірге жер аударған әр алуан саясат
қайраткерлері. Ертеректе Қазақстанның батыс жағына Шевченко айдалып келгенде, Омбы
сияқты қалаға жазушы Ф.М.Достоевский сияқты талай адам келген. Бұлардың ішінде
Буташевич - Петрашевскийдің өзі, Дуров сияқты ірі адамдар болған. Революционер-
демократтардан Чернышевскийдің талай серіктері келеді. Абаймен жақындасып,
достасқан Михаэлис осы соңғы топтан шыққан. Ұлы орыс халқының осылар сияқты адал,
бұқарашыл ұлдарының бәрінің жүрегінде патшалық дегенге өштік пен жиреніші аса күшті
еді. Каторгада, айдауда, еріксіз солдаттыққа жүрген күндерінің бәрінде де олар орыстың
қалың бұқарасы, қара шаруасының құлдық - қорлық халін патшалыққа кешпейтін.
Сонымен қатар олар Сібірде, Қазақстанда патшалық езіп жүрген барлық бұратана елдерге
үлкен достықпен, зор бауырмалдықпен қараушы еді.
Чернышевский болса, Россиядағы сияқты дүние жүзіндегі барлық қанауға, құлдық
қорлыққа қаны қас болғандықтан, поляк халқының патшаға қарсы алысуына тілеулес
болғанындай, Америка халқының азаттық күресіне көп көңіл бөліп, ондағы негрлердің
көтерілісі болса екен деп те тілеген адам еді. Өз айналасындағы дос серігінің көбін
патшалықпен қиян-кескі тартысқа, қолма-қол алысқа әзірлеп тәрбиелеген. Патшалықты
құлатып, көзін жоюды өздерінің революциялық арманы, жолы етіп алған. Сол үшін, елі -
Отаны үшін өз бастарын, ой, күштерін ортаға салған орыс халқының адал ұлдары бұл
кезде көп еді. Осының бәрін анық ұғынған, анық байлаған бір жолы - патшалықпен
алысқанда езілген бұратана халықтар мен орыс халқын бір-біріне дос етіп, күштерін
біріктіру шарт дейтін. Ол революционерлер қазақ даласын қараңғылықта ұстаған, орыс
халқымен жаулықта ұстауға тырысқан, орыс мәдениетінен жырақтатып ұстаған саясатқа
да қарсы алысқан. Сондықтан орыс халқының айдауда жүрген шын адал ұлдары, бұрын
патшалықтан жиренумен өткен ой алыптары Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков -
Щедрин, Чернышевскийлермен Сібір, Қазақстан халықтарын таныс етеді. Ол халықтардан
шыққан ел қамқоры, саналы ұлдарының, азаматының бәрін жаңағы жазушылардың
еңбектерімен таныс ету айдаудағы революционер-демократтардың саяси үлкен жолының
бірі болады.
Абайға жолығып, онымен дос болған Михаэлистер ол күнде өздері жеке бастары Россияда
даңқы шыққан кісілер болмаса да, Абай сияқты кісілерге ала келген жаңалық пікірлерімен
қымбат болған өкілдер еді. Олар орыс халқының анық елдік сырын, шынын танытатын,
Ленин айтқан екінші Россияның алғашқы хабаршысы есепті. Бұлармен Абай достығының
осындайлық тарихи мағыналары бар. Ендеше, сол күнде осылар ниетіне ниет қосып,
еңбегіне еңбек жалғап, орыс халқының мәдениетіне, өз еліне өз шығармаларымен,
әлеуметтік еңбегімен, ұстаздық тәрбиесімен іс бастаған Абай бір қазақ халқы үшін емес,
бүкіл Россиядағы халықтық - демократтық қозғалысқа да зор еңбек еткен адам бола
бастайды.
Орыс ойшылдарының достығы бір Абай емес, сол арқылы бүкіл қазақ сахарасына
арналған достық боп ұлғайды. Абай енді өзінің қоғамдық, тарихтық жолын ұзақ өріске
қарай ұлғайтып алып кетеді. Өзі де ғылым зерттей бастайды. Сонымен, 1884 жылдары,
жасы қырыққа таман ілінгенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болады. Әр нәрсе
туралы ғылым - философияға сүйенген арнаулы көзқарасы, сыны бар қырағы, озғын
азамат болып, жекеленіп шыға бастайды.
Бұдан кейін Абай елге де білгіш, кемел, халық қайраткері болып танылады. Сырт елдердің
халық қамын ойлайтын кісілері де Абайдың атағын көп естіп, әңгіме мәжілісіне құмар
болады. Бұлардың ішінде әр алуан қоғамдық, шаруашылық жаңалықтарға бойсұнып
ойыса бастаған адамдар да бар еді. Абай өзі араласып жүрген ортасын өзгертіп, түзеткісі