Қазақстанның ашық кітапханасы
213
ойшылдары Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов еткен әсердің бәрін - Абай
өз бетімен, орыс классиктерін оқудан, жаңағы соңғы адамдардың еңбектерін зерттеуден
соң табады. Сондықтан Михаэлис, Долгополовтардың Абайға берген көмегін айтқанда,
оның шегін біліп айту керек. Бұлар, әсіресе Михаэлис, ақынның өз айтуы бойынша,
Абайдың жаңа ізденіп жүрген кезінде ең алғашқы түрде ғана көмекші болады. Бұрын
орыс мектебін көрмеген, отаршыл чиновниктерден басқа орыс интеллигенциясын
кездестірмеген Абайға Михаэлис алғашқы айдау жылдарында Ленин айтқан екінші Россия
мәдениетінің ең алғашқы хабаршысы есепті болады. Ақынның ең әуелгі іздену, қалыптасу
кезеңіндегі жол нұсқаушылары есепті.
Ал кейін орыс тілін еркін біліп, орыстың ұлы мәдениетін мол, терең тани бастаған кездегі
Абай озғын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен,
Чернышевский, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың өз мұраларынан өздігімен кең, терең
тәлім-тәрбие алады. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеуметтік көзқарасын тек
Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына және ұлы
даналарына қиянат сөз айтқан болар едік. Ал ақынның Михаэлис туралы үлкен алғыс сөз
айтқанына келсек, ол алғашқы адым жөніндегі қарыздарлығын жақсылап білдіргені.
Абайдың қазақтан басқа өзге ел адамдарымен танысуы жалғыз жоғарыда аталған
кісілермен бітпейді. Патшалық үкіметімен алысып, Сібірден қашқан Кавказ адамдарының
да бірнешеуі Абайды тапқаны бар. Бұлардың ішінде Тәштемірдің баласы деген адамды
Абай бір жыл қонақ етіп, күтіп аттандырған. Қазан татарынан шығып, солдаттан қашып,
ел ішіне келген Ғабитхан, Кішкене молда (Мұхамед кәрім) деген кісілер Абайдың
туысқаны сияқты болып, қазақтан әйел алып, біржола қазақ боп елде тұрып қалған.
Патшалық үкіметі бұл жөндерде Абайға қырын қарап, аулына бірнеше рет тінту
шығарған.
Жаңағы аталған Михаэлисті Абай өз өмірінің кейінгі шағында еске алып: "Дүниеге
көзімді ашқан кісі - Михаэлис" деген. Жоғарыда айтқандай, алғашқы басшылық істеп, бет
нұсқағандығы үшін осы алғысын айтып кеткен. Михаэлистің өзінің тексерген саласы
табиғат ғылымы болса да, әр тарау жолдардан мағлұматы болған мәдениетті адам. Абайға
алғашқы кезде қандай кітапты оқу туралы шынымен көп мәслихат, көмек берген. Бұрын
қолына түскеннің бәрін талғаусыз, ретсіз оқып жүрген Абай, бертіндегі оқуын
Михаэлистің ұсынысы бойынша үлкен тәртіпті ретке қойып, көркем әдебиет, сын,
философия, табиғат ғылымдары, әр алуан тарихтық кітаптарға шейін тарау - тарауымен,
жоспармен оқитын болған.
Орыстың белгілі ақын-жазушыларынан: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-
Щедрин, Некрасов; сыншыл, ойшыл демократтардан: Белинский, Герцен, Чернышевский,
Добролюбов; Еуропа ақындарынан: Гете, Байрон; философ білгіштерінен: Спенсер,
Спиноза, Луис, Дарвин, Дрепер сияқты талайларды оқыған.
Алғашқы кездерде оқығандарының көбі орыстың көркем әдебиеті мен сыны болу керек.
Көп заманға шейін қалада жатып, кейінірек талай кітаптарды қырға да алып шығып, елде
де қарастыратын болады. Еуропаның көпке мәлім романшыл прозаиктерін де оқыған.
Әрі-беріден соң кітаптарды өзі оқуымен қанағат қылмай, маңындағыларға әңгіме қылып
айтып отыруды әдет ете бастайды. Сол 35-40 жастың арасында өзі кітап қарастыра
бастауымен қатар, екінші баласы Әбдірахманды Семей қаласындағы уездік школаға оқуға
береді. Бұл баласы кейін өндіріп ұзақ оқып кетеді. Артынан, біраз жылдан соң үшінші
баласы Мағауияны да, әйел баласы Күлбәданды да әкеп, орыс школына береді.