Page 212 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
212
жастық дағдысымен жазған хат есепті. Бұл соңғы жайын жоғарыда айттық. Сыршыл,
шебер үлгіде Тоғжанға арнап "Ақ етің аппақ екен атқан таңдай" деген бір өлеңі болған
екен. Бірақ ол шығармасын түгел білетін кісі кездеспеді.
Күлкі мен қалжың қылып айтқан өлеңді Абай бала күнінен бастаған. 12 жасында бір
жолаушы қатынға айтты деген бір ауыз өлең бұған дәлел. Сол уақытта - ақ мінегіш,
мысқылшыл кішкене Абай болашақ үлкен сатирик Абайды танытқандай. Кейін айтатын
сатиралық өлеңнің барлығы да осы бетпен өседі. Осымен әр жылда, әр жерде, кейде
ұзақтау болса, кейде бірер ауыз ғана әр тақырыпты өлеңдер айтып, жазып жүріп, Абай
жаңағы ел жуандарын жеңген жылдарға келеді. Бұл уақытта ол есті, бағалы кісі атанып,
айтқаны кімге болса да бұлды боларлық дәрежеге жетеді. Болыс болып басқалар жүрсе,
Абай елдің ішіндегі әділдікті, тура жолды бағатын кісі болады. Шын ел қамқоры болған
адамгершілік, кісілік тұтқасы Абай болады. Қалың елдің момын көпшілігінен шыққан дос
атаулы да Абай басына үйіріледі. Ел ортасының дау-шарын сол бұқара көпшіліктің тілегі
бойынша кейде өзі атқарып, өзі басқарады.
Бұрынғы атқамінердің парақорлық, өз жағына бұрғыштық, әділетсіздік мінездерінің
бәрінен ол аулақ болып, барынша әділ, әсіресе момын бұқараға дос, зорлықшыл пәлеқорға
қас, турашыл болуға тырысады. Өз заманына бұл жағынан үлгі, ұстаз болғысы келеді.
Осымен қатар енді жыл санап ілім - білім табуға беттей береді. Жасы отыздан асқан соң,
бұрынғы азды-көпті білімін есіне түсіріп, орыс кітабын мықтап оқиды. Едәуір тіл біліп
алған соң, енді көп нәрлі кітаптар оқуға кіріседі. Содан біраз жыл өткенде Абайдың
күндегі өмірінде үлкен орынды тек кітап алады. Кітапты белгілі, жүйелі тәртіппен
оқымаса да, жақсы ақын, жазушылардың сөздеріне құмарланып, шетінен таныса береді.
Әдейі қала кітапханасының кітаптары үшін Семейде қысқы айларда ұзақ жатып алатын
болып, өз-өзінен ізденіп, қармана бастайды. Осымен 35-36 жастардың шамасында кітап
қарастырудың жолында жүріп, Абай 1870 жылдарда Петербургтен айдалып келген
революционер жас Михаэлис деген кісімен таныс болады. Михаэлис Петербург
университетінің студенті болып жүрген күнінде айдалған. Атақты Чернышевскийдің
жақын танысының бірі. Және сол кездегі демократ - революционер Шелгуновтың туысы
(балдызы) еді.
Сол Михаэлис Семейдің кітапханасынан Толстойдың кітабын сұрап тұрған Абайды
көреді. Танысады. Басында кітапханада кездесіп жүріп, артынан жақын таныс, достас
адамдардың халіне жетіседі.
Михаэлис осы келгеннен бастап Семей облысынан қайта алмай, қырық жыл тұрып, сол
жақта өлген. Әуелгі кезде Семейдің өзінде тұрып, артынан Өскемен қаласын мекен еткен.
Міне, осы уақыттардың барлығында ол алғашқы рет таныс болып алған Абаймен ұдайы
кездесіп немесе хатпен хабарласып тұрған. Аздан соң Михаэлис арқылы Абай 1880
жылдарда айдалған басқа демократтармен де танысқан. Соның ішінде жас доктор
Долгополов, Леонтьев сияқтылар болған. Осылардың кейбіреулері Абайдың аулына
қонаққа барып, досы болады. Рас, Михаэлис, Долгополовтар әуелде бірі Петербургтен,
бірі Харьковтан айдалған шағында революциялық әрекеттерімен, патшалыққа қарсылық
істерімен айдалса да, кейін Сібірдегі кездерінде ол програмдарымен көрінбейді. Михаэлис
чиновниктік аппараттарда момын ағартушы, зерттеушілік істерге беріледі. Долгополов
айдау орнын ауыстырып, Қазанға қайтқан соң, саяси бағыт жөнінде сан түрлі өзгеріске
түседі. Бертін келе Россиядағы күшейіп өскен революция жолына, шалғай әрекетке де
кетеді.
Ленин қатты сынап-мінеген халықшылдықта жүріп, содан ары кертартпа партия - әсерлер
тобынан шығады. Сондықтан Абайға ұлы орыс халқының бұқарашыл - революционер,