Page 211 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
211
көп шағымдардың ең бір үлкені осылай боп шығады. Сол тергеулердің тұсында Абай
ұлық атаулының талайын көріп, барлығымен де әлденеше халде кездескен болады.
Ұлық алдында жұмысты болу бір ғана ұлықтың өзі емес, сол кездің көп-көп адвокат,
тілмаш сияқтыларын да кездестіру керек. Соның барлығымен араласу көп нәрсеге көзін
қандырып, Абайға заң-закон дегендерді білдіру керек. Әрине, осымен қатар орыс тілін
білу, дүниені басқаша, жаңашатану Абайға жаңа міндет сияқтанады.
Қыр тартысын ұлық пен закон шеңберіне қай жағынан әкеп сыйғызуға болады? Ұлықпен
қалай арбасуға болады?
Осының бәрі Абайдың түгел ұғынып, толық білуіне қажет нәрселер сияқты көрінеді. Ел
ортасында жетер өріс, алар нәр болса бәрін таныған, баураған Абай өзінің жүйрік сыншы
ақылымен енді бұрынғыға қанағат етпей, ілгері қарай дамуды, жаңа азық, нәр табуды
талап етеді. Арыз үшін, ұлық үшін емес, білім - тәлім, тәрбие үшін көксейді. Білсем,
жетсем деген зор тілек, үлкен талап пайда болады. Бұл үшін орыстың тілін білу керек.
Оқу, зерттеу, іздену керек.
Сонымен, алғаш рет орыстың тілін іздеп, оқу, білімін барынша құмартып көңіл бөлуді осы
кезден бастайды. Бұл уақытқа шейін Абайдың барлық орысша оқуы үш-ақ айлық сабақпен
біткен. Әрине, ол білім кейінгі күндерге Абайға азық болды деп айтуға болмайды.
Орысша жағынан іздену жаңағы істің тұсында басталады. Бірақ алғашқы жылдардағы
оқуы үнемі салынып ізденген іс емес. Қалада болған уақытта оқта-текте қарастырады.
Орыс тілін, әдебиетін бұрын өздігімен зер салып қарастырып жүрген Абай мына
сергелдең кездерінде Семейде ұзақ жатып жүріп, бұрынғыдан да тереңдеп, зерлеп,
молынан ұғына бастайды. Ел ортасында жетер өріс, алар нәр болса, бәрін таныған,
баураған талапкер өзінің жүйрік, сыншы ақылымен енді бұрынғыға қанағат етпей, ілгері
қарай дамуды, жаңа азық, нәр табуды талап етеді. Арыз үшін, ұлық үшін емес, білім -
тәлім, тәрбие үшін көксейді. Білсем, жетсем деген зор тілек, үлкен талап пайда болады.
Бұл үшін орыстың өнерін білу керек, оқу, зерттеу, іздену керек. Жігіттік шағына дейін
Абайдың барлық орысша оқуы үш-ақ айлық сабақпен бітеді. Әрине, ол білім кейінгі
күндерге Абайға азық болады деп айтуға болмайды. Орысша жағынан іздену енді ғана
молынан басталады.
1877-1878 жылдың қысы жаңағыдай боп өтсе де, Абай ел жұмысынан босай алмайды. Құр
тергеуге іліндіргені болмаса, жаулары да жеңе алмайды. Бұрын дос тұтып жүрген ел әлі де
болса мұның қасында қалған. Бұл уақыттарда Абай қыр жұмысын әкесінің нұсқауымен
жүргізбейді, өз жанынан жаңалықтар тауып, сүйген жолдарын қолдана бастайды.
Абай әкесі қолданған бұрынғы қара күш орнына зорлықтың ешбірін де қолданбайды.
Жоғарыда әкесі тапқан мін көбінесе осы жағынан болу керек. Патшалық күшін Құнанбай
көп қолданса да, сонымен катар қыр жолымен, өз күшімен қол қимылын жұмсауы да аса
көп болған. Мысал үшін Қодарды өлтіруін еске алсақ болады. Абай өзінің турашыл,
әділетшіл мінезімен халыққа жағады. Сол арқылы қарсысындағы рубасыларды ең
алғашқы рет емін-еркін басып, жеңіп шығады.
Абай осы кезге дейін өзінің ақын екенін білсін - білмесін, бірақ өз басына "ақындық жол
екен", "еңбек қылатын кең өріс екен" деп білмеген. Тегінде, оның жас шағында айтқан ірі
өлеңдері аса көп болмау керек, оның орнына ұсақ жағы көп. Оны да үнемі қағазға жазбай,
кейде орайы келген жерлерде қалжың ретінде, ауызша айта жүрген. Қолға түскен бірен -
саранының айтылған себептерін қарасақ, көпшілігі біреуді қалжың қылған мысқыл, мазақ
аралас өлеңдер. Бұлардың бәрі де өлең қылған кісінің көзіне туралап сынап айтқан сөз
сияқты. Екінші түрлі өлеңдері - жігіттік шақтағы мінез, ой туралы және қыз-келіншекке